Ауылдағы кәсіп: алғашқы миллионға қол жеткізу оңай ма?
Жартылай дайын өнімдер қалада ғана емес, ауылда да сұранысқа ие. Мұны теріскейлік Қайсар және Нұрсұлу Темірболатовтар өз тәжірибелерімен дәлелдеді. Еңбекқор отбасы Ақжар ауданының орталығында қайта өңдеу цехын іске қосты.
– Көпшіліктің көкейіндегі сауалды қойдыңыз. Жауабымыз нақты: еш өкінбейміз. Біз Ақжар ауданының орталығы Талшықта тұрамыз. Ауылда 4 мыңға жуық адам тұрады. Жергілікті тұрғындар арасында кәсіпкерлік жақсы дамыған. Өз басым саудамен айналыстым. Бірнеше жыл бойы текстиль өнімдерін сатып, күнделікті нәпақамды таптым. Менің жұбайым Қайсардың қолы шебер. Ол – құрылысшы. Тұрғын үйлерді әрлеу, күрделі әрі заманауи жөндеу жұмыстарын тапсырыс бойынша жүргізді. Отбасымыздың еншісіне түскен кіріс көңіл көншітерлік. Бірақ біз үшін тұрақтылық маңызды.
Келісіп пішкен тон келте болмас. Жұбайым екеуіміз ақылдасып, жеке кәсіп ашуды ұйғардық. Жартылай дайын фабрикаттарды нарыққа ұсыну шешімі кездейсоқ емес. Мұндай өндіріс біздің ауданда және көрші елді мекендерде жоқтың қасы әрі тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Бірақ көпшілік біздің шешімге күмәндана қарады. Қыл аяғы одан бас тарту қажеттігін алға тартты. «Ауыл тұрғындары тұшпара мен субүйрек сатып алмайды», «өндіріс тиімсіз болады», «жұмсалған қаржы ақталмайды» деген пікірлер айтылды. Десек те тәуекелге бел будық. Бүгінде басқан қадамымыз дұрыс екендігіне өзіміздің және өзгенің көзі жетті.
– Кәсіп ашу үшін қосымша білім алған жөн бе?
– Сөзіңіздің жаны бар. Кәсіпкерліктің өзіндік қыр- сыры бар. Оның негіздерін білген абзал, әлбетте. Менің жұбайым «Bastau Бизнес» жобасы бойынша бір ай бойы білімін шыңдады. Дәріс оқығандар оған бағыт-бағдар берді. Кез келген кәсіпті дөңгелетудің қағидалары түртіп алынды. Ең бастысы өзіңе деген сенімділік артты.
– Өнімдерді дайындаудың өзіндік ерекшелігі не сыры бар ма?
– Біріншіден, біздің өнімнің басты ерекшелігі – дәмі әрі дайындау жолы үйдегідей. Тек табиғи өнімдер қолданылады. Жұмыртқа ұнтағын пайдаланбаймыз. Әдеттегі тауықтың жұмыртқасы кәдеге жаратылады. Қамыр, тартылған ет, езілген картоп – барлығы үйдегі әдіспен дайындалады. Ешбір қоспасыз.
Екіншіден, тұшпара мен субүйрек әзірлеу тек қол еңбегіне ғана негізделген. Арнайы құрал-жабдықтар бар. Бірақ автоматтандырылған құрылғылардан шыққан өнім қолмен жасалғанға татымайды.
– Батыл қадам. Қолдарыңыз талатын болар?
– Жоқ. Керісінше қолдың бұлшық еттеріне пайдалы емес пе?! Өмір – бұл қозғалыс. Автоматтандырылған құрылғыны қадағалаудан гөрі өзім жасауды құп көремін. Біз цехқа 2 адамды жұмысқа қабылдадық. Әрқайсысының жалақысы – 40 мың теңге. Жұмыс күні таңғы сағат 9-дан басталып, кешкі 19.00-де аяқталады. Әр адамның өзінің міндеті бар. Қамырды өзім илеймін. Кейін үшеуіміз бірге тұшпара мен сүбүйрек әзірлейміз. Күніне 3 адам 13-17 келі өнім дайындайды. Меніңше, бұл – орташа көрсеткіш.
Цех біздің үйімізге жанама салынған. Оны 4-ке бөлдік: өнімді әзірлейтін, оны сақтайтын және ыдыстарды жуатын орындар бөлек. Сақтау талаптары да қатаң сақталады. 3 мұздатқыш бар. Олар етке, дайын өнімді қатыруға, орамадағы тұшпара мен субүйрекке арналған. Барлығы техникалық талаптарға сәйкес келеді.
– Өнімге сұраныс бар ма?
– Біз үшін сан емес, сапа маңызды. Адал өнім әрдайым сұранысқа ие екендігі белгілі. Әзірге тұтынушыларға өнімнің екі түрі ұсынылған: тұшпара және сүбүйрек. Көбіне дүкендердің және тұрғындардың тапсырысы бойынша әзір- ленеді. Әзірге барлығын дер кезінде жасауға үлгереміз. Талшықта 8, Қызылтуда 5 дүкенге жеткізіледі. Біздің ауыл тұрғындары ғана емес, көршілес Уәлиханов ауданы да өнімдерімізді сатып алады. Әдетте кешкісін жұмыстан шыққан адамдар бізге бет алады. Тұрақты тұтынушыларымыз да бар. Олардың сенімін ақтауға тырысамыз. Біздің цехта әзірленген өнімдерді кері қайтарып беру жағдайлары орын алған жоқ. Керісінше, біздің өнімдер сауда сөрелерінде өз тұтынушысын ұзақ күтпейді.
– Тұрғындар өнімнің сапасымен қатар оның бағасына да мән беретін болар.
– Әлбетте. Өнім құны тұрғындар үшін қолжетімді болуы тиіс. Ауылда табыс деңгейі жоғары емес екендігі белгілі. Сондықтан бағаны белгілеу кезінде қарапайым тұрғындардың тұрмыс жағдайын ескерген абзал. Бізде тұшпараның келісі 1000 теңге, сүбүйрек 500 теңге тұрады.
Жартылай дайын өнім қаптамамен әлде өлшеніп сатыла ма деген сауал туындауы мүмкін. Әзірленген тұшпара мен субүйректі әуелі қатырып, кейін орамаларға саламыз. Әрбіреуіне техникалық талаптарға сәйкес жазуы бар қағаздар жапсырылады. Салмағы әртүрлі: 900 гр және 450 гр. 18 градуста 30 тәулік сақталады.
– Жартылай дайын өнімге қажетті ет пен картоп- ке қарық боларсыздар?
– Шикізат бойынша ешбір қиындық туындамайды. Ауылдағы азық-түлік өнімдері сапалы әрі табиғи екендігі белгілі. Біз тұшпараға қажетті етті жергілікті шаруа қожалығынан сатып аламыз. Цехқа ай сайын 200 келіге дейін ет жеткізіледі. Жазда баға 100-200 теңгеге төмен. Қазір бір келі еттің құны – 1200-1300 теңге. Бірақ маусымдық өзгерістер дайын өнімнің құнына еш әсер етпейді.
Алдағы уақытта еттің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін тағы бір шаруа қожалығымен келісім жасауды жоспарлап отырмыз. Оның арқасында әзірленетін өнім түрлері көбейтіледі: тефтели, манты, котлета.
– Өндіріс қаншалықты тиімді? Түсетін табыс шығынның орнын толтыра ма?
– Егер кәсіп кіріске кенелтпесе, онымен айналысудың қажеті бар ма? Кез келген адам жұмсаған қаржысы мен еңбегінің ақталуына мүдделі. Түсетін табыс көлемі көңіл көншітеді. Бірақ әзірге оның дені несиені өтеуге бағытталады. Ісімізді бастауға «Bastau Бизнес» жобасы бойынша 1 миллион теңгеден астам қаржы берілді. Оны қайтарған соң, түскен кіріс те көбірек сезіледі.
– Әдетте өндіріс ұлғайса, оны жеткізу аумағы да кеңейеді.
– Дөп бастыңыз. Алдағы уақытта көршілес аудандарды нысанаға алуды жоспарлап отырмыз. Біздің өнімнің дәмі олардың көңілінен шығады деген үміттемін. Сонымен бірге біздің аудандағы Ленинградское деген секілді үлкен ауылдар да назарсыз қалмайды.
– Тұшымды әңгімеңізге және риясыз көңіліңізге алғыс білдіремін. Ісіңіз өрге бассын!
Венера Мұстафина
17.12.2018 ж. мақала