Елордалықтардың тәбеті қандай?

Елордалықтар отандық азықүлік өнімдеріне қарық па? Сұраныс толық қамтамасыз етілген бе? Тауар өндірушілер өз өнімдерін бас қалада делдалсыз әрі тікелей сату үшін жағдай жасалған ба? Бұл сауалдарды тергіштеген атқамінерлер Астана айналасындағы азықүлік белдеуін қалыптастыру жол картасын жаңартуға бекінген.

Фото: ©RitaE / pixabay.com
Фото: ©RitaE / pixabay.com

Жаңа мәртебе

Құжатқа енгізілген жаңа ұғым – «Аста­на айналасындағы азық-түлік белдеуінің қатысушысы». Аталмыш мәртебені елі­міздің кез келген өңіріндегі ауылшару­ашылық тауар өндіруші иеленуі мүмкін. Бұл өз кезегінде оларға не береді деген сауал туындауы мүмкін.Құзырлы мини­стрлік өкілдерінің уәжіне сенсек, ұта­тын тұстар мен артықшылық бар. «ҚазА­гро» АҚ-ның институттары қаржылан­дыру барысында аталған мәртебесі бар тауар өндірушілерге басымдық береді. Сонымен бірге кепілдендірілген өткізу нарығына жол ашылады. Тек тауар өнді­руші бірінші кезекті өз міндеттерін орын­дауы шарт.

Жаңартылған Жол картасы 3 жылды қамтиды. Осы уақыт аралығында елор­далықтардың дастарханындағы табиғи әрі сапалы өнімнің түрлері мен көлемі еселенбек. 2020 жылы Ақмола облысын­да ет өңдеу кешені бой көтермек. Жыл­дық қуаттылығы – 5 мың тонна. Ет өнімде­рімен қатар ақтың молшылығы нысанаға алынған. Өңдеу кәсіпорындары толық қуаттылықта жұмыс істемейтіні белгілі. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірін­ші орынбасары Арман Евниевтің сөзін­ше, олар орташа алғанда 50-60% жүктел­ген. Енді сүт өңдеу зауыттары шикізаттан тарықпайды. 2020-2021 жылдары 16 тау­арлы сүт фермасы іске қосылмақ. Оның 5-уі Ақмола облысында, 11-і Қараған­ды облысында орналасады. Ал тапшы көкөністің түрлерін өсіру үшін суармалы жерлер қалпына келтіріледі деп күтілуде.

Өнім өндірумен және оны өңдеумен қатар, өткізу нарығы бойынша қам-қа­рекеттер қолға алынбақ. Делдалдар­дың қитұрқы әрекеттеріне жол беріл­мейді. Өнім өндірушілер үшін көтерме нарыққа шығу мүмкіндігі ашылмақ. Аста­нада сауда-логистика инфрақұрылымын дамыту үшін көтерме-үлестіру орталығы тұрғызылады. Нысан Қарағанды-Аста­на тас жолының бойында салынады деп күтілуде.

– Астананың айналасында азық-түлік белдеуіне қалыптастыру жөніндегі жол карта 2017 жылы қабылданған. 2 жылды қамтитын құжат аясында негізгі міндет­тер орындалды. Жол картасын өзектенді­ру туралы шешім қабылданды. Онда жаңа міндеттер және индикаторлар белгіленді, – деп атап өтті Арман Қайратұлы.

Сұраныс пен ұсыныс: теңгерім бар ма?

Елордалықтар жылына 862 мың тонна немесе 350 миллиард теңгеге жуық негіз­гі азық-түлік өнімдерін тұтынады. Оның 22% жергілікті өңдеу кәсіпорындарының, 31%-ы Астана айналасындағы азық-түлік белдеуі, қалған 47 %-ы еліміздің басқа өңі­рлерінен келетін өнім және импорт есебі­нен қамтамасыз етіледі.

Бас қаланың тізгінін ұстаған Бақыт Сұлтановтың алға тартқан дәйектерін тергіштеп көрелік. Оның сөзіне сүйен­сек, Астана қаласында 56 өңдеу кәсіп- орны бар. Өткен жылы қосымша үшеуі іске қосылды: біріншісі – жылдам тамақ өнімдерін шығаратын комбинат, екін­шісі – тамақ өнімдерін өндіретін көпса­лалы кешен, көкөніс сақтайтын қойма­лар, логистикалық орталық, үшіншісі – ұн, макарон, нан-тоқаш өнімдерін шығара­тын зауыт. Биылғы 9 ай ішінде қала кәсі­порындары 200 мың тоннаға жуық өнім өндірген.

Ауылшаруашылық жәрмеңкелер игі дәстүрге айналған. Олар тек қала дең­гейінде ғана өткізілмейді. Жылда өңірлер­ден тауар керуені бас қалаға ағылады. Елордалықтарға аптаның демалыс күнде­рі белгілі бір облыстан келген тауар өнді­рушілерден өнімді тікелей сатып алды. Әр аймақ күзгі жиын-терімнің нәтиже­сін паш етіп, астаналықтарға өз өнімде­рін ұсынды. Биылғы маусым айынан бері 17 жәрмеңке өткізіліп, құны 2 млрд тең­гені құрайтын 7 286 тонна өнім сатылған.

– Қала бойынша азық-түлік, көкөніс пен жеміс-жидек сату үшін 157 модуль­дік сауда алаңы орнатылды. Сонымен бірге «Шапағат» коммуналдық базарын­да 60 тауар өндіруші өз өнімдерін тікелей сатуда. Сонымен қатар қала аумағында 8 сауда-логистикалық орталық, 8 көкөніс қоймасы және бір жылыжай жұмыс істей­ді, – деп атап өтті Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов.

Қала халқының саны жыл санап артқан­дықтан, азық-түлік өнімдеріне деген сұраныс та еселенетіні белгілі.

Қос өңірден өнім тұрақты жеткізіледі

Астана айналасындағы азық-түлік бел­деуге Ақмола облысының 17 ауданы және Қарағанды облысының 4 ауданы кірді. Бүгінде қос өңірде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2017 жылы Ақмо­ла облысында 36 сүт қабылдау бекеті, 56 отбасылық бордақылау алаңы және мал сою бекеті құрылған. Енді көкшета­улықтар өз өнімдерін өткізу үшін Астана қаласындағы сауда нүктелерінің желісін кеңейтуді қолға алған. Бүгінде елордада Ақмола облысының 1 мыңнан астам тау­ар өндірушісінің өнімі ұсынылған 44 сау­да нүктесі, AQMOL сауда желісінің 4 дүке­ні ашылған.

– Аталған сауда нүктелерінде жыл басынан бері 237 миллион теңгеге өнім сатылды. Астанаға жеткізілетін тауар көлемі жыл санап артуда. 2017 жылмен салыстырғанда биылғы 9 айда бас қалаға жол тартқан сүт өнімдері 12%, ет өнімдері 11%, тағамдық жұмыртқа 18% артты. Енді суармалы жерлердің аумағын 2 есе арт­тырып, 30 мың га жеткізу жоспарланып отыр, – деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин.

Қарағандылық тауар өндірушілер Аста­наға жыл басынан бері 57 мың тонна өнім жеткізді. Бұл көрсеткішті жыл соңы­на дейін 66 мың тоннаға жеткізу жоспар­ланған. Бүгінде Астана айналасындағы азық-түлік белдеуіне кіретін аудандарда 20 инвестициялық жоба жүзеге асырылу­да. Бұл өз кезегінде өңдеу кәсіпорын­дарының жүктемесін 8 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

– Қарағанды қаласында тауар айналымы 200 мың тоннаға дейін көтерме-тара­ту орталығының құрылысы жүргізілуде. Бірінші кезегі биылғы желтоқсанда іске қосылады. Бұл – сыйымдылығы 12 мың тонна ет пен көкөніс сақтайтын климат­тық қойма, 4 мың тонна бакалея қоймасы, сонымен қатар контейнерлер мен кросс- дог. Бұл жоба оңтүстік өңірлерден келген өнім көлемін арттырып, Астана қаласына делдалсыз әрі өндіруші бағасымен сатуға мүмкіндік береді, – деп мәселенің мәнін Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қоша­нов тергіштеді.

Қрағандылықтар 2021 жылға дейін 2800 га суармалы жерді игеруді жоспарлап отыр. Онда 28 мың тонна картоп, 16 мың тонна көкөніс өсіру көзделген.

Венера Мұстафина

26.11.2018 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы