Қаладан ауылға: ынтасы бар адам кәсіптің көзін табады

Жастар мал бағудан ат тонын ала қашады. Тынымсыз еңбекті қажет ететін ата кәсіп бүгінде кейінгі толқын арасында «сән» емес. Олар ауылдың күйбең тірлігінен гөрі қайнаған қала өміріне ұмтылады. Аға толқынның бұл пікірін Руслан Тәжібаев қостамайды. Оны қарағандылық жас сөзімен емес, нақты ісімен дәлелдеді. Бүгінде қолындағы мал басын өсіріп, маңдай терімен нәпақасын тауып отыр. Қарапайым ауылда тұрып, айына 300 мың теңге қалай табуға болады? Өзінің табысы және алғашқы қадамдары жай­лы Руслан арнайы сұхбат барысында кеңінен баяндады.

Руслан Тәжібаев
Руслан Тәжібаев

Тұмсық – Қарағанды облысының Шет ауданындағы шағын ауылдардың бірі. Онда бүгінде 22 үй түтін түтетіп отыр. Тұрғындардың бірі бастауыш мектеп­те еңбек етеді, екіншілері үшін басты кіріс көзі – ата кәсіп. Олар көбіне мал мен құс өсіріп, күнделікті нәпақасын айырады. Ауылда мал шаруашылығы­на ден қойған 4-5 отбасы бар. Олар­дың арасында табындағы мал басы 100- ден асқан шаруашылықтар да жоқ емес. Ауылдастарының жолын Руслан Тәжі­баев жалғауды ұйғарды. Ол 9 жыл бойы облыс орталығы Қарағандыда тұрған. Мамандығы – тіс дәрігері. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмамдап, бір­неше ай бойы өзінің кәсібі бойынша еңбек етті. Бірақ ауылдағы ата-анасына қолқа­нат болу үшін туған елдімекеніне орал­ды. 35 жастағы жігіт өз күшімен қолдағы мал басын көбейтуге тырысқан, бірақ қар­жының жетіспеушілігі қолбайлау болған. Десек те оған талапты жігіт мойымаған.

– Руслан, көпшілік ауылда жұмыс жоқ деп қынжылады. Ал мал шару­ашылығының бейнеті көп, зейнетін бірден сезіну қиын екендігін алға тар­тады. Ал сіз қалай ойлайсыз?

– Кез келген кәсіптің қиындығы мен қызығы бар. Жеңіл жұмыс жоқ. Маңдай тер қашанда тәтті әрі табысқа жетелейді. Қалада да, ауылда да екі қолға бір күрек табуға болады. Жеке кәсіппен айналысуға да мүмкіндік бар. Тек қапы қалмай, қам-қа­рекетке кірісу қажет. Қазақта «талап қыл­май мұратқа жетпес» деген жақсы аталы сөз бар. Бойыңда ынта мен ықылас болса, көздеген мақсатыңа қол жеткізесің. Оған менің де көзім жетті. Бастапқыда қаладан ауылға көшіп келген соң, мал басын көбей­ту оңайға соқпады. Бар гәп тек ақшаға тірелмейді. Қосымша білімнің қажеттігі де сезілді. Сәті түсіп, 2017 жылы «Бастау бизнес» жобасына қатысушылардың бірі атандым. Бір ай кәсіпкерлік пен марке­тингтің негіздерін ойға тоқып, бойға сіңір­дік. Бізге дәріс оқыған Райхангүл Абраева кәсіпкерлік жоспарды жазуға және қар­жыландыруға қажетті құжаттарды жина­уға қол ұшын созды. Жобамды арнайы комиссия алдында қорғап шықтым. Оның арқасында 3 млн теңге көлемінде шағын несие берілді. Қаржыны мал басын көбей­туге жұмсадым. Жақын маңдағы ауылдар­дан 10 сиыр және қазақтың ақбас тұқым­ды бұқасын сатып алдым. Аналық мал­дың бағасы әр түрлі: 210-230 мың тең­ге аралығында. Ал асыл тұқымды бұқа 350 мың теңге тұрады. Қолдағы кәрі мал­ды торпақ пен тайыншаға ауыстырдым. Биыл сатып алған сиырлар төл берді. Енді қолымдағы ірі қараның саны 44-ке жетті.

– Мал шаруашылығы бірден қомақты кіріске кенелтпейтіні хақ. Себебі оның санын көбейту, өнімділігін көтеру нақты уақытты және қажыр­лы еңбекті талап етеді. Бірақ күнде­лікті сауыннан жиналған сүттің өзі отбасылық бюджетті толықтыруға мүмкіндік беріп отыр. Осындайда «қимылдаған қыр асады» деген аталы сөз ойға оралады.

– Дөп бастыңыз. Біздің ауылда көп­шілікке белгілі «Нәтиже» сүт фабри­касының салқындататын аппараттары орналасқан. Оған күнделікті жиналған ақты апарып құямыз. Сүттің бір литрі үшін 71 теңге беріледі. Біз айына 5-6 мың тон­на сүт тапсырамыз. Орташа алғанда одан 300 мың теңге көлемінде кіріс бұйырады. Ауыл тұрғыны үшін бұл – жақсы табыс көлемі. Оған да шүкіршілік етеміз. Сауын сиырлардың саны 20-ға жуықтайды. Сон­дықтан қол күшіне емес, арнайы сауын аппаратына иек артылады. Құрылғы арқасында бұл жұмыс жедел әрі сапалы атқарылады.

– Бүгінде қала тұрғындары кофе ішу­ді сәнге айналдырса, ауылдарда біздің ұлттық сусынға сұраныс жоғары. Бие байлап, қымыз сапыруды да оң жолға қойдыңыз ба?

– Сөзіңіздің жаны бар. Қымыздың емдік қасиеті бір төбе. Тек өзіміз дұрыс кәде­ге жарата алмайтынымыз көңілге қаяу түсіреді. Ауылдың қымызы таза, ешбір қоспасыз. Біз күнде 4 биені сауамыз. Қымызды көбіне Ақсу-Аюлы елдімекені­нің тұрғындары сатып алады. Бүгінде өзі­міздің клиенттеріміз бар. Оларға сапалы өнім жеткізіп, сенімдерін ақтауға тыры­самыз.

– Талпынысыңыз құптарлық. Бар­лық шаруаны өзіңіз атқаруға үлгере­сіз бе?

– Әзірге барлық жұмыстарға отбасым қолғабыс етеді. Барлығымыз жұмылып, мал басын көбейтуге кірістік. Мен табын­ды ауылдың малынан бөлек бағамын. Бақташы табудың өзі қиынның қиыны. Ауылға жұмысқа келуге ешкім асықпайды.

– Ж айылымдық ж еріңіз б ар м а? Қысқа қалай қамданасыз?

– Менде жайылымдық жер жоқ. Бар гәп осыған тіреледі. Енді жергілікті әкім­дікке өтініш жолдадым. Бос жайылым табылса, оны жалға аламын. Бүгінде мал­ды ауылдың айналасында бағамын. Бірақ шөбі шүйгін өріс болса, онда малдың күйі де жақсаратыны белгілі. Қысқа да тыңғылықты қамданамыз. Мал тоқ болуы қажет. Шөпті өзім дайындаймын. Техни­ка қолымда бар. Өткен жылы 90 тонна шөп шабылды. Ал жемді сатып аламын. Өткен жылы 7 тонна кебектің, 1 тонна бидайдың қоры жасақталды. Енді биыл ірі қара саны көбейгендіктен, мал азығын көбірек дайындау қажет. Алдағы уақытта сауын сиырлардың санын 50-ге жеткізуді көздеп отырмын. Оған қол жеткізсем, тағы бір асыл тұқымды бұқа сатып аламын. Сол кезде мемлекеттік қолдаудың игілігін сезі­нуге болады. Оның ішінде субсидияға өті­нім беріп, техниканы лизингке алуға жол ашылады.

Бүгінде елімізде «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіп- керлікті дамытудың 2017 – 2021 жыл­дарға арналған бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған сәйкес ауыл тұрғын­дарына кәсіпкерлік дағдыларды меңгер­тетін қысқа мерзімдік оқыту курстары қарастырылған. Олар өткен жылғы тамыз айынан өз жұмысын бастады. 80 ауданда 15 мың адам оқытылды. Биыл 160 аудан қамтылған. Оның арқасында 30 мың адам кәсіпкерліктің әліппесіне үңіледі деп күтілуде. Білім көкжиегін кеңейтіп, биз­нес-жоспарын сәтті қорғаған қатысу­шылар шағын несиеге өтінім жолдай алады.

– «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында Министрлік ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бағдарламаның қатысушыларына, биз­нес жобаларды іске асырушы немесе іске асыруды жоспарлайтындарға кредит/ микрокредит беру бойынша жұмыстар­ды жүргізуде. Көзделген қаражаттан 11 000 микрокредит беру жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың 2 шілдесінде­гі жағдайға байланысты 2 486 микрокре­дит берілді. Республика бойынша иге­ру 8,9 млрд теңгені (20%) құрайды, – деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев.

Шағын несиенің арқасында 1 427 старт жоба, 78 кооперация жоба, «Бастау Биз­нес» бойынша жобалар жүзеге асырылған.

– Министрлік «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде ісін жаңа бастаған кәсіпкер- лерге бизнес жүргізуді оқыту үшін «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асыруда. 2018 жылы оның шеңберінде 30 000 өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және жұмыс­сыздарды оқыту жоспарымен республи­калық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаралған. Соның ішінде кемінде 6 000 қатысушы (20% оқытылған) бизнесін кеңейту керек немесе ашу керек. Қазіргі уақытта 2 ағын шеңберінде оқыту 160 ауданда іске асты. Екі ағын шеңберінде 12 645 жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтығандар оқудан өтті. Бизнес-жобаны облыстық комиссияның алдында 9 049 қорғады. 3 ағын – оқуды бастауда, – деп түсіндірді Арман Қайра­тұлы.

Венера Мұстафина

13.08.2018 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы