Аралар әлемі: көшпелі омарташылықтың ерекшелігі неде?

Аралар әлемінің өзіндік ерекшелігі бар. Адамда іспетті оларда да өмір бірнеше кезеңге бөлінеді. Жас аралар әуелі ұядағы шаруалармен айналысса, ересектері бал жинауға жұмылдырылады. Бірақ аралардың мүмкіндігі шектеулі. Оның әрқайсысы тек бір қасық бал ғана жинайды. Тәуекелі көп бал өндіру ісін дамытудың басты сыры қандай? Бұл сауалдар 30 жылдан астам уақыт бойы омарташылықпен айналысатын теріскейлік Пилипушко отбасы үшін таңсық емес.

Мағжан Жұмабаев ауданында тұратын Пилипушко әулетінің өкілдері – кәсіби омарташылар. Атадан қалған кәсіп бүгінде лайықты жалғасын тауып отыр. 33 жыл бұрын араны өсіруге ден қойылып, алғашқы бал алын­ды. Табыс көзіне айналған әкесінің ісін ұлы Юрий жете меңгерген. Ол кеңестік жылдары біліп-түйгенін совхоз­дардың бірінде бас омарташы ретінде кәдеге жаратады. Сонымен бірге өзінің еншісіндегі 20 аралар ұясын көбей­туді де оң жолға қояды. Кішкентай кезінен тәтті балдың ортасында өскен Ярослава да әкесіне қолғабыс ету­ді ұйғарған. Әуелі нәзік жан келешегін экономикамен сабақтастырған. Ол бұл мамандық бойынша жоғары оқу орнын тәмамдап, жұмысқа орналасады. Бірақ көп ұзамай солтүстікқазақстандық ару өзіне жете таныс ара шару­ашылығына бет бұруды жөн санаған. Бүгінде Ярослава бал өндірумен қатар одан косметикалық бұйымдарды дайындауға кіріскен. Бүгінгі ахуал мен келешектің енші­сіндегі жоспарлар жайлы «Пилипушко отбасының омар­тасы» шаруа қожалығының өкілі арнайы сұхбат барысын­да кеңінен әңгімеледі.

Фото: из архива семьи Пилипушко
Фото: из архива семьи Пилипушко

– Аралармен бірге көшпелі өмір салтын ұстанасыз? Неліктен оған ден қоюды ұйғардыңыз?

– Біз үшін көшпелі омарташылықпен айналысқан тиім­ді. Біріншіден, аралар тұрақты түрде бір жерде бал жинай алмайды. Екіншіден, олар үш шақырымнан алыс жерлер­ге ұшпағаны жөн. Себебі ауа райы өзгеріп, жаңбыр жауса, онда олардың өз ұяларына оралуы екіталай. Үшіншіден, көшпелі әдіс арқылы аралар әртүрлі гүлдің тозаңдарын жинайды. Оның арқасында тұрғындарға табиғи балдың 12 түрін ұсына аламыз.

Ара ұяларын тасымалдайтын арнайы көлігіміз бар. Бар­лық қауіпсіздік шаралары қатаң сақталады. Ара ұяларын бір жерден екінішісіне көшіру тек түнде ғана жүргізіле­ді. Сондықтан бұл араларға ешбір кері әсерін тигізбей­ді. Әдетте біз 200-300 шақырым жерге көшіп, облыс аумағын толық қамтимыз. Бірнеше ара ұяларын алатікен­нің шырынын жинауға арнайы апарамыз.

– Жазда сайран салған шегірткенің кебін кимеу үшін өсімдіктер гүлдейтін кезеңді тиімді пайдалануға тырысатын боларсыз?

– Әлбетте. Табиғи жағдайға байланысты біздің кәсіп маусымдық сипатқа ие екендігі белгілі. Жаз иелігіне кірі­скен кезде өзімізде де, араларда да қауырт жұмыс баста­лады. Әдетте бұл 3 айға созылады. Аралар белсенді түрде бал жинаса, біз оны тез арада өндіреміз. Бір ұядан орта­ша алғанда 60-110 келі бал алынады. 2017 жылы жалпы 21 тонна бал жиналды.Биыл оның көлемі көбейетініне үміт бар. Себебі бізде ара ұяларының саны 250-ге жетті. Олар «карпат» тұқымды. Жылда ара ұяларының санын ұлғай­тамыз. Себебі бал өнімдеріне деген сұраныс артып келе­ді. Сонымен бірге ара-өнімдері де шығарылады: балауыз, тозаң, прополис, аналық сүт және тағы басқалары. Тек ара уы ғана дайындалмайды.

Фото: из архива семьи Пилипушко
Фото: из архива семьи Пилипушко

– Темірдей тәртіп, еңбек бөлінісі аралар үшін де жат емес. Олардың күнделікті тірлігі адам өмірімен ұқсас келеді деген пікір қалыптасқан.

– Дөп бастыңыз. Араларға бас-көз болып, олардың күн­делікті жай-күйін бақылаймын. Шынтуайтында, олар­дың күнделікті қарбаласы адам өмірімен ұқсас келе­ді. Нақты еңбек бөлінісі қалыптасқан. Әрбір ара белгілі бір жұмысқа жауапты. Бірі ұядағы тазалықты қадағала­са, екіншісі қорек іздейді және оны барлауға шығады, ал үшіншісі бал жинайды. Ұяны бөгде аралардан қорғайтын арнайы күзетші де бар.

Аралар – өте еңбекқор. Олар тәртіп пен тазалықты мықтап ұстанады. Мәселен, ұяларынынан қоқыс тапса, оны бірден сыртқа тастайды. Тіпті өз салмағынан екі есе көбірек жүкті көтереді.

– Бір ара өз ғұмырында қанша бал жинай алады?

– Жалпы бір араның бір қасық бал жинау қабілеті бар. Оның бір тамшысы үшін күніне 3-4 шақырым бағын­дырылуы мүмкін. Негізінен бал жинаудың қызған шағын­да жұмысшы аралар 35 күн өмір сүрсе, аналарының ғұмыры 8 жылға дейін жетуі ықтимал.

Белсенді кезеңде бір ұядағы аралардың саны 70 мыңға дейін жетуі ықтимал. Ал бір аналық ара тәулігіне 1800 жұмыртқа тастауы ықтимал. Аралар ұясындағы темпера­тура +30 градустан төмендемейді.

Фото: из архива семьи Пилипушко
Фото: из архива семьи Пилипушко

– Аралар бейтаныс адамға бірден шабуылдаса, өзі­нің иесін шақпайтын болар?

– Аралар өздеріне күнделікті бас-көз болатын адамды шағуы ықтимал. Бірақ олар ешуақытта бірінші шабуыл­дамайды. Аралар тек өздерін қорғау мақсатында адам­ды шағады. Мәселен, олардың бірін кездейсоқ қысып қалуың мүмкін. Бастапқыда мен де мұндай жағдай­ларға тап болдым. Бірақ аралармен қалай дұрыс жұмыс жасауды білсең, шағу қаупі туындамайды. «Сақтансаң – сақтаймын» демекші, өз басым тек бетперде киемін. Ал қолғаппен жұмыс істеу – мен үшін ыңғайсыз. Аралар­дың мінезін тереңірек зерделеу үшін түрлі әдебиеттер­ді парақтап, білімімді шыңдаймын. Израильде омар­ташылық бойынша 3 ай оқыдым. Ендігі жоспар –магистр­лік дәрежені иелену.

– Тек бал өнімдерін өндірумен шектелмей, косме­тикалық бұйымдарды дайындауды да оң жолға қойдыңыз. Оның сапасы және адам терісіне әсері қан­шалықты мұқият тексеріледі?

– Жаз келісімен, күні-түні омарталардың қасынан шықпаймыз. Мен үшін бірінші кезекте аралардың жай- күйі аса маңызды. Ал қолым қалт еткенде, табиғи космети­калық бұйымдарды дайындаймын. 6 жыл бұрын бұл менің ермегім ретінде басталып, енді сүйікті ісіме айналып отыр. Әрбір өнімде менің өзімдік қолтаңбам бар. Әрбір крем, сабын немесе скраб тек қолмен дайындалады. Бұл ерек­ше ыждаһаттылықты, жауапкершілікті талап етеді. Кез келген өнімнің сапасын, теріге әсерін мұқият сынаймыз және тексереміз. Мәселен, кремді өзім және құрбыларым жарты жыл бойы қолдандық. Бет терісі әр адамда әртүр­лі екендігі белгілі. Сондықтан ортақ пікір негізінде өнім құпталса, ол сауда сөресіне жайғастырылады. Ал егер олқылықтары табылса, онда құрамы қайта жіті назарға алынады. Косметикалық бұйымдарға ешбір химиялық қоспа қосылмайды. Мен тек табиғи заттарды ғана қолда­намын. Оның ішінде емдік қасиеті бар бал өнімдері мен табиғи майлар кеңінен кәдеге жаратылады.

Фото: из архива семьи Пилипушко
Фото: из архива семьи Пилипушко

– Оның құрамын іріктеуге, нақты рецептіні дайын­дауға қанша күн жұмсалады?

– Оның құрамына қосылатын заттарды 2 күн ішінде іріктеп, рецептін әзірлеймін. Дайын сабын орташа алған­да 2 ай бойы сыналады. Егер оның теріге жағымсыз әсе­рі байқалмаса, онда саудаға жол тартады. Бастапқыда сабындарға тек әйелдер ғана қызығушылық танытады деп ойладым. Бірақ бұл пікірім шындыққа мүлде жанаспай­тынына көзім жетті. Керісінше, сабындарға ерлер тара­пынан да сұраныс жоғары. Олар оны тек тарту-таралғы үшін ғана сатып алмайды, көбіне өздері қолданады.

– Бал өнімдері қосылған косметикалық бұйымдарға сұраныс бар ма?

– Әлбетте. Тұрақты тұтынушылар тарапынан шашқа арналған шампуньдерге, түрлі маскалар мен скрабтарға сұраныс түсуде. Алдағы уақытта бұл бағытта да ізденіп, жаңа өнімдермен қуантамын деген ойдамын. Әзірге менің қолымнан шыққан сабынның 12 түрі тұрақты түр­де сатылады. Жақында оның тағы 3 түрін ойлап таптым: біріншісі – кофе, ешкі сүті, кокос, ши майы қосылған скраб сабын, екіншісі –құрамында бал мен ешкі сүті бар сабын, үшіншісі – қырмызыгүл, прополис, деготь, эфирлі май­дан тұратын проблемалық бет терісіне арналған сабын. Сонымен бірге бетке арналған 4 крем, ерінге арналған бальзам, қолға арналған крем дайындаймын.

– Бұл өнімдерді дайындау көп еңбекті, күш-жігерді және уақытты талап ететіні белгілі. Оларды өткі­зуде қиындықтар туындамайды ма?

– Бал өнімдерін және косметикалық бұйымдарды өткізуде ешбір қиындықтар туындамайды. Петропавл қаласында үш сауда нүктеміз ашылған. Өзіміздің тұрақты клиенттеріміз де бар. Олардың пікірлеріне құлақ асамыз, ұсыныстарын жерде қалдырмаймыз.

Сонымен бірге Астана мен Алматыда, өзіміздің қаламызда өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкелерге тұрақты түрде қатысамыз. Бүгінде біздің өнім тұрғындар үшін таңсық емес.

Фото: из архива семьи Пилипушко
Фото: из архива семьи Пилипушко

– Баға саясаты қандай? Ең арзан және ең қымбат балдың құны қандай?

– Баға саясатына келсек, оның барынша қолжетімді­гіне баса назар аударамыз. Сабынның бағасы әртүр­лі: 300-1200 теңге аралығында. Кремдер 600-1000 тең­геге ұсынылады. Ал балдың ең арзаны 1400 теңге тұрса, ең қымбаты 6 мыңға жетеді. Алғашқысына күнбағыстан жиналған балдың түрі жатады. Бізде оның көлемі басым. Сондықтан бағасын төмендеттік. Ал пресстелген балдың құны неге жоғары? Себебі ол бұрынғы әдіспен алынады әрі көп еңбекті талап етеді. Бұл мақсатта ағаш пресс және ара өнімдер қолданылады. Дайын бал жөке бөшке­де сақталады.

– Бал өндіру барысын оңтайландыруға талпыныс пен мүмкіндік бар ма?

– Келешекте аралар ұясының санын 2 мыңға жеткізу – менің басты арманым. Әрине, бұл ретте еңбек өнімді­лігін арттырып, жұмысты автоматтандыруға баса назар аударылады. Мәселен, мен Израильде омарташылық бойынша білімді шыңдап, тәжірибе алмастым. Онда 5 мың ара ұясына бар-жоғы 4 адам бас-көз болады. Біз де оған талпынуымыз қажет.

– Биыл «Қазақстанның үздік тауары» республи­калық байқау-жәрмеңкесінде екінші мәрте бақ сынайсыздар. Бұл жолы көпшіліктің назарына қан­дай өнім ұсынылады?

– Әлбетте, сөзіңіздің жаны бар. 2017 жылы алғаш рет «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына жолымыз түсіп, көпшіліктің назарына бал өнімдері ұсынылды. Оған қатысушылар арасында бәсекелестік жоғары болған­дықтан, жүлделі орын бұйырмады. Сондықтан биыл тағы да бағымызды сынауды ұйғардық. Байқаудың өңірлік дең­гейінде «Халық тұтынатын үздік тауарлар» аталымында топ жардық. Енді республикалық деңгейдегі байқауда косметикалық бұйымдарымызды таныстырамыз.

– Тұшымды сұхбатыңызға рахмет. Қолыңызға алған кәсіп тек табысқа жетелесін!

Венера Мұстафина

10.09.2018 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы