•  

    Рубрика: Животноводство | Хозяин |  Просмотры - 13 218

    Заманауи мал шаруашылығы: артықшылығы неде?

    Заңгер әрі экономист Алмас Әбдрахманов күнделікті ақ жейдесін жұмыс киіміне ауыстырды. Астанада құрылыс саласында еңбек еткен 33 жастағы жігіт бүгінде мал шаруашылымен айналысуда. Әкесінің ісін жалғаған ол 3 жылдан бері ауылда тұрады.

    Бастапқыда жаңа кәсіпке бой үйре­ту оңайға соқпады. Бірақ Алмас қиын­дықтарға мойымай, барлығына төтеп бер­ген. Бүгінде оның шаруашылығы аяғына нық тұрды. Қарағандылық тұрғын бие саууды да үйреніп алған. Енді талапты жігіт мал шаруашылығын заманауи құрал­дардың көмегімен дамытуға білек сыбан­ды.

    Фото: Алмас Әбдрахманов

    Фото: Алмас Әбдрахманов

    - 30 жылға уақыт бойы қалада тұр­дыңыз. Бірнеше жыл елордада еңбек еттіңіз.Үлкен қаладан елді мекенге қоныс аударғаныңызға өкінбейсіз бе?

    - «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деп тектен-текке айтылмайды. Егер алдыңа қойған мақсатқа жету­ге талпынсаң, оның нәтижесі ұзақ күт­тірмейтіні анық. Кез келген істің өзіндік қиындығы бар. Мал шаруашылығы да оңай кәсіп емес. Менің әкем 1986 жыл­дан бері ата кәсіппен айналысып, күнде­лікті нәпақасын тапты. Оның денсаулығы сыр бергендіктен, өз ісін жалғастыратын балаларына үміт артты. Мен әкемнің сөзін жерде қалдырмай, Қарағанды қаласынан ауылға қоныс аударуды ұйғардым. Бірақ достарым менің шешімімді құптамады. Олар мал шаруашылығының пайдасы жоқ, қаладан ауылға көшу дұрыс емес деп өз пікірлерін жеткізуге асықты. Дегенмен мен өз айтқанымнан бас тартпадым. Бала кезімде төрт түліктің басы-қасында жүр­геніммен, оларды өсірудің өзіндік ерек­шеліктері бар екендігі белгілі. Бастапқыда ауылдағы тірлікке бой үйрету, мал шару­ашылығын қолға алу оңайға соқпады. Қол­дағы ірі қараның санын сақтауда да қиын­дықтар туындады. Бірақ мұның барлығы­на мойымай, төтеп бердім. Бірден табысқа жету немесе пайдаға кенелу – екіталай. Оны үйдің кірпіші секілді қалап, іргетасын қалау қажет. шыдамдық танытпасаң, қалт басуың ықтимал.

    - Ұттыңыз ба әлде ұтылдыңыз ба?

    - 3 жыл Астанада тұрдым. Ірі құрылыс компаниясында еңбек еттім. Қаладағы нысандарды салуға өз үлесімізді қостық. Жұмыс – маусымдық. Құрылысшылар көбіне жазда еңбек етіп, қыста демалады. Себебі тапсырыс болмайды. Мал шару­ашылығы да оған пара-пар. Жаз бойы сүт пен майды өткізумен әлектеніп, шегіртке­дей тер төгесің. Ал қалың қар түскен кезде жұмыс саябырсиды. Орташа алғанда айы­на 250 мың теңге кіріс түседі. Бұл – қала­да алған жалақы көлемімен бірдей. Сон­дықтан ұтылған жоқпын. Керісінше, ұтқан тұстарым көп. 3 жылдың ішінде мал шару­ашылығының тиімді екендігіне көзім жет­ті. Мен бастаған кез келген істі соңына дейін жеткізбей тынбаймын.

    - Еңбек өнімділігін арттырудың бір жолы- заманауи құрал-жабдықтар­ды кәдеге жарату. Мұны мал шару­ашылығына бет бұрған жандар да қаперге алып отыр.

    - Сөзіңіздің жаны бар. Ата кәсіпті өркен­дету заман ағымына сай жаңашылдықты талап етеді. Бұрынғы әдіс-тәсілдермен ғана шектелуге болмайды. Өз басым зама­науи мал шаруашылығының қанатын кең­ге жайғым келеді. Бұл – құрғақ сөз емес, нақты істің жемісі. Жаз айларында, әсіре­се шыбын-шіркей қаптаған кезде үйір­ді бастайтын жылқыға GPS қондырғысын орнатамын. Үйден шықпай-ақ, смартфон арқылы олардың алған бағытын, қай жер­де екендігін бақылаймын. Егер шалғайға ұзап кетсе, онда қайырып аламын. Спут­никтік бақылаудың артықшылығын сезін­дім. Жылқының тұяғы тиген жерлер анық көрсетіледі әрі sms-хабарлама келіп тұрады. Әлбетте, GPS-терді қолдану тегін емес. Оған айына 5300 теңге төлеймін. Қыс кезінде жылқы осы төңіректен алысқа ұзамайтындықтан, GPS қондырғысын қол­данбаймын.

    Фото: Алмас Әбдрахманов

    Фото: Алмас Әбдрахманов

    - Шаруашылық қайда орналасқан? Мал басы қаншаға жетті?

    - Біздің шаруашылық Қарағанды облысындағы бұрынғы «Насосный» деген стансасында орналасқан. Кеңестік кезеңде әкемді осы жерге басшы ретінде жіберген. Кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік нысандар сатыла бастады. Біз стансадағы нысан­ды сатып алып, осы жерде қалдық. Кейін әкем мал шаруашылығымен айналыса бастады. Бүгінде үйірде 70 жылқы бар. Ал табындағы ірі қараның саны 80-ге жетіп отыр. Келешекте ірі қараның санын азай­тып, жылқы шаруашылығына ден қоюды көздеп отырмын. Бұл бағыттағы алғашқы қадам – қосымша 30 байтал сатып алу. Оның біреуі шамамен 260-270 мың тең­ге тұрады. Құны қалтаға салмақ салатын­дықтан, мемлекеттік қолдауға иек артуды ұйғардым. Мал басын көбейтуге арналған «Игілік» бағдарламасы назарыма ілікті. Оған сәйкес несие 6% жылдық үстеме­ақымен беріледі.Бүгінде оған қатысуға өтінім жолдадым. Алдағы уақытта қар­жыландыру көзіне ие боламын деген үмі­тім бар.

    - Мал басын көбейтуге ден қойылған­дықтан, кіріске сүтті тапсыру ар- қылы келенелетін боларсыз.

    - Дөп бастыңыз. 20-ға жуық сиырды аппаратпен сауамыз. Жазда күнде 120- 150 литр сүтті «Нәтиже» сүт фабрикасы­на тапсырамыз. Олармен шарт жасасып, бірлескен жұмысты оң жолға қойдық. Сүт­тің сапасына зауыттың өзіндік талабы бар. Егер оған сәйкес келмесе, онда ақ қабыл­данбайды. Өткен жылы біздің сүттің май­лығы төмен болды. Сондықтан тек қаймақ күйінде ғана өткіздік. Алынатын ақтың сапасын жақсарту үшін табындағы кәрі сиырларды сатып, сауу құрылғысын рет­ке келтірдік. Қойылған талаптың үдесінен шығу – біз үшін аса маңызды. Өз ісімізге асқан жауапкершілікпен қараймыз. Адал еңбек етсең, оның берекесіне кенелесің.

    - Неліктен бие саууды үйренуді ұйғар­дыңыз?

    Жылқы өте таза және сезімтал келе­ді. Олар өзінен қорыққан адамды бір­ден аңғарады әрі көңіл-күйін сезеді. Бие­лерді үркітіп алмау қажет. Оларды өзім байлаймын және сауамын. Бастапқы­да қиынға соқты. Қол ұйып қалатын-ды. Себебі салмақ қолдың бұлшық еттеріне түседі. Бүгінде оған бойым үйренді. Бие­ні сауу шапшаңдықты қажет етеді. Себебі сүті ағып кетуі ықтимал. Бір биені саууға 1-2 минут уақыт жұмсалады. Әзірге 8 бие сауамын. Күніне 25-30 литр қымыз дайын­далады. Емдік қасиеті бар жылқының сүтіне сұраныс үлкен. Оны сатып ала­тын тұрақты клиенттеріміз бар. Қараған­ды қаласындағы 2-3 мейрамханада біздің қымыз ұсынылады.

    Алдағы уақытта еңбек өнімділігін жақ­сартуды діттеп отырмын. Бұл үшін бие­лер арнайы аппараттардың көмегімен сауылады. Оның артықшылықтары бар екендігі даусыз: біріншісі – жылдамдығы, екіншісі – қолмен сауғаннан гөрі 10-15 пайыз көбірек сүт алынады. Оны сатып алып, қамданып қойдым. Құны – 260 мың теңге.

    Фото: Алмас Әбдрахманов

    Фото: Алмас Әбдрахманов

    - Сіздің заңгерлік біліміңіз бар екен. Бұл құжаттарды толтыруда айтар­лықтай көмектесетін болар?

    - Менің қос жоғары білімім бар: эконо­мист және заңгер. Бүгінде біліп-түйгенім күнделікті кәсібімді дөңгелетуге септігін тигізіп отыр. Құжаттарды рәсімдеу, шығын мен кірістің есеп-қисабын жасау еш қиын­дық тудырмайды. Басқа ауыл тұрғын­дарына да заңгерлік сұрақтар бойынша көмектесуден бас тартпаймын.

    Десек те үнемі білімді жетілдіріп, өзіңді дамыту қажет. 2017 жылы «Бастау бизнес» жобасына қатыстым. Дәрістерде кәсіпкерлік пен маркетингтің негіздерін түр­тіп алдым. Оның қорытындысы бойынша жазған бизнес-жоспарымды сәтті қорғап шықтым. Енді биыл маған жеңілдетілген несие берілмек. Көлемі – 4 миллион теңге. Қаржыны жылқы сатып алуға жұмсаймын.

    - Барлық шаруаны бір өзіңіз рет­тейсіз бе әлде қосымша адамдарды жұмысқа қабылдадыңыз ба?

    - 3 адамды жұмысқа қабылдадым. Әрқайсысына ай сайын 40 мың тең­ге көлемінде жалақы төлеймін. Олар ірі қараны бағады және табындағы малдың күйіне жіті мән береді.

    Менің жоспарларым бір төбе. Бір орын­да тапжылмай отыру – мен үшін жат. Мал шаруашылығымен шектелмей, құс өсіру­ді де қолға алуды шештім.

    - Межелеген мақсат-мұраттарға қол жет­кізуіңізге тілектеспін. Риясыз әңгімеңізге рахмет.

    Венера Мұстафина

    27.08.2018 ж. мақала

    Опубликовано 13.12.2018

    Поделиться материалом

    Добавить комментарий

    Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

    * Скопируйте этот код *

    * Вставьте этот код здесь *

    Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

    • Курсы валют

      Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта
    • Архивы

    • Опрос

      Как вы относитесь к промышленному выращиванию генно-модифицированных культур?

      Показать результаты

      Loading ... Loading ...
    • Комментарии

    • Калькулятор валют

      Калькулятор валют НБК

    • Погода

      Костанай
      30°
      24°
      Пт
      28°
      Сб
      24°
      Вс
      22°
      Пн
      21°
      Вт
     
  •   Копирование материалов допускается исключительно с письменного разрешения редакции и при условии ссылки (если это печатные издания), гиперссылки (для интернет-изданий) на agroinfo.kz  
     
    Agronationale Яндекс.Метрика
     
     
      Распространяется на территории Республики Казахстан Размещение рекламы 8 (7142) 39-15-12, 54-39-39