Ауылдағы кәсіп: алғашқы миллионға қол жеткізу оңай ма?

Жартылай дайын өнімдер қалада ғана емес, ауылда да сұранысқа ие. Мұны теріскейлік Қайсар және Нұрсұлу Темірболатовтар өз тәжірибелерімен дәлелдеді. Еңбекқор отбасы Ақжар ауданының орталығында қайта өңдеу цехын іске қосты.

Пельменный цех_004

– Көпшіліктің көкейіндегі сауалды қойдыңыз. Жау­абымыз нақты: еш өкінбейміз. Біз Ақжар ауданының орталығы Талшықта тұрамыз. Ауылда 4 мыңға жуық адам тұрады. Жергілікті тұрғын­дар арасында кәсіпкерлік жақсы дамыған. Өз басым саудамен айналыстым. Бірнеше жыл бойы тек­стиль өнімдерін сатып, күнделікті нәпақамды тап­тым. Менің жұбайым Қай­сардың қолы шебер. Ол – құрылысшы. Тұрғын үйлер­ді әрлеу, күрделі әрі зама­науи жөндеу жұмыстарын тапсырыс бойынша жүргізді. Отбасымыздың еншісіне түскен кіріс көңіл көншітерлік. Бірақ біз үшін тұрақтылық маңызды.

Келісіп пішкен тон келте болмас. Жұбайым екеуі­міз ақылдасып, жеке кәсіп ашуды ұйғардық. Жартылай дайын фабрикаттарды нарыққа ұсыну шешімі кездей­соқ емес. Мұндай өндіріс біздің ауданда және көрші елді мекендерде жоқтың қасы әрі тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Бірақ көпшілік біздің шешімге күмән­дана қарады. Қыл аяғы одан бас тарту қажеттігін алға тартты. «Ауыл тұрғындары тұшпара мен субүйрек сатып алмайды», «өндіріс тиімсіз болады», «жұмсалған қаржы ақталмайды» деген пікірлер айтылды. Десек те тәуекел­ге бел будық. Бүгінде басқан қадамымыз дұрыс екенді­гіне өзіміздің және өзгенің көзі жетті.

– Кәсіп ашу үшін қосымша білім алған жөн бе?

– Сөзіңіздің жаны бар. Кәсіпкерліктің өзіндік қыр- сыры бар. Оның негіздерін білген абзал, әлбетте. Менің жұбайым «Bastau Бизнес» жобасы бойынша бір ай бойы білімін шыңдады. Дәріс оқығандар оған бағыт-бағдар берді. Кез келген кәсіпті дөңгелетудің қағидалары түр­тіп алынды. Ең бастысы өзіңе деген сенімділік артты.

– Өнімдерді дайындаудың өзіндік ерекшелігі не сыры бар ма?

– Біріншіден, біздің өнімнің басты ерекшелігі – дәмі әрі дайындау жолы үйдегідей. Тек табиғи өнімдер қол­данылады. Жұмыртқа ұнтағын пайдаланбаймыз. Әдет­тегі тауықтың жұмыртқасы кәдеге жаратылады. Қамыр, тартылған ет, езілген картоп – барлығы үйдегі әдіспен дайындалады. Ешбір қоспасыз.

Пельменный цех_003

Екіншіден, тұшпара мен субүйрек әзірлеу тек қол еңбе­гіне ғана негізделген. Арнайы құрал-жабдықтар бар. Бірақ автоматтандырылған құрылғылардан шыққан өнім қолмен жасалғанға татымайды.

– Батыл қадам. Қолдарыңыз талатын болар?

– Жоқ. Керісінше қолдың бұлшық еттеріне пайдалы емес пе?! Өмір – бұл қозғалыс. Автоматтандырылған құрылғыны қадағалаудан гөрі өзім жасауды құп көремін. Біз цехқа 2 адамды жұмысқа қабылдадық. Әрқайсысының жалақысы – 40 мың теңге. Жұмыс күні таңғы сағат 9-дан басталып, кешкі 19.00-де аяқталады. Әр адамның өзінің міндеті бар. Қамырды өзім илеймін. Кейін үшеуіміз бір­ге тұшпара мен сүбүйрек әзірлейміз. Күніне 3 адам 13-17 келі өнім дайындайды. Меніңше, бұл – орташа көрсеткіш.

Цех біздің үйімізге жанама салынған. Оны 4-ке бөл­дік: өнімді әзірлейтін, оны сақтайтын және ыдыстар­ды жуатын орындар бөлек. Сақтау талаптары да қатаң сақталады. 3 мұздатқыш бар. Олар етке, дайын өнімді қатыруға, орамадағы тұшпара мен субүйрекке арналған. Барлығы техникалық талаптарға сәйкес келеді.

Пельменный цех_001

– Өнімге сұраныс бар ма?

– Біз үшін сан емес, сапа маңызды. Адал өнім әрдайым сұранысқа ие екендігі белгілі. Әзірге тұты­нушыларға өнімнің екі түрі ұсынылған: тұшпара және сүбүйрек. Көбіне дүкен­дердің және тұрғындардың тапсырысы бойынша әзір- ленеді. Әзірге барлығын дер кезінде жасауға үлге­реміз. Талшықта 8, Қызыл­туда 5 дүкенге жеткізіле­ді. Біздің ауыл тұрғындары ғана емес, көршілес Уәлиха­нов ауданы да өнімдерімізді сатып алады. Әдетте кешкі­сін жұмыстан шыққан адамдар бізге бет алады. Тұрақты тұтынушыларымыз да бар. Олардың сенімін ақтауға тырысамыз. Біздің цехта әзірленген өнімдерді кері қай­тарып беру жағдайлары орын алған жоқ. Керісінше, біз­дің өнімдер сауда сөрелерінде өз тұтынушысын ұзақ күтпейді.

– Тұрғындар өнімнің сапасымен қатар оның бағасы­на да мән беретін болар.

– Әлбетте. Өнім құны тұрғындар үшін қолжетімді болуы тиіс. Ауылда табыс деңгейі жоғары емес екендігі белгілі. Сондықтан бағаны белгілеу кезінде қарапайым тұрғын­дардың тұрмыс жағдайын ескерген абзал. Бізде тұшпа­раның келісі 1000 теңге, сүбүйрек 500 теңге тұрады.

Жартылай дайын өнім қаптамамен әлде өлшеніп сатыла ма деген сауал туындауы мүмкін. Әзірленген тұшпара мен субүйректі әуелі қатырып, кейін орама­ларға саламыз. Әрбіреуіне техникалық талаптарға сәй­кес жазуы бар қағаздар жапсырылады. Салмағы әртүр­лі: 900 гр және 450 гр. 18 градуста 30 тәулік сақталады.

– Жартылай дайын өнімге қажетті ет пен картоп- ке қарық боларсыздар?

– Шикізат бойынша ешбір қиындық туындамайды. Ауылдағы азық-түлік өнімдері сапалы әрі табиғи екен­дігі белгілі. Біз тұшпараға қажетті етті жергілікті шаруа қожалығынан сатып аламыз. Цехқа ай сайын 200 келіге дейін ет жеткізіледі. Жазда баға 100-200 теңгеге төмен. Қазір бір келі еттің құны – 1200-1300 теңге. Бірақ маусым­дық өзгерістер дайын өнімнің құнына еш әсер етпейді.

Алдағы уақытта еттің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін тағы бір шаруа қожалығымен келісім жасауды жоспарлап отырмыз. Оның арқасында әзірленетін өнім түрлері көбейтіледі: тефтели, манты, котлета.

– Өндіріс қаншалықты тиімді? Түсетін табыс шығынның орнын толтыра ма?

– Егер кәсіп кіріске кенелтпесе, онымен айналысудың қажеті бар ма? Кез келген адам жұмсаған қаржысы мен еңбегінің ақталуына мүдделі. Түсетін табыс көлемі көңіл көншітеді. Бірақ әзірге оның дені несиені өтеуге бағыт­талады. Ісімізді бастауға «Bastau Бизнес» жобасы бойын­ша 1 миллион теңгеден астам қаржы берілді. Оны қай­тарған соң, түскен кіріс те көбірек сезіледі.

– Әдетте өндіріс ұлғайса, оны жеткізу аумағы да кеңейеді.

– Дөп бастыңыз. Алдағы уақытта көршілес аудандар­ды нысанаға алуды жоспарлап отырмыз. Біздің өнім­нің дәмі олардың көңілінен шығады деген үміттемін. Сонымен бірге біздің аудандағы Ленинградское деген секілді үлкен ауылдар да назарсыз қалмайды.

– Тұшымды әңгімеңізге және риясыз көңіліңізге алғыс білдіремін. Ісіңіз өрге бассын!

Венера Мұстафина

17.12.2018 ж. мақала

 

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы