Есептік кездесу: сауалдар мен жауаптар

Көрші елдерде ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту жұмыстары белсенді қолға алынған. Мұны ескерген қазақстандық атқамінерлер агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік тұрғыдан реттеу әдісәсілдерін қайта қарастыруды ұйғарған.

Ішкі нарықты қорғауға, өткізудің сыртқы нарықтарын кеңейтуге, сауда-логистика инфрақұрылымын кеңейтуге, АӨК субъек­тілерін қаржыландырудың қолжетімді­лігін арттыруға баса назар аударылмақ. Тұрғындар алдындағы есептік кездесуін­де ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмір­зақ Шөкеев тындырылған шаруаларды бағамдап, алдағы межелерді айқындады. Оның барысында тауар өндірушілер өзде­рінің көкейлеріндегі сауалдарын қойды.

Иллюстративное фото из открытых источников
Иллюстративное фото из открытых источников

Арзандатылған несие: мүмкіндік пе әлде машақат па?

Ашығалиев Қатауолла 23 жылдан бері аграрлық кәсіппен айналысады. Құс шаруашылығына бет бұрған батысқа- зақстандық тұрғын несие алу машақатқа айналғанына қынжылды.

– Елбасы дөп басып белгілегендей, бизнесмен, әсіресе аграрлық кәсіпкер бұған дейінгі несиесін жабу үшін кезек­тісін алады. Мен – олардың бірімін. 13 наурыздан бері «ҚазАгродан» несие ала алмай жүрмін. Егер бұрын «бір вагон» құжат қажет болса, енді биыл оның «үш вагонын» талап етеді. «ҚазАгрода» бірне­ше басшы докторлық диссертация жазып жатқан секілді ой қалыптасады. Несие­ні алу шарттары және 16% жылдық мөл­шерлеме – бұл, әсіресе Батыс Қазақстан облысына тиімсіз, – деп көкейін керне­ген мәселені «Ақас агрофирмасы» ЖШС басшысы Ашығалиев Қатауолла ортаға салды.

Ауылшаруашылық таруар өндіруші ұсынылатын құжаттардың нақты тізімін бекітуді және несие беруге 10 күннен аспайтын уақытты белгілеуді ұсынды. Құс өсірушінің бұйымтайына құлақ салған елі­міздің бас аграрийі «ҚазАгрода» несие­ні беру тәртібі күрделі процесс екенді­гін мойындады. Бірақ оны министрдің не министрліктің басқаруы ақылға сыймай­тынын атап өтті.

– Онда әрбір учаскеде өз ісіне басымен жауап беретін адамдар отыр. Егер мен осы жерден құжаттар тізімі осындай, егер талапқа сай келсе, несие бер деп нұсқап отырсам, онда ол қызметінен кетіп қалады. «ҚазАгро» несиені көп беріп, өткен жыл компания үшін шығынмен аяқталғанын білесіздер. Портфельмен нақты мәселелер бар. Сондықтан шене­уніктер министрлікте отырып, несие­ні беруді реттеуі дұрыс жол деп ойла­маймын. Әрине, оны оңтайландыру қажет. Тіпті несие беруді автоматтандырып, кре­диттік офицерлер, адамдар араласпа­уы тиіс. Бүгінде біз мұнымен айналысып жатырмыз, – деп мәселенің мәнісіне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев тоқталды.

Бизнес-процестер автоматтандырылады

Цифрлық технологиялар ауыл шару­ашылығы саласын да айналып өтпейді. Қағазбастылыққа жол бермей, жұмысты оңтайландыру және жетілдіру көзде­ліп отыр. Бүгінде «Қазагроның» несие­лік өнімдері бойынша нақты бизнес-про­цестер реттелген. Егер жоспар жүзеге асса, онда келешекте тауар өндірушілер кеңселерінен шықпай-ақ, өтінім жол­дайды және оның мақұлдану барысын көреді. Бүгінде бұл жүйе тестілеуден өткі­зілуде. Нәтижесі көңілден шықса, атқамі­нерлер оны жылдың соңына қарай қол­данысқа енгізуге бекініп отыр. «Кез келген тауар өндіруші өтінім қай маманға түске­нін, қашан қаралатынын және жауаптың мерзімін біле алады. Бұл әзірленіп, енді басқа ақпарат қорларымен үйлестіріле­ді. Мәселен, диқанның техникасы бар ма? Егер бұл ақпаратты тіркеу қорынан алсақ, оны сұратудың қажеттігі артта қалады. Осылайша тауар өндірушіден сұрала­тын құжаттардың саны азайтылады», – деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев.

Оның айтуынша, егістіктер бойынша ақпарат тек қағаз жүзінде емес, электрон­дық түрде болмақ. Диқандар қауымы сайт- та тіркеліп, жеке кабинетін ашады. Онда өзіне тиесілі алқаптарды электрондық түрде белгілеп, қажетті ақпаратты көрсе­теді. Қазіргі таңда алқаптардың 85 пайыз­дан астамы цифрлық жүйеге енгізілген.

Иллюстративное фото из открытых источников
Иллюстративное фото из открытых источников

– Бұл қандай мақсатта жүргізіліп отыр? Біріншіден, барлық субсидияны аталған жүйемен байланыстыру қажет. Бүгінде минералды тыңайтқышқа бөлінетін суб­сидияны осылайша автоматтандырдық. Бұдан әрі алдағы уақытта дизельді отын бойынша жеткізуші, сатып алушы және оны сақтайтын мұнай базасы арасында электрондық келісімшарт болады. Бұл бағытта бірқатар облыстар пилоттық түрде аталған жүйені сынауға ниет білді­руде, – деп қолға алынған жаңашылдыққа Арман Қайратұлы кеңінен тоқталды.

Атқамінерлер нәтижесі де ұзақ күт­тірмейтініне үміт артып отыр. Жүйе сыр бермесе, оны биылғы орақ науқанын дизель отынымен қамтамасыз ету барысында кәдеге жарату көзделген.

Электрондық субсидиялаудағы түйткіл

Минералды тыңайтқышқа субси­дия беру барысы толық автоматтан­дырылғаны мәлім. Бірақ кейбір диқандар талап етілген құжаттардың бірін элек­трондық түрде ұсына алмай, дал болған. Оған «Абзал және К» серіктестігінің орынбасары Асқар Пернебекұлы да бас қатырған.

– Кейбір шаруашылықтар тыңай­тқыштарды көрші мемлекеттен сатып алуда. Алайда ресейлік зауыттар бізге шот-фактураны тек қағаз жүзінде ғана беріп отыр. Енді біз тығырыққа тірелдік. Субсидияға өтінім беруге бекінсек, біз­ден оның электрондық түрі талап етіліп отыр. Ал ресейлік зауыт электрондық құжатты бермейді, – деп ағынан жарылды қызылордалық тауар өндіруші.

Туындаған мәселеден құзырлы мини­стрлік хабардар. Атқамінерлер ауылша­руашылық тауар өндірушілердің базына­сына құлақ асқан. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, енді қағаз жүзіндегі шот-факту­раның электрондық көшірмесімен жұмыс істеуге болады. Ол көпшілікке субсиди­яны беру барысын автоматтандырудың мақсаты жайлы түсіндірді.

– Субсидия қалай бөлінеді? Оны біз жалпы трансфертпен облыстарға бөле­міз, – деп сөзін жалғады ол. – Жергілікті жерлердегі ауыл шаруашылығы басқарма­лары біздің бекіткен ереже бойынша суб­сидияны бөледі. Мұны ашық және жария­лы жүргізу мақсатында цифрландыруды қолға алдық. Бірінші рет тыңайтқыштар­ды бөлу барысы автоматтандырылды. Бұл жүйе және ауылшаруашылық тауар өнді­руші арасындағы іс-әрекет. Оған басқа адам қатыспайды.

Алдағы уақытта тиімсіз субсидиялар­дан бас тартылмақ. Бағаның қалыптасуын бұрмалайтын және ДСҰ әдістемесі бойын­ша «сары» себетке жататын демеуқар­жының түрлері кәдеге жаратылмайды. Мәселен, егіншіліктегі гектарлық субси­дия 2019 жылдан бастап жойылады. Есе­сіне қаржы агросақтандыру, несие серік­тестерінің жүйесі, кепілдендіру инсти­туты, пайыздық мөлшерлемені қайтару тәрізді бағыттарға жұмсалмақ. Мемлекет­тік қолдау арқылы жаңа технологияларды ендіруге және өнімділікті арттыруға ынта­ландыру жоспарланып отыр.

Техника лизингі: пайыздық мөлшерлеме субсидияланады

Ауылшаруашылық техниканың аху­алы мәз емес. Оның 80 пайызы бойын­ша қолдану мерзімі 10 жылдан асып кет­кен. Тозған құрал-жабдықтармен өнімді­лікті арттыру және сапаны жақсарту екіта­лай. Атқамінерлердің есебінше, заманауи техниканың арқасында дәнді дақылдар­дың гектар берекелігі 22 центнерге жетуі мүмкін. Ал бүгінде бұл көрсеткіш орта­ша алғанда 12 центнерді құрайды. Бірақ техниканың бағасы күйіп тұр. Оны сатып алуға көбіне тауар өндірушілердің қал­тасы жұқа.

– 2016 жылға дейін техниканың лизингі және ауылшаруашылық малды сатып алу бойынша несиенің пайыздық мөлшерле­месін субсидиялау бағдарламасы жүзе­ге асты. Үлкен сұранысқа ие болғанымен, кейін ол тоқтатылды. 2017 жылдан бастап тек айналым қаржысы ғана субсидия­ланады. Егер шаруашылықты кеңейт­кің келсе, нарықтағы несиенің пайыздық мөлшерлемесі жоғары және бұл қымбат болып табылады. Мұның барлығын ескер­сек, аталған бағдарламаны қайта жаңғыр­туды немесе негізгі қаржыны қаржылан­дыру бағдарламасын әзірлеуді сұраймыз, – деп диқандар қауымын мазалаған мәсе­лені «Қазақстан фермерлері одағы» РҚБ Қостанай филиалының төрағасы Влади­мир Дранчук жіпке тізді.

Иллюстративное фото из открытых источников
Иллюстративное фото из открытых источников

Ауылшаруашылығы техникасының лизингі бойынша пайыздық мөлшерле­мені субсидиялау жоспарланып отыр. Сонымен бірге инвестициялық субсиди­ялау бағдарламасы да жалғасын тауып, жұмсалған шығынның бір бөлігін қайтару қарастырылған.

– Үнемдеу мақсатында негізгі қаржыны субсидиялаудан бас тартылып, тек 12 айға айналым қаржысы ғана демеуқаржылан­дырылады. Ауылшаруашылық тауар өнді­рушілердің басын ауыртып, балтырын сыздатқан мәселе – айналым қаржысы емес, негізгі қаржыға қажетті «ұзын» несиелердің жайы. Техниканы жаңғыр­туды талап етеді. Технология артта қалып келеді. Сондықтан негізгі қаржыны субси­диялауды қалпына келтірдік, – деп мәсе­ленің жай-жапсарын Өмірзақ Шөкеев бағамдады.

Көрші Өзбекстанның өзінде ауылша­руашылық техникасы лизингке бар-жоғы 2 пайызбен берілетін көрінеді. Ал бізде оның пайыздық мөлшерлемесі 14-тен төмен емес. Сондықтан еліміз бойын­ша ауылшаруашылық техниканы жаңар­ту көрсеткіші төмендеген: әзірге жылы­на 2 пайыздан аспай отыр. Мұны мықтап қаперге алған атқамінерлер келешек­те оның деңгейін 6% жеткізуді межелеп отыр. Оған қол жеткізу үшін техникалық жарақтандыру бағытындағы қолдау шара­лары нысанаға алмақ.

– Қазір шаруалар лизингті 16-18% ала­тын болса, бұл 7-8 пайызға дейін төмен­детіледі. Осының арқасында есеп бойын­ша кәсіпкерлердің техникаға салатын қар­жысы 273 млрд теңгеге дейін жетеді. Осы шаралардың арқасында 5 жылда техни­калық жаңартудың нормативтік қарқынын жылына 6%-ке жеткіземіз. Биылғы жыл­дан бастап, инвестициялық субсидиялау 25%-ты құрайтын болады, – деп атап өтті Үкіметтің кеңейтілген отырысында Арман Қайратұлы.

Отбасылық фермалар көбеймек

Артур Жетенов ата кәсіпке бұрып, нәсібін тауып отыр. 2012 жылы «Сыбаға» бағдарламасы ірі қара малды сатып алған. Бүгінде оның еншісіндегі малдың басы еселенді. Қолға алған ісі өрге домалап, қажетті техникамен жабдықталды. Қысқа қам жасап, малға арналған қора-жайлар­ды тұрғызған. Енді шаруашылықты кеңей­туге мүдделі. Етті бағыттағы малдың басын көбейтуді жоспарлап отыр. Бірақ оған қол қысқа дейді.

– Бірақ бүгінде «Сыбаға» бағдарламасы жоқ. Біз секілді шаруашылықтар үшін мал сатып алуға жеңілдетілген қаржыландыру қарастырыла ма?, – деп өз сауалын «Қар­шыға» шаруа қожалығын басшысы жол­дады.

Биыл әзірленген ет шаруашылығын дамыту бағдарламасына қолдау шара­лары қарастырылған. Оған қатысушылар үшін мал басын, техника мен құрал-жа­бдықтарды сатып алуға жеңілдікпен несие берілмек. Оның мерзімі – 15 жыл. Жылдық мөлшерлемесі – 4%. Бұл ретте ата кәсіппен айналысып жүрген шару­ашылықтарды қолдап, олардың қуат­тылығын арттыруға баса назар аударыл­мақ. Сонымен бірге Зеңгі баба, Шопан ата, Қамбар ата тұқымын өсірумен айналыса­тын 80 мыңнан астам жаңа отбасылық ферманы да құру жоспарда бар.

– «Сыбаға» – несиелік өнім. Оның арқасында елімізде 16 мың шаруашылық құрылды. Кейін бұл бағдарлама жабылып, көбіне қосалқы шаруашылықтарға көңіл бөлінді. Біз ешқайсысына – отбасылық фермаларға, қосалқы шаруашылықтарға, кооперацияларға қарсы емеспіз. Бірақ, біздің ойымызша, ең үлкен әлеует – отбасылық шаруашылықтарда. Себебі олар ата кәсіппен кәсіби түрде айналы­сады, – деп атап өтті ҚР Премьер-Ми­нистрінің орынбасары – ҚР Ауыл шару­ашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев.

Министрліктің есебіне сүйенсек, отбасылық ферманы құру үшін шамамен 500 га жайылым қажет. Сондықтан атқа­мінерлер әрбір аудан әкімімен ата кәсіпке жарамды бос жерлер бойынша бірле­се жұмыс жүргізуде. Осылайша елімізде қолданылатын жайылымдық жерлердің аумағын 58 млн гектардан 100 миллионға дейін жеткізу діттеліп отыр. Егер жер пай­даланушыда өрістер болғанымен, малды ұстау нормативтері сақталмаса, бұл тиім­сіз пайдаланумен теңелмек.

Венера Мұстафина

02.07.2018 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы