Теріскейлік ет комбинаттарының әлеуеті неге қат?
Бүгінде минералдық шикізаттың құны сан құбылуы – экономиканың өзге салаларын өркендетуге итермелейді. Өңірлердегі шенділер ата кәсіпті жаңғыртып, мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға дендеп кіріскен. Олар оң бата берілген демеудің қилы жолдарына үлкен үміт артып отыр. Қағазда айқындалған шаруаның іс жүзінде жүзеге асырылуын СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Алтынбек Абдуллаев арнайы сұхбат барысында тергіштеді. Атқамінер теріскейдегі мал шаруашылығының ахуалын және саланың тынысын кеңейтетін бастамаларды жіпке тізді.
– Алтынбек Тағайбекұлы, астықты өлкеде ата кәсіпке қан жүгіртуге де мүмкіндік мол. Шөбі құнарлы әрішүйгін өрістері кең. Бүгінде мал шаруашылығын әлеуеті қаншалықты кәдеге жаратылуда?
– Еттен және ақтан таршылық көрмейміз. Жыл санап өңірімізде мал шаруашылығы қанатын кеңге жаюда. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 440 мың бас қара мал, 400 мыңға жуық қой-ешкі, 250 мыңға жуық жылқы бар. Оларды өсіруге бет бұрғандардың қатары да көбею сипатына ие. Жалпы өңірдегі 500-ге жуық шаруашылық ата кәсіп арқылы нәпақаларын айырып отыр. Оның ішінде 72-сі сүтті мал шаруашылығымен айналысады. Оның арқасында алынған шикізатты өңдеу саласы да алға басты. Облысымыздың халқына шақсақ, сүт өнімдері 11 есе, жұмыртқа 14, ет өнімдері 4 есе артық өндіріледі. Айқындалған межелер бағындырылуда. Бірақ оған тоқ мейілсімей, дамуды қамшылаған ләзім. Тек өзімізбен шектелмей, Қазақстанда шығарылған белгісі бар өнімдердің сыртқы нарықтарға жол тартуына баса мән берген дұрыс. Себебі мал шаруашылығы өнімдеріне, оның ішінде ет пен шұжыққа сұраныс өте үлкен. Бүгінде оларды Қытайға тасымалдауға жол ашылды. Бұл ретте аспан асты елімен байланыс көпірін орнатуға баса назар аударылып отыр.
– Отандық ауылшаруашылық өнімдер сапасымен, тілді үйретін дәмімен ерекшеленетіні мәшһүр.Өзімізден артылғаны қаншалықты сыртқы нарықта сұранысқа ие? Оларды экспорттауда қандай кілтипандар туындайды?
– 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырсақ, қазіргі таңда экспорттық әлеуетіміз бен қарқынымыз арта түсті. Өткен жылы аймақта өндірілген 1800 тонна сүт өнімдері сыртқы нарыққа жол тартса, бүгінде оның көлемі 800 мың тоннадан асып жығылды. Көрсеткіш бірнеше есе артқаны анық байқалып отыр. Оның ішінде «Зенченко» зауытының өнімдері көпшілік арасында кеңінен танымал. «Сүт өнімі» ЖШС өткен жылы 700 тонна өнім шығарса, қазір көрсеткіш 3000 тоннадан асып жығылды. Облысымызда егіншілікпен айналысатын кейбір шаруашылықтар да ақты өндіруді оң жолға қойды. Мәселен, «Тайынша-Астық» айына 60 мың тоннаға жуық сүт шығарады. «Арыстан» ЖШС сары майды, балқытылған ірімшіктің түр-түрін ұсынады.
Өзімізден артылған ақ Ресейге тасымалданып, Барнаул, Омбы, Қорған іспетті қалалардың сауда орындарында өзінің лайықты орнын ойып алған. Көршілес мемлекетпен байланыс көпірі нығайды.
– Тұрақты өткізу көзі қалыптасса, агроқұрылымдар оған бас қатырмайтыны хақ.
– Сөзіңіздің жаны бар. Етті де сыртқы нарыққа шығаруға мүдделіміз. Бірақ әзірге оның бағасы агроқұрылымдар мен жеке қосалқы шаруашылықтардың көңілін көншітпей отыр. 2015 жылы еттің құны жоғары болып, тұрақты түрде өнім Ресейге жол тартты. Қыл аяғы көрші мемлекеттің өкілдері өздері де облысымызға келіп, малды тірідей күйде сатып алды. Бұл біз үшін оңтайлы екендігі сөзсіз. Бірақ валюта бағамдарының өзгеруіне байланысты қазір Ресейге ет сату тиімсіз болып отыр. Десек те қол қусырып, қарап отырған жоқпыз. Арадағы байланысымыз үзілген жоқ. Мәселен, Қорғандағы және Омбыдағы ет комбинаттарымен келісімге келуге тырысып бағудамыз. Тек олардың шикізат үшін ұсынған бағасы төмен әрі етті тасымалдау жүгін өз мойнымызға арқалауымыз қажет. Бірақ жол шығыны қалтаға салмақ салатыны белгілі. Сондықтан осындай мәселелерді шешу – келешектің еншісіндегі шаруа. Бұл ретте Ресейдің көрші облыстарымен келісім-шарт жасау көзделіп отыр.
Бүгінде жұмыртқа экспортына қан жүгіріп, оған Челябі және Екатеринбург қалалары қолқа салып отыр. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасына солтүстікқазақстандық бал мен етті ұсындық. Олар басты байлығымыз сары алтынға және ұнға қызығушылық білдіруде. Бүгінде «Кемми»компаниясы «Омск-36» сұрыпты астықты еншілеуге мүдделі. Оның 100 мың тоннасын сатып алу бойынша шарт жасалды. Осы күзде бұл жұмыстар жалғастырылады.
Сонымен қатар Тайынша ауданында үлкен қытай компаниясымен бірлесе ашылған «Айдзю» компаниясы жылына 300 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр. Олар біздің шаруалармен мәмілеге келіп, жергілікті майлы дақылды өңдеуге кіріспек. Нәтижесінде біздің диқандар үшін өткізудің тұрақты көзі ашылмақ. Олардың маңдай тері ақталып, өсірген дақылды сатуға алаңдамайды.
– Ет комбинаттарына әлі де толық қуаттылықта жұмыс істемейді? Бар гәп шикізаттың тапшылығында ма әлде өңдеу кәсіпорындарының ахуалына тіреле ме?
– Облысымызда 13 ет комбинаты бар. Оның ішінде тек 8-і ғана жұмыс істейді. Біздің есебіміз бойынша олар орташа алғанда 47 пайызға ғана жүктелген. Ал қалған 53% тиімді пайдаланылмай жатыр. Олар неліктен толық етпен қамтамасыз етілмейді? Толық қуаттылыққа көшпеудің себептері қандай? Біз облысымыздағы ет комбинаттары бойынша жан-жақты сараптама жүргіздік. Туындайтын мәселелердің жауабы бір – ет комбинаттарының шикізатты сатып алуға айналымда қаражаты жоқ. Егер олар шаруашылықтармен келісімге отырып, уақытында ақшасын төлесе, онда қалыптасқан ахуалдың өзгеретіні анық. Мәселен, қостанайлықтар жеке аулалардан мүйізді ірі қараны тірідей 1200 теңгеге сатып алуда. Бірақ оған Петропавлдағы ет комбинаттарының әлеуеті аса жетпейді. Бұл – бір мәселе. Екіншіден, бүгінде 115 мал бордақылау алаңдары бар. Онда тұрған малдарды ет комбинаттары жиналып алуы керек. Мысалға, тамыз айынан бастап биылғы туылған бұзаулар аналықтардан бөліне бастайды. Сол кезде олардың иелерімен келісім-шартқа отыру қажет. Ал келесі жылы 6-8 айдың ішінде төлдер 360-400 келіге дейін салмақ қосады. Осылайша ет комбинаттары торпақтарды сатып алар еді. Бірақ оған қалталарындағы қаржы жетпейді әрі шалғайдағы ауылдардан етті тасымалдауға қолдары қысқа.
Екіншіден, ет комбинаттарынан шығатын өнімдердің сапасы әлемдік талаптарға сай келмей тұр. Себебі бүгінгі сұранысқа жауап беретін азық-түлікті шығару жағы кемшін, стандарттау технологиясы кенжелеп қалған. Шұжықты бұрынғыдай нарыққа ұсынуға болмайды. Оны шығару тәсілдерін өзгерту, сыртқы қаптамасын жаңарту қажет. Маркетингпен жұмыс істеу керек. Жарнамасына көңіл бөлген жөн. Бірақ бұл мәселелер көбіне назарсыз қалуда.
Бүгінде сол технологияларды ендіруді, логистиканы қалыптастыруды мықтап қаперге алу – бәсекелестік заңы, уақыт талабы. Мәселен, көршілес Ресейдің Омбы қаласында «Бекон» деген ет комбинаты бар. Олар өндіріске ғылыми жаңашылдықтарды ендіруді, тасымалдау жүйесін жетілдіруді бірінші кезекке қойып, нарықтың тамырын дөп басты. Ал біздің кәсіпорындар ескінің сарынымен қалып қойды. Бүгінде облысымызда «Қазетөнім» және «Фрегат» кәсіпорындары заман талаптарына толық сәйкес келгенімен, әлі де толық күшіне ене алмай отыр.
– Кооперацияға көпшілік әлі де күмәнмен қарайтыны белгілі. Бұл бағытта теріскейліктер тарапынан бірігуге қызығушылық бар ма?
– Біз әуелі халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Кооперация – өте тиімді. Әсіресе, оның артықшылығын сүт пен ет бағытындағы тауар өндірушілер сезінетіні анық. Меніңше, ұсақ шаруа қожалықтарының басын біріктірген жөн. Себебі олар көптеген мемлекеттік бағдарламалардан сырт қалады. Егер күш-жігерлерін жұмылдырса, онда жеңілдетілген несиелерге, демеуқаржыландыруға және лизингке қолдары жетеді. Қазіргі таңда 145 ауылшаруашылық кооператив бар. Олардың 35-і сүтті бағытта жұмыс істейді. Енді көрсеткішті 50-ге дейін жеткізу қажет. Сонымен қатар ауылдарда тек төрт түлікпен ғана айналыспай, қанаттыларды өсіруді де оң жолға қою қажет. Бүгінде Қызылжар ауданында құс шаруашылығы бойынша бір кооператив құрылды. Енді аймақтағы омарташылардың да басын қосып, олар үшін қаржыландырудың жаңа көздерін ашуға болады. Жылдың соңына дейін бұл бағытта бір кооператив құруды межеледік. Оның арқасында балды шетелге экспорттауға мүмкіндік бар.
Облысымызда 3 мыңнан астам көліміз бар. Сондықтан балық шаруашылығын дамыту да діттеліп отыр.
– Тындырылған шаруалар бір төбе, көзделген мақсат-мұраттар да аз емес. Игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!
Венера Мұстафина
17.07.2017 ж. мақала