•  

    Рубрика: Бизнес | Животноводство |  Просмотры - 8 162

    Ет дегенде, бет бар ма?

    Дастарханның сәніне айналған етке келгенде, сыни пікірлер түгесілмейді. Бағасы қалта қағады, экспорттаудан гөрі сырттан жеткізелетін өнімнің үлесі басым – оның бір парасы. Ал атқамінерлер еттен қағажу көрмейтінімізді алға тартады. Статистикалық мәліметтерді тергіштеп көрелік.

    Биылғы 1-ші қазанда еліміздегі мүйізді ірі қараның саны 7 104,4 мың басқа жеткен. Өткен жылдың сәй­кес мерзімімен салыстырғанда көрсеткіш 273 мыңға ұлғайғаны байқалады. Оның ішінде асыл тұқымды Зең­гі баба тұқымының үлесі 10% құрайды. Тек мал шару­ашылығындағы өнімділікті жақсартуға бұл аздық ететіні сөзсіз. Мұны қаперге алған атқамінерлер асыл тұқымды малдың басын екі есе көбейтуді діттеп отыр. Оның қан­шалықты мүмкін екендігін және қазіргі бет алысымыз жайлы «Терра» ЖШС директоры Дәулет Ахметқалиев сыр шертті.

    Даулет Ахметкалиев. Фото: Венера Мұстафина

    Даулет Ахметкалиев (слева). Фото: Венера Мұстафина

    - Дәулет Берікұлы, малды сырттан жеткізу қиын емес. Бар гәп оларды жерсіндіруге, қажетті жем-шөп қорын қамдауға тіреледі. Бұл сіздердің қол­дарыңыздан келді ме?

    - Сұрағыңыз өте орынды. Шетелдік асыл тұқымды малды жергілікті жағдайға бейімдеумен қатар оның санын көбейттік. «Астық индустриясы» агрохолдингі­нің ішінде «Север-Агро Н» репродуктор-шаруашылығы құрылған. Генетикалық көрсеткіштеріне байланысты ет бағытындағы абердин-ангусқа таңдау түсті. 2011-2012 жылдары мемлекеттің қолдауымен Австралиядан олар­дың алғашқы легін жеткіздік. 2500 бас аналық және 100 аталық ірі қара шеттен сатып алынды. 6 жылдың ішінде малдың санын 8 мыңға жеткіздік. Енді біздің негізгі мақ­сатымыз – Қазақстанда малдың асыл тұқымды бағытын жетілдіру, ет өндіру саласын дамыту.

    - Асыл тұқымды малдың төлдерін өсіріп, санын көбейткен дұрыс. Бірақ олардың пышаққа ілігуі жиі кездесетін жайт. Бұл елдегі ірі қараның генети­калық әлеуетін жақсартуға қолбайлау емес пе?

    - Сөзіңіздің жаны бар. Сырттан жеткізілген малдың төл­дерін, әсіресе аталықты ет түрінде сату – дұрыс емес. Есе­сіне оны өнімділікті арттыру, малдың генетикалық қасие­тін жақсарту үшін қолданған абзал. Бізде аналық мал басы 30% өзінің төлімен жаңарды. Енді өңіріміздің табиғи жағдайларына бейімделген асыл тұқымды аталықтарды өсіріп отырмыз. Олардың санын көбейтуге ден қойдық. Қазақстанда ет бағытындағы асыл тұқымды бұқаларды көбірек сатуды жоспарлап отырмыз.Оларға сұраныс бар.

    Негізінен асыл тұқымды малды өсіруге теріскей­де шоғырланған: Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облысы. Ал Батыс пен Оңтүстік Қазақстан аймақтарында мал басы көп. Бірақ асыл тұқымды шару­ашылықтар аз. Сондықтан осы өңірлерді нысанаға алдық. Оларға асыл тұқымды бұқаларды сату жоспарда бар.

    - Бірнеше жыл ішінде асыл тұқымды малды өсіру­дің қыр-сырымен қатар артықшылығын меңгерген боларсыздар.

    - Австралиялық технологияларды өзіміздің жағ­дайымызға бейімдеп алдық. Асыл тұқымды малды азықтандырудың өзіндік талабы мен тәртібі бар. Оның салмақ қосуына қамдаған жем-шөп қоры әсер ететіні даусыз. Өсімді ынталандыратын заттарды мүлде қолдан­баймыз. Тек табиғи дақылдар кәдеге жаратылады. Біздің өңірдегі жем-шөп қоры минералды заттарға бай. Біздің оған көзіміз жетті. Мәселен, 12 ай ішінде асыл тұқымды малдың тірідей салмағы 295 келіге жетсе, оның қара­пайым сыңарында көрсеткіш 205 келіге тең. Төлдеген малдың төлін салыстырып көрелік. Асыл тұқымды бұза­удың салмағы 30 келіні, ал қарапайым 17 келіні құрайды. Бір тәулік ішінде орташа салмақ қосуы 823 гр жетеді.

    Ал малдың дәл осы түрін өсірудің тиімділігі де баға­ланды. 7 айлық бұқаны бірінші санаттағы бордақылау алаңына өткізуден түсетін кіріс шамамен 82 мың теңге­ні құрайды.

    - Бұл ретте өздеріңізге қарасты бордақылау алаңының жұмысына тоқталып өтсеңіз.

    «Терра» бордақылау алаңында асыл тұқымды және қарапайым аулалардан сатып алынған мал семіртіледі. Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары бізге ірі қараларын тапсырады. Тасымалдау мүмкіндігі болмаса, өзіміз жолға шығамыз. Оларды кемін­де 100 күн жеммен семіртіп, содан кейін сатамыз. Бүгін­де бордақылау алаңында 8 мың бас мал бар. Оның 1500 асыл тұқымды ірі қара.

    - Малды тірідей сатумен қатар оны ет түрінде өткізетіндеріңіз белгілі. Ресейге жеткізуде қиын­дықтар туындағаны мәлім. Мәселе шешілді ме?

    - Шаруашылығымыз Қостанай облысының Қара­балық ауданында орналасқан. Шекара шебінің маңын­да жайғасқан. Көрші Ресейдің Магнитогорск, Челябі, Ека­теринбург іспетті ірі қалалары бізден небары 200-250 шақырым. Олармен байланыс көпірін орнатуды ұйғар­дық. Бірақ 2016 жылы етті сата бастаған кезде ветери­нарлық құжаттардың рәсімделуі 7 күнге дейін созылып кетті. Бірақ оның сақталу мерзімі – 14 күн. Сонда оның жартысы қағазбастылыққа, құжаттарды толтыруға жұм­салды. Ал супермаркет сатып алған кезде сақтау мерзі­мі 50% қысқарып, 7 күнді ғана құрайды. Оған да мұндай өнімді сату тиімсіз.

     - Өндірушілер көбіне ішкі нарыққа ұсынғаннан гөрі сыртқа көз тігеді. Келісесіз бе?

    - Ұсыныс сұранысқа байланысты туындайтыны белгілі. Жалпы еттің бағасы бойынша оны елімізден гөрі Ресей­де сатқан тиімді. Бірақ біздің облысымызда ет жеткілікті, ешбір тапшылық байқалмайды.

    Пышаққа ілігетін малдың дені тұқымсыз, бірақ семіртіл­ген. Кемінде бордақылау алаңынан 12 мың бас мал етке тапсырылады. Оның дені еліміздің сауда орындарына жол тартса, шамамен 20%-ы Ресейге тасымалданады.Бұл бағытта аптасына бір жүк көлігі жолға шығады. 10-20 тон­на көлемінде ет тасымалданады.

    Біздің өнімнің дәмін жергілікті қостанайлықтармен қатар астаналықтар да татады. Алматы қаласынан сұраныс бар. Бірақ тасымалдау мәселесі қолбайлау болып отыр. Алыс жол, оның шығыны және еттің жарамдылық мерзімі деген мәселелер туындайды. Ал Астана қаласы бізден небары 700 шақырым орналасқан. Сондықтан біз­ге жүк көліктерімен қатынау тиімдірек. Әзірге аптасына бір рет «Карамелька» белгісімен ет бас қаламыздың сау­да орындарына жол тартады. Енді қараша айында тасы­малдау жиілігін 3-ке дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Қосымша супермаркеттермен келіссөздер жүргізілуде.

    Өнімді шетелге шығару тиімді екендігі беседен белгі­лі. Сондықтан бүгінде етті экспорттаудың аясын кеңей­тудің мүмкіндіктері қарастырылуда. Қосымша бағыт­тар пысықталуда. Қытайға көз тігіп отырмыз. Оның нарығы үлкен әрі сапалы етке сұраныс та көп. Үкімета­ралық келісімдердің нәтижесі бойынша компанияаралық келіссөздер жүргізіледі.

    - Тұтынушылар еттің бағасын сынға алатыны белгілі. Сіздерде өнімнің бағасы өзгерді ме?

    - Біз еттің бағасын көтерген жоқпыз. Бүгінде бор­дақылау алаңынан сатылатын қарапайым мал етінің келі­сі 1200 теңгеге бағаланған. Ал абердин-ангустың еті 1500 теңгеге сатылады. Көбіне Қостанай облысындағы ет ком­бинаттары біздің етке қолқа салады. Олар негізінен мал­ды тіредей сатып алады.

    - Бүгінде еліміздегі ет комбинаттарының дені әлі де толық жүктелмеген. Бірі шикізат­тың тапшылығын алға тартса, екіншілері үшін айналымдағы қаржы қат. Сіздер ет өңдейтін цехты ашуда мұндай тәуекелдерді ескердіңіздер ме?

    - Нарықтың өзінің заңдылығы бар. Оған сәйкес кез кел­ген шаруашылық бірінші кезекте өзінің пайдасын негіз­гі бағдарға алады. Біздің холдингтің ішінде әуелі бор­дақылау алаңының жұмысын оң жолға қойып, содан кейін ғана ет комбинатын салуға бекіндік. Бірден өңдеу кәсіпорынын ашсақ, шикізат үшін өзгелерге қол жайып, тәуелділікке душар болар едік. Оны толық жүктеу үшін әуелі бордақылау алаңы құрылуы керек.

    Біз әуелі асыл тұқымды репродуктор-шаруашылықтан бастадық. Репродуктор-шаруашылық дегеніміз не? Біз қарапайым адамдарда кросс болғанын қалаймыз. Бұл дегеніміз тұқымсыз сиырлар мен асыл тұқымды бұқа­лар. Екінші кезең – бордақылау алаңдары. Бірінші біз бор­дақылау алаңы үшін базаны жасақтаймыз, ал репродук­тор бұқаларды сатады. Содан кейін ет комбинаты үшін базаны қалыптастыру қажет. Үшінші кезең – ет комби­наты. Оның арқасында бір-бірімен байланысты барлық түйін қамтылады. Белгілі бір кезеңнен секірмей, толық циклды сақтау керек. Соңынан бастау – әбестік.

    Кейбірі әуелі ет өңдеу кәсіпорнын салып, кейін оны шикізатпен қамтуға бас қатырады. Олар шикізатқа іздеу салып, бордақылау алаңынан арзан бағаға сатып алғылары келетіні түсінікті. Бірақ малды семіртумен айналысатын шаруашылықтың да өзінің мүддесі бар. Оған етті арзан сату – тиімсіз.

    Егер өндірістің барлық кезеңдерін өзің қамтысаң, онда оның тиімді екендігінде шүбә жоқ. Ісің алға басады. Өзге­ге үміт артып, алақан жаю құрдымға апарады.

    - Қуаттылығы қандай болмақ?

    - Әуелі қуаттылығын нақты айта алмаймын, оны бір­тіндеп ұлғайтамыз. Бастапқыда күніне 50 бас деп белгі­лейміз. Осылайша сұранысты зерттеп, саудалауды бір жолға қоюға мүмкіндік бар. Мақсат – алдымен салу, кейін қайда сатуды іздеу емес. Барлық кезеңді жүзеге асыру.

    - Бүгінде өнімнің қандай түрлері саудаға ұсынылады?

    Біз сұранысқа сәйкес етті мұздатылған, салқында­тылған күйде немесе жартылай фабрикаттар түрінде жеткіземіз. Көбіне салқындатылған етке сұраныс көп. Ірі супермаркеттер салқындатылған етті сатып алуға мүдде­лі. Бірақ оның сақтау мерзімі бар.

    Қостанайда өзіміздің фирмалық дүкеніміз бар. Әрине, ондағы ұсынылған тауардың көлемі үлкен емес. Көбіне жартылай фабрикаттар, стейк түріндегі ет, порцияланған және вакуумдық орамаларда сатылады.

    - Әзірге ет өңдеу цехымыз шағын. Қазір ол 100 пайыз жүктелген. Тұшпара, манты және тартылған ет дайын­далады. Қазір күніне 1-2 тонна жартылай фабрикаттар шығарылады. Келешекте сұранысқа байланысты нақты көлемді анықтаймыз. Егер біздің өнімді тұтынатындар көбейсе, ет комбинатын салу арқылы оның түрлері мен көлемін ұлғайтамыз.

    - Сіз үшін табыс кілті неде?

    - Табыс кілті – мықты команда. Барлығымыз бірлесе ортақ мақсаттарға қол жеткізіп, жетістікке жетудеміз.

    - Тұшымды әңгімеңізге рахмет. Жұмысыңыз жемі­сті болсын!

    Венера Мұстафина

     Опубликовано 26.04.2018

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Добавить комментарий

    Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

    * Скопируйте этот код *

    * Вставьте этот код здесь *

    Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

    • Курсы валют

      Курсы валют в Республике Казахстан
    • Архивы

    • Опрос

      Какая деятельность в сфере сельского хозяйства (вашей области) особенно подвержена коррупционным проявлениям?

      Показать результаты

      Loading ... Loading ...
    • Центр агрокомпетенций НПП РК «Атамекен»

    • Комментарии

    • Калькулятор валют

      Калькулятор валют НБК

    • Погода

      Костанай
      17°
      23°
      Пт
      6°
      Сб
      10°
      Вс
      17°
      Пн
      14°
      Вт
     
  •   Копирование материалов допускается исключительно с письменного разрешения редакции и при условии ссылки (если это печатные издания), гиперссылки (для интернет-изданий) на agroinfo.kz  
     
    Agronationale Яндекс.Метрика
     
     
      Распространяется на территории Республики Казахстан Размещение рекламы 8 (7142) 39-15-12, 54-39-39  
    ArabicEnglishFrenchGermanItalianKazakhPortugueseRussianSpanishUkrainian