Шегірткемен күрес: ахуал мен амал

Егіс науқаны аяқталғанымен, танап басындағы күйбең тірлік тоқтамайды. Жер сипап қалмау үшін алқапты зиянкестерден қорғау қажет. Биыл елімізде шегірткемен күреске 1,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Олар 1,5 миллион гектар алқапқа жайылуы кәдік. Болжамдарын алға тартқан мамандардың пікірі осыған саяды.

Үйірлі шегірткенің үш түрі бойын­ша жүргізілген сараптаманың тоқтамы: егістіктің 951 мың гектарына италия­лық, 298 мыңына азиялық, 320 мыңы­на мароккалық таралуы мүмкін. Оның зардабы көбіне Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында сезіліп отыр. Әсіресе соңғы аймақтағы ахуал алаң­датарлық. Былтыр зиянкестер қаптап, жайылым мен егістік алқаптарын жай­паған. Биыл сан соқпау үшін шегірткемен күрес жұмыстарына қол сілтемеген абзал. Қапы қалсақ, диқандар қауымының төгіл­ген тері ақталмай, белшесінен шығынға батуы ықтимал.

Саранча в траве_site
Иллюстративный коллаж: АгроИнфо

 – Өткен жылы тиісті жұмыстар дер кезін­де жүргізілмеді. Бұл шегерткенің көбеюі­не себеп болып отыр. Биыл зиянкестер­мен күресу мақсатында қажетті химикат­тар сатып алынып, өңірлерге жеткізілді. Егіс алқаптарын өңдеу белгіленген кесте­ге сәйкес ешбір кідірусіз жүргізілуде. Қалыптасқан жағдай қауіп ретінде баға­лануда. Бірақ министрлік тарапынан бар­лық қажетті іс-шаралар қолға алынған. Біздің есебіміз бойынша биыл шегірт­кенің саны аз болуы тиіс, – деп мәселе­нің жай-жапсарын ҚР Премьер-мини­стрінің орынбасары Ауыл шару­ашылығы министрі Асқар Мырзахме­тов тергіштеді.

Өңірде марокколық шегірткенің көбеюі өткен жылы байқалған. Мұны қаперге алған мамандар өңделетін алқаптардың көлемін ұлғайта түскен. Себебі жауап­ты мамандар шегірткенің таралуына зер салғанымен, болжам жасауда мүлт кет­кен. Межеленген көрсеткіш нақты сан­дардан асып кетті.

– Біздің болжамымыз бойынша Оңтүстік Қазақстанда марокколық шегіртке 257 мың гектарға таралуы тиіс еді.Бірақ қазір зиянкес 410 мың гектар жерге қанат жайған. Бұл көрсеткіш Жамбыл облысын­да 63 мың гектар құрайды деп есептесек, бүгінгі таңда марокко шегірткесі 81 мың гектарды алып отыр. Біз болжаған көлем­нен 18 мың гектардан асып кетті, – деп ахуалды Фитосанитарлық диагности­ка және болжамдар орталығы дирек­торының орынбасары Әбдірашит Мұқышев бағамдады.

Оның сөзін тергіштесек, мекеменің 160 аудандық филиалы бар. Олар еліміздің барлық өңірлерінде қанат жайған. Облыс орталықтарымен қатар аудандар да қам­тылған. Бүгінде сараптау және болжау жұмыстарымен 800 адам айналысады. Жауапкершілік жүгі ауыр болғандықтан, жоғары білікті мамандарды тартуға баса назар аударылады. Кадрлардың жетіспе­ушілігіне мемлекет бас ауыртады. « Жол картасы» бойынша қазынадан 437 адам­ды қабылдауға қаржы бөлініп отыр. Бірақ техниканы сайламаса, нәтижеге жету екі­талай. «Сараптау жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 437 көлік алып, оны аудан­дарға бөліп береміз. Әрбір ауданда 3-4 көлікпен анықтау жұмыстары жүргізіледі. Жалпы 62,8 млн га алқапта ерекше қауіпті зиянкестерді анықтау жұмыстарын жүр­гіземіз. Үйірлі шегірткенің 3 түрі бар: ита­льяндық, азиялық, марокколық. Итальян­дық барлық облыстарда таралған. Азия­лық 9 облыста кездеседі. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде марок­колық шегіртке қанат жайған. Бүгінде соңғысы бойынша анықтау жұмыстары қолға алынған. Басты мақсат – оның эко­номикалық зияндылығының шектен асқан көлемін анықтау. Оның негізін­де егіс алқаптарында өңдеу жұмыстары жүргізіледі», – дейді ол.

Шегірткемен күресте алдын ала сынақтан өткен пестицидтер кәдеге жаратылады. Олар барлық өңірлерге жет­кізілді. Танап басындағы химиялық өңдеу газ генераторлары, жер үсті және аспалы бүріккіштер, ұшақтар арқылы жүргізіле­ді. Мамандардың уәжіне сенсек, олардың зиянкестерге қарсы тиімділігі дәлелден­ген. Ал флора мен фаунаға зиянды әсері болмашы.

– Зиянкестермен күресу бойынша шетелдік ғылыми зерттемелер көп. Оның ішінде франциялықтар биоәдіске жүгінеді. Бүгінде біз шегірткеге қарсы бір биопрепаратты сынауға кірістік. Оның нәтижелігі дәлелденсе, Жиембаев атын­дағы Қазақ өсімдікті қорғау және каран­тин ғылыми-зерттеу институты өндір­уді және өндіріске ендіру жұмыстарын қолға алады. Жалпы сараптамаға сүйен­сек, диқандар қауымы өздеріне қарасты алқаптарда тиісті агротехникалық жұмыстарды жүргізеді. Оның ішінде жерді жырту, қопсыту, майдалау. Оның нәтиже­сі бар екендігі сөзсіз, – деп мәселенің мән- жайын ҚР Ауыл шаруашылығы мини­стрлігі АӨК мемлекеттік инспекция комитеті басқармасының басшысы Алмат Сүлейменов жіпке тізді.

Атқамінерлердің байламы: әуелі тұрақты сараптамалық және химикат­тар арқылы күресу жұмыстарын жүргі­зіп, зиянкестердің санын құлдилатқан абзал. Оған қол жеткізілсе, шегірткеге қарсы биологиялық әдістерді қолдануға көшу қажет.

Венера Мұстафина

05.06.2017 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы