Аграрлық ғылым мен инновацияның тынысы қандай?

«Made in Kazakhstan» жер-жаһанда экологиялық тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Органикалық егіншілікті дамыту, өнімділікті артты­ру жолында ғылыми жаңалықтар мен инновациялық технологияларды кәдеге жаратуға болады.

Аграрлық ғылымды

Ауыл шаруашылығы ғылыммен ұштастырылса, өндіріс пен өнімділік есе­лене түседі. Мұны қаперге алғанымызбен, нақты қадамдарымыз әлі де сылбыр. Аграрлық ғылым мен инновацияға қаржы үлестіріледі. Бірақ оның нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Стратегиялық және экс­порттық маңыздылығы бар дақылдың ахуалы алаңдататыны хақ. Қазақстанның мақтанышына, дастарханымыздың сәніне айналған сары алтын сапасының төменде­уі – оның бір айғағы. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов бұл үрдіс алғаш рет бес жыл бұрын байқалғанын мойындады. Оның уәжіне сенсек, бар гәп қолайсыз ауа райына, ылғалдылыққа, топырақ құнарлығының жойылуына, түрлі ауруларға тіреледі. Бұл бағытта тұқымды жаңарту, жаңа сұрыптарды қолдануға қол сілтемеген абзал. Тек ғылыми жаңашыл­дықтар мен жетістіктерді ендіруге келген­де, енжарлық танытатынымыз бар. Бүгінде агроөнеркәсіптік кешен бойынша әзірле­мелердің тең жартысы ғана кәдеге жара­тылады. ҚР АШМ «Ұлттық аграрлық ғылы­ми-білім беру орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Асқар Наметовтың пікірі осыған саяды. Оның сөзіне сүйенсек, ғалымдар мен отандық тауар өндірушілер арасында байланыс көпірін нығайтуға ден қойылған.

Иллюстративное фото
Иллюстративное фото

– Біздің сұрып бүгінде 2,5 миллион гек­тар алқапқа сіңіріледі. Оларды қолда­нудың арқасында астықтың берекелігі гек­тарынан үш центнерге артты. Сұрыптың бұл түрі тек 5 жыл бұрын шығарылды. Бірақ бүгінде диқандар қауымына 47 мил­лиард теңге көлемінде табыс әкеліп отыр. Шаруалардың көбі отандық ғалымдармен шығарылған сұрыптарды толық пайдалан­байды. Олардың әлеуеті тек 40-60 пайызға ғана кәдеге жаратылады. Бүгінде басым­дықтарды өзгерттік. Ғылым білімді тара­ту, ақпараттық қамсыздандыру шеңберін­де тауар өндірушілермен байланыс орна­туға көшеді. Технологиялық карталардың арқасында әлеуетті диқандар қауымына жеткізіп, технологияларды дұрыс пайдала­нуды меңгертеміз. Сонда ғана 2017 неме­се 2018 жылы әлеуетті пайдалану деңгейі 20-30 пайызға көбейеді. Гектарынан 10-15 центнердің орнына кемінде 20-25 центнер өнім бұйырмақ. Бұл – жоғары деңгейдегі тиімділік пен нәтиженің көрсеткіші, – деп тындырылған жұмыстарды Асқар Наметов ой елегінен өткізді.

Жаңашылдыққа жақын тауар өндірушілер

Инновациялық технологиялардың артықшылығына Диас Тастанбеков көз жеткізген. Жаңашыл жас органикалық өнімдерді өндіруге бел буған. Экология­лық таза көкөністерді өсірудің аэропонды әдісіне таңдау түсті. Оған сәйкес өсімдік­тер топырақсыз, жасанды ортада жайқа­лады.

Қоректік заттар ауа арқылы тамырға тозаң түрінде жеткiзіледі. Олар отте­гіге еркін қолжетімділіктің арқасында топыраққа егілген өсімдіктерге қарағанда тезірек өседі, ауруларға төзімділік қасиет­тері басым.

«Барлық өсімдіктерге даму және өсуі үшін құнарлы орта, су, жарық және ауа қажет. Аэропонды тәсілдің ерекшелігі – қоректік заттарды топырақ арқылы жет­кізу міндет емес. Оны өсімдіктің тамыры­на минералдармен байытылған суды бүрку арқылы жүзеге асыруға мүмкін­дік бар. Аэропонды жылыжайда өсімдік­тер топырақсыз өсіріледі. Бұл тәсіл көпте­ген мемлекеттерде кеңінен қолданылады. Әсіресе құнарлы жер мен сапалы судан таршылық көретін Жапонияда және Израильде сұранысқа ие. Өсімдіктерді осындай тәсілмен өсірсек, органикалық тұрғыда таза өнім аламыз. Сонымен бір­ге қаражатпен қатар суды, қуатты үнем­дейміз. Өнім өндіруде жұмсалатын шығын­дар аз. Сәйкесінше бағасы да қолжетім­ді», – деп өзінің пайымымен жаңашыл жас бөлісті.

Қарағандылық Диас заманауи жылы­жайдың іргетасын қалады. Оның аумағы 400 шаршы метрді құрайды. Бүгінде шетелде білімін шыңдаған жас кәсіпкер аэропонды жүйелерді орнатуға мықтап кірісті. Ол биоөндіріске негізделген жылы­жайда көкөністерді өсіріп, ішкі нарықты сапалы органикалық өнімдермен қамта­масыз етпек.

Диастың көзқарасы мен ұстанымы 23-жастағы Евгений Лиге де таңсық емес. Атыраулық жас заманауи технологиялар мен инновациялық әдістерге иек артудың маңыздылығын түйсінген. Жігерлі жігіт тәуекелге бел буып, жиған-терген қаража­тын жылыжайдың құрылысына жұмсады. «Тұқымды сатып алып, жылыжай өсімдік­терге жарық түсіру, тұман қалыптастыру және желдету жүйелерімен жабдықтады. Орнатылған құрал-жабдықтардың бар­лығы біздің елімізде құрастырылған. Таяу­да «Қазақстанда шығарылған» деген сер­тификатты иелендім. Енді мен қазақстан­дық тауар өндірушілердің бірі саналамын. Неліктен гүлдер мен көшеттерді өсіру­ге бел будым? Себебі 2 жыл бойы қаланы көгалдандырумен айналысатын мекеме­де тер төктім. Оның барысын жан-жақты елеп-екшеп, біліп-көргенімді кәдеге жара­туды ұйғардым», – деп өзінің қолға алған шаруаларымен Евгений бөлісті.

Жылыжайда біржылдық гүлдер­дің түр-түрі, сәндік, жеміс және қылқан жапырақты ағаштар жайқалған. Енді Евге­ний өсімдіктермен қатар көкөністерді көбейтуге бел буып отыр.

ГМО қолдануға болмайды

Дұрыс тамақтануға және салауатты өмір салтын ұстануға қызығушылық үлкен. Тиі­сінше бүгінгі таңда жер-жаһанда экологи­ялық таза өнімдерге сұраныс артты. Орга­никалық егіншілік жоғары бағаланады. Қазақстан да биоөндіріске бет бұрып, оған қан жүгіртуге кірісті. Қажетті заңнамалық құжаттар қабылданып, өнімді сертифи­каттаудың жолдары пысықталуда.Бүгінде Ақмола облысында бірнеше кәсіпорын шетелдік арнайы ұйымдарда аккредита­циядан өтіп, органикалық өнімдер Еуроо­дақ елдерінің нарығына жол тартты.

Елбасы еліміз экологиялық таза тағам­дар бойынша әлемде ірі аграрлық экс­порттық өнім өндірушілердің біріне айна­луға әлеуетіміз барын қадап айтты. «Made in Kazakhstan» бренді табиғи өнімдермен әмбеген мәшһүр болуы тиіс. Сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруда ГМО-ны қолдануға тыйым салынады.

– Барлық ГМО гибридтермен бай­ланысты. Әлемде гибридтер негізінен майлы дақылдарды өсіруде қолданылады. Гибридтер біздің елге 10-15 жыл бұрын келген және біздің жағдайларға икемде­ле алмады. Біздің мемлекет ГМО қолда­натын гибридтерге оң көзқарас танытпай отыр. Жақын жылдары оларды қолда­нуға тыйым салатын белгілі бір кедергі­лер, нормалар, ережелер енгізілуі мүмкін. Шет мемлекеттер Қазақстанда егін шару­ашылығы химиялық қоспаларсыз жүргізі­летінін біледі. Олар Қазақстаннан органи­калық таза өнімдерді күтеді», – деп сендір­ді Асқар Наметов.

Оның айтуынша, біртіндеп органикалық егіншілікті және мал шаруашылығын дамытуға ден қойған абзал. Бүгінде қажет­ті стандарттар пысықталуда. 2017 жылдың екінші жартысында органикалық өнім шығаруға мүмкіндік беретін ережелер қабылдануы ықтимал.

Венера Мұстафина

22.05.2017 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы