Демеуқаржы жыры: шаруалардың соры ма әлде бағы ма?
Тың бағдар – нарықта сұранысқа ие өнімдерді өндіруге қолдау көрсету. Жыл басында құпталған жаңа бағдарлама демеуқаржыландырудың тетігін өзгертті. Елімізге қажетті әрі сыртқа жол тартатын өнімдерге басымдық берілген. Атқамінерлердің уәжіне сенсек, осылайша мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру нысанаға алыныпты.
Өзгерген ойын ережелері
Әуелі ауыл шаруашылығындағы демеуқаржының 65 түрі сарапталған. Оның 11-не тиімсіз деген «диагноз» қойылып, қолданыстан шығарылған. Дәнді дақылдар бойынша әрбір гектарға 300 теңгеден берілген субсидия – кешегі күннің еншісінде. Шенеуніктердің дерегі бойынша жылда бұл бағытта ел қазынасынан 25 миллиард теңге жұмсалды. Тек қайтарымы мен нәтижесі аса сезілмеген. Енді қомақты қаржы ата кәсіптің қанат жаюына қолғабыс етеді деген үміт бар. Алдағы меже айқын. 2021 жылға дейін мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 40% артуы тиіс.
– Егер бұған дейін ірі қараны бордақылау бойынша субсидияны 175 шаруашылық иеленсе, енді олардың қатары 522-ге дейін жетті. Нәтижесі де көп күттірген жоқ. 7 ай ішінде сиыр етін өндіру деңгейі 1,3 есе артты. Сүт бойынша субсидиямен қамтылған шаруашылықтардың саны 2 есе көбейді. Құс өсірушілер де 100 пайыз мемлекеттік қолдауға ие. Оның арқасында биылғы 7 айда өндіріс көлемі 10 мың тоннаға ұлғайды. Тері бойынша демеуқаржыны қолға алғандар 3,6 есе артты, – деп мәселенің мән-жайын ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Айтуғанов ортаға салды.
Бордақылау алаңындағы ірі қара 100- ден асса, мемлекеттік қолдауға қолқа салуға болады.
Ұсақ пен ортаға басымдық
Атқамінерлер қара қылдың қақ жарылуына қатты бас қатырған көрінеді. Демеудің шапағатына ірі агроқұрылымдар ғана емес, орта және шағын шаруашылықтар да бөленуі тиіс. Тек инвестициялық субсидиялау бойынша соңғылардан гөрі алғашқылардың айы оңынан туған. Өткен жылы бағдарламаға қатысушылардың саны 2400-ге жеткен. Оның ішінде 2%-ын құрайтын ірі шаруа қожалықтары субсидияның тең жартысын иеленген. Ал өзгелеріне – 2351 тауар өндірушіге қалған қаражатты өзара бөлісуге тура келген.
– Инвестициялық субсидиялаудың жоғары талаптары орта және ұсақ шаруашылықтарға оған қатысуға мүмкіндік бермейтін. 2016 жылы бұл бағытта бөлінген демеуқаржының тең жартысын – 13 миллиард теңгеге жуық қаржыны 49 ірі шаруа қожалығы иеленді. Сондықтан биыл бұл субсидияның тәртібін қайта қарастырып, орта және ұсақ шаруашылықтарды дамытуға ден қойдық, – дейді аграрлық ведомствоның өкілі.
Қайта өңдеудің тынысы
Сыртқа алақан жаймау үшін өндірісті қамшылаған жөн. Шикізатты ұқсатуға бетбұрыс қажет. Талай жылдан бері ауылшаруашылық өнімдерді өңдеуге жан бітірудің қам-қарекеті қолға алынған. Қарқынды даму байқалмағанымен, алға жылжу бар. Оның нақты деңгейін айқындау салаға жан-жақты талдау жүргізуді талап етті. Мұны құзырлы министрлік қаперге алған. Алғаш рет қайта өңдеуші кәсіпорындардың дерекқоры түзілген. Онда әрбір өндірістің ахуалы және қолбайлау болған мәселелер тізілген.
– Дерекқордың және жүргізілген есеп-қисаптың негізінде әрбір облыс және аудан бойынша Агроөңдеу кәсіпорындарының орналасу картасы әзірленді. Оған сәйкес қолданыстағы 80 зауытты жаңғыртып, 79 жаңа нысанды салу керек. Картаны жүзеге асыру арқылы импорттың үлесін 32 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетіп, ауылшаруашылық шикізатты өңдеу деңгейі 8,5 пайызға артады, – деп түсіндірді Қайрат Айтуғанов.
Пайдасы көп дақылдар назарда ма?
Қазақстанда демеуқаржыландыру өндіріске бағытталса, дамыған мемлекеттерде сақтандыру нысанаға алынған. Оны оң жолға қою АҚШ-та 15 жылға созылды. Бүгінде мұхиттың арғы жағындағы елде мемлекеттік қолдаудың 79% малды және жиналған өнімді сақтандыруға жұмсалады. «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ өңірлік және әлеуметтік талдау орталығының директоры Ғаббас Ержановтың пікірі осыған саяды.
– Демеуқаржы бөлінгенімен, дәнді дақылды өсірудің тәуекелі жоғары деңгейде сақталып отыр. Орташа алғанда 5 жылда бір рет өнімділік деңгейі күрт төмендейді. Сондықтан диқандар қауымын қорғау тұрғысынан демеуқаржыландыруға қарағанда шығындардың орнын толтыру қолайлы секілді. Бізде мемлекеттік қолдаудың шапағатын ет өндірісі көбірек сезінеді. Тек майлы дақылдар, арпа және күріш кірісі көп, демеуқаржыны көп қажет етпейтінін ескеру керек. Десек те майлы дақылдарды өсіретін диқандар субсидияны көбірек алатын болды деп айта алмаймын, – дейді ол.
Енді кепілзатқа бас қатырған ұсақ тауар өндірушілерге мемлекет қол ұшын созбақ. Оларға «ҚазАгроКепіл» АҚ арқылы несиені кепілдендіру тетігі ұсынылмақ.
Әлеуетіміз толық жаратылмайды
Отандық аграрлық саланың әлеуеті әлі де толық кәдеге жаратылмайды. Органикалық ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар. Оған «ҚазАгро» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Лилия Мусина сенімді. Еліміздегі 200 мыңнан астам га алқаптың тең жартысы ғана қолданыста. Оның 25 млн-ға жуығы егістік, ал 60 млн-нан астамы жайылымдық жер болып табылады.
– Ауыл шаруашылығында еңбек ететіндердің жалпы санынан өз-өзін жұмыспен қамтығандардың үлесі 70,4 пайызды құрайды. Бірақ аграрлық салада жұмыс істейтін бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі Ресеймен салыстырғанда 2 есе, Беларусияға қарағанда 4,5 есе төмен, – дейді ол.
Ауылшаруашылық машина құрылысының аяқ алысы сылбыр. Бұл бағытта Ақмола және Қостанай облыстарындағы кәсіпорындарда көлемі шағын тіркемелі және аспалы техниканың өндірісі ашылған. Осылайша 2021 жылға қарай импорттың үлесін азайту діттеліп отыр.
Венера Мұстафина
25.09.2017 ж. мақала