Жерден ризығын тапқан нәзік жан
Бүгінде кейінгі толқын өкілдері «ақ жағалылардың» қатарын көбейтуден гөрі жеке кәсібін ашуға ұмтылады. Ауыл шаруашылығы саласы да жастардың назарынан кенде қалмайды. Тамақ өнеркәсібі, егіншілік, мал шаруашылығы – таңдау аясы әртүрлі. Үлкен күш-жігерді және еңбекті талап ететін кәсіпке ерлермен қатар нәзік жандар да білек сыбана кірісіп отыр.
Кәсіпке жетелеген ермек
Ірімшік қайнату – 27 жастағы Тамила Розметованың сүйікті ісі. «Қолы білген құм үстінен кеме жүргізер» демекші, нәзік жан оны дайындаудың өзіндік әдісін ойлап тапқан. Еңбекқор атыраулық ару ермегін кәсіпке айналдыруды ұйғарды. Ұзақ ойланбай, 2013 жылы тәуекелге бел буды. Таңдаудан жаңылыспай, нарықтың тамырын дөп баса білді. Ешкі өсіру, оның сүтінен пайдалы өнімдер әзірлеу – күрделі шаруа, дей тұрғанымен, талапты жас көкейіндегі ойын іске асырды. Бірінші кезекте асыл тұқымды мал шаруашылығына ден қойылды. Бұл мақсатта Махамбет ауданының Сарайшық ауылына Сербиядан 500 лақ жеткізілді. Олар жерсіндірілді және төл берді. Бүгінде фермада 1 мыңнан астам сексек ата тұқымы бар. Нәзік жан сауда нарығын ешкі сүтімен ғана қамтамасыз етпей, одан өнім дайындауды жөн санады. Қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Бүгінгі заман талабына сәйкес з ауыт д әруменге б ай с үттен 20-ға жуық өнім дайындалады. Қаймақ, айран, сүзбе, құрт – оның бір парасы ғана. Ал ешкі сүтінен әзірленген ірімшікте Тамила Розметованың қолтаңбасы бар. Авторлық ірімшік дайындауды оң жолға қойды.
– Бүгінде ірімшіктің түр- түрін дайындаймыз. Олардың бірін туған өңірімнің құрметіне «Атырау» деп атадым. Бұл – табиғи, сапалы әрі қауіпсіз ірімшік, – деп өзінің күнделікті жұмысына «Сарайшық» асыл тұқымды шаруашылығы» ЖШС бас директоры Тамила Розметова тоқталды.
Цифрландырылған өндіріс
«Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүрсең, оның жемісіне кенелу екіталай. Ізденіс пен талпыныс қашанда өз жемісін беретіні мәшһүр. Қолға алған іс алға басты. Нәзік жан бір сарындылықтан алшақ. Жаңашыл көзқарас еңбек өнімділігін арттыруға жетелейді. Заманауи технологиялар ауыл тұрғындары үшін таңсық емес. Малдың жай-күйі компьютердің көмегімен бақыланады. Бұл аша тұяқтылардың бойынан қандай да бір ауытқуларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Әрбір ешкіге орнатылған чип арқылы алынған сүт көлемі, ақтың құнарлығы бақыланды. Жаңа жүйе күнделікті жұмысты едәуір жеңілдеткені хақ. Сонымен бірге өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалауға жол ашты.
– Бүгінде біздің шаруашылықта 80-нен астам адам жұмыс істейді. Олардың 94% – 26 жасқа дейінгі жастар. Біздің ұжымның жеткен жетістіктері аз емес. Дегенмен оған тоқмейілсімей, жаңа белестерді бағындыруға әзірміз, – деп зауыттың жұмысын нәзік жан тергіштеді.
Зауыттағы жұмысшылардың дені – «Сарайшық» ауылының тұрғындары. Олар екі аптаға созылған оқ у к урстарына қатысып, білімдерін жетілдірген. Бүгінде жоғары технологиялық өндірісте өнімді дайындаудың технологиясы қатаң сақталады. Бұл өнімнің сапасына тікелей әсер ететіні түсінікті. Атыраулық кәсіпкер жерлестерін дәмі тіл үйіретін табиғи өнімдермен тәнті етуде. Алдағы уақытта ешкі сүтінен балмұздақ әзір- леу жоспарланып отыр. Оған мүмкіндік бар. Себебі атыраулық кәсіпкер аша тұяқтылардың азығына жете көңіл бөледі. Жем-шөппен қатар алма және сәбіз беріледі. Өзгелерге алақан жайылмайды, шаруашылықтың аумағында көкөністер мен жемістерді өсіріледі.
«Жерден ризығын тапқан, онда еңбек еткен менің қатарластарым ауыл шаруашылығынан бас тартпайды. Біздің жер мүмкіндіктерге толы. Биылғы көктем айларында Астана қаласында аязға да, желге де шыдайтын алманың 4 сұрыбын отырғызуға ниетіміз бар. Бақты толығымен тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етеміз», – деп өзінің жоспарымен атыраулық ару бөлісті.
«Қойдың сүті – қорғасын, ешкі сүті – ем» деп тектен-текке айтылмайды. Бүгінде ешкі сүті медициналық мақсатта кеңінен қолданылады.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 11.02.2019 ж. №2 (196) жарияланды.