•  

    Рубрика: Агрономия |  Просмотры - 1 149

    Селекциялық жетістіктер қандай?

    Селекциялық саясатқа жүгі жауапты міндет жүктелген. Сапалы отандық ауылшаруашылық дақылдардың қорын қалыптастыру қажет. Олар тұтынушылық қасиеттері бойынша шетелдік аттасына жол бермеуі тиіс. Отандық селекционерлердің жетістіктері қандай? Жаңа сұрыптар қаншалықты қолданысқа енгізілуде? Бұл сауалға А. И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры жауап берді.

    Иллюстративное фото из открытых источников

    Иллюстративное фото из открытых источников

    Сұрыптың өнімділігіне мән беріледі

    Кейбір жылдары елімізде бидайдың өнімділігі гек­тарынан 25-тен 12 центнерге құлдилаған. Ғалымдар­дың уәжіне сенсек, бұл сұрыптың түрлі ауруларға деген төзімділігінің жоқтығынан туындаған. Жалпы өнімділік­тің артуына бірқатар фактор әсер етеді. Бірақ оның ішін­де екеуі аса маңызды: технология және селекция. Мұны жетекшілікке алған орталық мамандары құрғақшылыққа төзімді, жоғары сапалы және өнімділігі жоғары сұрыптар­ды шығаруға ден қойған. Оның арқасында жұмсала­тын шығындар да құлдилайтын көрінеді.Ғалымдар ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына өз тартуларын жасаған. Шығарылған «Тәуелсіздік» деген сұрып әуелі тәжірибелік шаруашылықтарда сынақтан өткізілді. 2017 жылы одан алғашқы өнім алынды. Нәтижесі көңіл көншітерлік. Бұған дейін қолданысқа енгізілген сұрыптармен салыстырған­да «Тәуелсіздіктің» өнімділігі және сапалық көрсеткіште­рі жоғары.

    - Кез келген жаңа сұрыптың ендірілуіне 2-3 жыл уақыт қажет. Соңғы жылдары құрғақшылыққа төзімді Ақмола, Астана, Астана 2, Шортанды, Бәйтерек секілді сұрыптар шығарылды. 28 элиталық тұқым шаруашылығы бізбен жұмыс істейді, біздің сұрыптарды егеді және көбейтеді. Бүгінгі таңда Ақмола облысындағы егіс алқаптарының 74 пайызы, СҚО-дағы 48 пайызы біздің сұрыптарға негізде­леді. Енді «Тәуелсіздік» деген сортқа сұранысқа бай­ланысты оның түпнұсқасын жасап, өндіріске ендіріп жатырмыз. «Атамекен Агроның» жерінде егіп, оның қол­даныстағы сұрыптан артықшылығы бар екендігін көрсет­кіміз келеді. Оған диқандар қауымы көз жеткізсе, онда сұраныс та көбейетіні белгілі, – деп орталықтағы қолға алынған жұмыстарды Кенже Абдуллаев жіпке тізді.

    Ғалымдар тек бидайға ғана ден қоймаған. Олар егістік­терді әртараптандыру саясатын мықтап қаперге алған. «А.И. Бараев атындағы АШҒӨО» ЖШС астықтан басқа 20 дақылды нысанаға алған. Тары, жасымық, зығыр – оның бір парасы ғана. Ғылыми ізденістер мен селекция­лық жұмыстардың нәтижесі ұзақ күттірмеген. «Биыл біз жасымықтың 2, тарының 1 және көпжылдық шөптердің 1 сұрыпын ұсындық. Жоспар бойынша жасымық өңір­де 100 мың га алқапта себілуі тиіс еді. Бірақ диқандар оны өткізу құны жоғары екендігін ескеріп, алқаптарын көбейтті», – дейді ол.

    Биотехнологиялық әдіске бір қадам

    Бүгінде еліміздегі бидай алқаптарының 48% немесе 11 млн га жерге А.И. Бараев атындағы АШҒӨО шығарылған сұрыптар егіледі. Келешекте бұл көрсеткішті 70-80% жет­кізу діттеліп отыр. Оған Ұлттық биотехнология орталығы септігін тигізеді деп күтілуде.

    - Біз құрғақшылыққа төзімділік пен өнімділіктің шегі­не жеттік. Енді бізге жаңа гендер қажет. Мен шет мем­лекеттерде болдым. Онда биотехнологиялық әдістер­ді кеңінен қолданады. Тіпті гибридті бидайға да ден қойып отыр. Әзірге бұл бізде жоқ. Бірақ келешекте тиісті жұмыстарды қолға алуды ойластырудамыз. Мен АҚШ-та әдеттегі астыққа қарағанда өнімділігі екі есе жоғарылай­тын гибридке куә болдым. Бұл біз үшін қымбат, бірақ ерте ме кеш пе оған келетініміз хақ, – дейді орталықтың бас директоры.

    Бүгінде ғалымдар бидайдың аталған сұрыптарын зер­делеуге мықтап кіріспек. Келешекте көпжылдық астықты өсіру және тәжірибе алмасу бағытында шетелдіктермен әріптестік орнату көзделген. Мәселен, Техаста оның өнімділігі бір жылдық дәнді дақылмен салыстырғанда 10 пайызға төмен. Бірақ есесіне көпжылдық бидай 5 жылда бір рет егіледі және жылда өнім жиналады.

    Егістік айналымы сақталуы тиіс

    Ғалымдардың дәйегінше, дәнді дақылдардың өнімділі­гі тың игеру басталған жылдармен салыстырғанда 2-2,5 есе құлдилады. Бар гәп бұрыннан келе жатқан аграрлық технологиялардың және қолданылатын сұрыптардың бүгінгі табиғи жағдайға сәйкес келмеуіне тіреледі. Нәти­жесінде оның экономикалық әсері де жоғары болмайды.

    - Бүгінгі Қазақстанның табиғи жағдайы 50-60 жыл бұрынғымен салыстырғанда түбегейлі өзгерген. Ауыл­шаруашылық дақылдар сұрыпы мен мал тұқымы, сонымен бірге әртүрлі аграрлық технологиялар сол кездегі топырақтың және ауа райының жағдайына бай­ланысты бейімделді. Ал бүгінде олар «жұмыс істемейді» және одан алынатын экономикалық әсер жоғары емес, – деп мәселенің мән-жайына Кенже Абдуллаев тоқталды.

    Егістік айналымының сақталмауы да топырақтың құнарлығын төмендетіп, өнімділікке тікелей әсер ете­ді. Ғалымдар жылда бидай егуден бас тартып, әртарап­тандыруды жетекшілікке алуды ұсынады. Үрме бұршақ, жасымық, асбұршақ тәрізді бұршақты дақылдар егіл­се, топырақта азот жиналып, оның тыңайтылуына жол ашылады.

    - Кейде диқандар қауымы дәнді дақылды тапсыра алмай әлектенеді. Оның бірнеше себебі бар. Бірінші­ден, кондициялық емес тұқымдардың себілуі. Екінші­ден, топырақтың құнарлығы жиналған дәннің сапасы­на әсер етеді. Фосфорлы, азотты тыңайтқыштарды қол­данып, өнімділікті арттыру қажет. Экологиялық егіншілік – ашық мәселе. Біз үнемі егістік алқаптарын парға қал­дыруды ұсынамыз. Жер мен су эрозиясы туындамау үшін егістік айналымын сақтау қажет, – дейді ол.

    Бір сұрып ұзақ жылдар бойы жақсы өнімділікке кенел­тпейді. Түрлі аурулар мен зиянкестер өсімдіктердің өсіп-өнуіне кедергі келтіреді. Сондықтан ғалымдар әрбір 10 жыл сайын бидайдың сұрыпын ауыстыруды ұсынады.

    Венера Мұстафина

     Опубликовано 04.09.2018

    Поделиться в соц. сетях

    Опубликовать в Google Plus
    Опубликовать в Мой Мир
    Опубликовать в Одноклассники

    Добавить комментарий

    Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

    * Скопируйте этот код *

    * Вставьте этот код здесь *

    Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

     
  •   Копирование материалов допускается исключительно с письменного разрешения редакции и при условии ссылки (если это печатные издания), гиперссылки (для интернет-изданий) на agroinfo.kz  
     
    Agronationale Яндекс.Метрика
     
     
      Распространяется на территории Республики Казахстан Размещение рекламы 8 (7142) 39-15-12, 54-39-39  
    ArabicEnglishFrenchGermanItalianKazakhPortugueseRussianSpanishUkrainian