Кондитерлік саладағы жаңа үрдістер қандай?

Бұл сауалға 14 жылдан бері тәттілер өндірісін басқаратын Лейла Сайдашева жауап берді. «ViZaVi Company» ЖШС 2004 жылы бар-жоғы 3 адам тер төксе, бүгінде 170 адам еңбек етеді. Тұтынушылардың сенімін иеленген өнімге сұраныс та көбейген тәрізді. 2016 жылы нарыққа 1486 тонна өнім шығарылса, өткен жылы 1681 тоннаға жеткен. «СҚО үздік азықүлік тауары» аталы­мына ие болған серіктестік еңбек өнімділігін арттырып, өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.

Фото: Венера Мұстафина
Фото: Венера Мұстафина

 – Бизнесте агрессия бар, сондықтан кәсіпкерлік ерлерге тән қасиеттерді талап етеді деген пікір қалыптасқан. Мұнымен келісесіз бе?

– Меніңше, қолға алған кәсібіңнің тасы өрге домалау үшін ерлерге тән қасиет емес, кәсіпкерлік дағдылар бойыңнан табылуы тиіс. Қажетті шешімдерді тез қабыл­дау, күйзеліске ұшырамау, сабырлық таныту – олардың бір парасы ғана. Бірақ мұның өзі қатып қалған қағида емес. Икемділікке бейім болған абзал. Мәселен, шешім қабылдаған кезде оның 2-3 нұсқасын бағамдайсың. Кез келген уақытта баламалы жолды қарастырған жөн. Шыға­ратын тауардың даму үрдістерін болжау, тұтынушылар­дың қажеттілігін және әріптестердің талаптарын алдын- ала сезіне білу, келешектегі басымдықтарды дөп басу керек. Әлбетте, бұл – нағыз кәсіпкерге тән қасиеттер. Олар ерлермен қатар нәзік жандардың бойына дарыса, табысқа жетуге жол ашылады.

Бизнес – әрдайым агрессиялы деп айту әбестік. Оған мейірімділік, әсемдік және ерекше дәмділік де тән. Мұны біз білеміз және көзіміз жетіп отыр. Қазақстандық арулар өз кәсіптерін тек тамақ өнеркәсібінде немесе мейрамха­на ісінде ғана дөңгелетіп отырған жоқ. Олар күрделі әрі қиын салаларды да бағындырды: құрылыс, тау-кен, мұнай өңдеу және тағы басқалары. Мен мұндай кәсіпорындар­дың тізгінін ұстаған нәзік жандармен етене араласамын. Олар үйдегі әрі түздегі шаруаны мінсіз атқарады. Қолға алған кәсіптің табыс кілтін меңгерген арулар – аяулы жар, ана және әже.

– Кондитерлік салада да жаңа үрдістер бар екенді­гі белгілі. Сіз үшін оларды қаншалықты жетекшілік­ке алу маңызды?

– Өнімнің дәмділігі мен әдемілігіне әрдайым баса назар аударылатыны хақ. Егер тауар тұтынушылардың көңілі­нен шығып, сеніміне ие болса, онда сұраныс та төмен­демейді. Кез келген адам бірінші кезекте өнімнің сыртқы түріне қарайды. Бірақ бұл ретте оның сапасы да та-лап- қа толық жауап беруі тиіс. Соңғы уақытта өнімді сауда орындарына жеке қаптамада ұсыну үрдісі байқалады. Нарықтың талабы мен заман ағымына ілесу қажет. Тұты­нушылардың көбі тоқаштарды өлшеу арқылы сатып алуға құлықты емес. Олар салмағы 200-300 грамм және ішін­де кондитерлік өнімнің бірнеше түрі бар қаптаманы таң­дайды.

Десек те нарықтағы жаңа үрдістермен қатар қа- лыптасқан дәстүрлер де сақталып отыр. 14 жыл бұрынғы­дай біздің қолымыздан шығатын шығыс тәттілері үлкен сұранысқа ие. Бәліштер мен чак-чак – компаниямыздың негізгі өнім түрлері. Оларды тұтынушылар ерекше ықыласпен сатып алады. Сондықтан заманауи үрдіс­тер мен сәнге назар аударған жөн, бірақ мәңгі құн­дылықтарымызды да жадымыздан шығармауымыз қажет.

– «ViZaVi Company» ЖШС өнімдері несімен ерек? Тәт­тілерді дайындаудың ерекше әдістері мен сырлары бар ма?

– Сөзіңіздің жаны бар. Бізде барлық өнімдерді дайын­даудың өзіндік әдістері мен дәстүрлері қалыптасқан. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, бар­лығы кеспені белгілі өнімдерден дайындайды. Бірақ оның дәмі мен иісі әрбір үйде ерекше болады. Бұл нені білдіреді? Тамақты дайындауға жаныңды салып, салғырт­тық танытпау керек. Біз де мұны қаперімізге мықтап алып, ұстанымға айналдырдық. Өзіміздің берік ұстана­тын қағидамыз бар: «Сүйікті жандарға арналған талай тәтті бастамалар». Тұтынушылар үшін өнімдерді ерек­ше махаббатпен дайындауға тырысамыз. Шикізаттың сапасына баса назар аударылады. Тәттілерді дайындауға қажеттінің барлығы мұқият түрде таңдалады. Шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнімге дейінгі кезең бақыла­уға және қадағалауға алынған. Өнімнің қауіпсіздігі мен сапасы жіті тексеріледі. Бізге жүктелетін жауапкершілік жүгін сезінеміз және тұтынушылардың сенімінен шығуға талпынамыз.

Біздің өнімнің басты сыры – оларды тұтынатын жан­дарға деген махаббат.

Фото: Венера Мұстафина
Фото: Венера Мұстафина

– Сұраныс еселенсе, шығарылатын өнімнің көлемі мен түрі де көбейген болар?

– Біз нарыққа өнімнің 80-нен астам түрін ұсынамыз.

Олар әртүрлі қамырдан дайындалады: үгілмелі, қатпар­лы, қайнатылған, бисквитті. Оның ішіне жаңғақ, бал, мейіз, қара өрік, шоколад және тағы басқалары салынады. Өнді­рісте кәдеге жаратылатын шикізаттың 80% отандық.

Біз тұрақты түрде тұтынушыларымызды өнімнің жаңа түрлерімен қуантамыз. Тәттілердің кейбірін дайындаудан бас тартып, оларды басқасына алмастырамыз. Осылайша өнімнің түрлері үнемі жаңартылады.

Бүгінде біздің тәттілеріміз солтүстікқазақстандық тұрғындардың ғана дастарханынан табылмайды. Кон­дитерлік цехта дайындалған өнімдер еліміздің 9 қаласы­на жол тартады: Астана, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Өскемен.

– Кез келген тауар өндіруші өнімді өткізудің жаңа нарықтарын табуға мүдделі. Көршілес елдердің нарығын бағындыруда тосқауылдар туындамай ма?

– Жылда шығарылатын өнім көлемі көбейіп келеді. Біз шекаралас облыста орналасқанбыз. Сондықтан тәтті­лерді көршілес Ресейге экспорттаймыз. Өнімді тасымал­дауда ешбір қиындықтар туындамайды. Бірінші кезек­те оны Омбы, Қорған және Түмен қалаларына жөнелте­міз. Алдағы уақытта сыртқа сатылатын өнімнің көлемін көбейткіміз келеді. Біздің тәттілердің дәмін татқан адам­дардың саны артқанын қалаймыз.

– Арулар тек үйдің шаруасымен айналысып, ас үйде тамақ әзірлеуі тиіс деген қасаң пікір қалыптасқан. Бірақ қазіргі ақиқат кәсіпкерлікке бет бұрған нәзік жандардың саны жыл санап артып келетінін көр­сетеді. Сіз Кәсіпкерлер палатасы СҚО іскер әйелдер кеңесінің төрағасы ретінде солтүстікқазақстан­дық арулардың белсенділігін және кәсіпке деген ынтасын қалай бағалайсыз?

Дәл бастыңыз. Шынын айтқанда, бұл тек теріс қағида. Жыл сайын жеке кәсібін ашқан арулардың қатары қалың­дап келеді. 10-20 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырған­да бүгінде ұсынылған мүмкіндіктер көкжиегі кең. Кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіргендер үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Оларға қаржылық және қаржылық емес көмек көрсетуге бағытталған бағ­дарламалар бір төбе. Сонымен бірге бизнестің әліппе­сін үйрететін арнайы оқыту семинарлары өткізіледі. Тіп­ті сервистік қолдау көрсететін әртүрлі институттар да құрылған. Тек ынта мен ұмтылыс қажет.

Ал адам өз ісімді ашамын деген шешім қабылдаса, кәсі­би қолдау алуына мүмкіндіктер көп. Оған қажетті кеңес беріледі, таңдаған кәсібі бойынша толық сүйемелдеу жүргізіледі. Мәселен, бизнестің нақты түріне қойыла­тын талаптар мен нормалар жайлы жан-жақты түсінді­ру қарастырылған. Қаржы қат болса, несиені рәсімдеу­ге көмектесеміз. Барлық жағдай жасалған. Егер 14 жыл бұрын мен өз кәсібімді бастаған кезде дәл осылай бол­са, өндіріс жедел қарқынмен дамитын еді. Бірақ ол кез­де мұның барлығы жоқ болатын. Сондықтан өзіміз талай табылдырықты аттап, қателіктерге бой алдырып, тек өзі­мізге ғана сендік…

Бүгінде өңірлік филиалдың құрамында әртүрлі салада кәсіппен айналысатын нәзік жандар бар. Барлығымызды өмірлік белсенді ұстаным және басқа нәзік жандарға қол ұшын созу ниеті біріктіреді. Біз ықылас танытқандарға кеңес береміз және көмектесеміз. Кәсібің өрге домала­са, тапқан табысың ұлғайса, тек бір отбасының ғана әл-а­уқаты артпайды. Оның есебінен жаңа жұмыс орындары ашылады, жергілікті бюджетке түсетін кіріс ұлғаяды, мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсету мүмкіндігі пайда болады. Бұл – өмір сүрудің басқа деңгейі. Осылай­ша кәсіпкерлік мемлекеттің дамуына қолғабыс етеді.

Венера Мұстафина

04.06.2018 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы