Теріскейлік ет комбинаттарының әлеуеті неге қат?

Бүгінде минералдық шикізаттың құны сан құбылуы – экономиканың өзге салаларын өркендетуге итермелейді. Өңірлердегі шенділер ата кәсіпті жаңғыртып, мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруға дендеп кіріскен. Олар оң бата берілген демеудің қилы жолдарына үлкен үміт ар­тып отыр. Қағазда айқындалған шаруаның іс жүзінде жүзеге асырылуын СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары Алтынбек Абдуллаев арнайы сұхбат барысында тергіштеді. Атқамінер теріскейдегі мал шаруашылығының ахуалын және саланың тынысын кеңейтетін баста­маларды жіпке тізді.

Иллюстративный коллаж: АгроИнфо
Иллюстративный коллаж: АгроИнфо

 – Алтынбек Тағайбекұлы, астықты өлкеде ата кәсіпке қан жүгіртуге де мүмкіндік мол. Шөбі құнарлы әрішүйгін өрістері кең. Бүгінде мал шаруашылығын әлеуеті қаншалықты кәдеге жаратылуда?

 – Еттен және ақтан таршылық көрмейміз. Жыл санап өңірімізде мал шаруашылығы қанатын кеңге жаюда. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 440 мың бас қара мал, 400 мыңға жуық қой-ешкі, 250 мыңға жуық жылқы бар. Оларды өсіруге бет бұрғандардың қатары да көбею сипатына ие. Жалпы өңірдегі 500-ге жуық шару­ашылық ата кәсіп арқылы нәпақаларын айырып отыр. Оның ішінде 72-сі сүтті мал шаруашылығымен айналы­сады. Оның арқасында алынған шикізатты өңдеу саласы да алға басты. Облысымыздың халқына шақсақ, сүт өнім­дері 11 есе, жұмыртқа 14, ет өнімдері 4 есе артық өнді­ріледі. Айқындалған межелер бағындырылуда. Бірақ оған тоқ мейілсімей, дамуды қамшылаған ләзім. Тек өзі­мізбен шектелмей, Қазақстанда шығарылған белгісі бар өнімдердің сыртқы нарықтарға жол тартуына баса мән берген дұрыс. Себебі мал шаруашылығы өнімдеріне, оның ішінде ет пен шұжыққа сұраныс өте үлкен. Бүгін­де оларды Қытайға тасымалдауға жол ашылды. Бұл ретте аспан асты елімен байланыс көпірін орнатуға баса назар аударылып отыр.

– Отандық ауылшаруашылық өнімдер сапасымен, тілді үйретін дәмімен ерекшеленетіні мәшһүр.Өзі­мізден артылғаны қаншалықты сыртқы нарықта сұранысқа ие? Оларды экспорттауда қандай кілти­пандар туындайды?

– 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырсақ, қазіргі таң­да экспорттық әлеуетіміз бен қарқынымыз арта түсті. Өткен жылы аймақта өндірілген 1800 тонна сүт өнім­дері сыртқы нарыққа жол тартса, бүгінде оның көле­мі 800 мың тоннадан асып жығылды. Көрсеткіш бірне­ше есе артқаны анық байқалып отыр. Оның ішінде «Зен­ченко» зауытының өнімдері көпшілік арасында кеңінен танымал. «Сүт өнімі» ЖШС өткен жылы 700 тонна өнім шығарса, қазір көрсеткіш 3000 тоннадан асып жығылды. Облысымызда егіншілікпен айналысатын кейбір шару­ашылықтар да ақты өндіруді оң жолға қойды. Мәселен, «Тайынша-Астық» айына 60 мың тоннаға жуық сүт шыға­рады. «Арыстан» ЖШС сары майды, балқытылған ірімшік­тің түр-түрін ұсынады.

Өзімізден артылған ақ Ресейге тасымалданып, Барна­ул, Омбы, Қорған іспетті қалалардың сауда орындарын­да өзінің лайықты орнын ойып алған. Көршілес мемле­кетпен байланыс көпірі нығайды.

– Тұрақты өткізу көзі қалыптасса, агроқұрылым­дар оған бас қатырмайтыны хақ.

– Сөзіңіздің жаны бар. Етті де сыртқы нарыққа шығаруға мүдделіміз. Бірақ әзірге оның бағасы агроқұрылымдар мен жеке қосалқы шаруашылықтардың көңілін көншітпей отыр. 2015 жылы еттің құны жоғары болып, тұрақты түр­де өнім Ресейге жол тартты. Қыл аяғы көрші мемлекет­тің өкілдері өздері де облысымызға келіп, малды тірідей күйде сатып алды. Бұл біз үшін оңтайлы екендігі сөзсіз. Бірақ валюта бағамдарының өзгеруіне байланысты қазір Ресейге ет сату тиімсіз болып отыр. Десек те қол қусырып, қарап отырған жоқпыз. Арадағы байланысымыз үзілген жоқ. Мәселен, Қорғандағы және Омбыдағы ет комбинат­тарымен келісімге келуге тырысып бағудамыз. Тек олар­дың шикізат үшін ұсынған бағасы төмен әрі етті тасымал­дау жүгін өз мойнымызға арқалауымыз қажет. Бірақ жол шығыны қалтаға салмақ салатыны белгілі. Сондықтан осындай мәселелерді шешу – келешектің еншісінде­гі шаруа. Бұл ретте Ресейдің көрші облыстарымен келі­сім-шарт жасау көзделіп отыр.

Бүгінде жұмыртқа экспортына қан жүгіріп, оған Челябі және Екатеринбург қалалары қолқа салып отыр. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасына солтүстікқазақстан­дық бал мен етті ұсындық. Олар басты байлығымыз сары алтынға және ұнға қызығушылық білдіруде. Бүгінде «Кем­ми»компаниясы «Омск-36» сұрыпты астықты еншілеуге мүдделі. Оның 100 мың тоннасын сатып алу бойынша шарт жасалды. Осы күзде бұл жұмыстар жалғастырылады.

Сонымен қатар Тайынша ауданында үлкен қытай ком­паниясымен бірлесе ашылған «Айдзю» компаниясы жылына 300 мың тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр. Олар біздің шаруалармен мәмілеге келіп, жергілікті май­лы дақылды өңдеуге кіріспек. Нәтижесінде біздің диқан­дар үшін өткізудің тұрақты көзі ашылмақ. Олардың маң­дай тері ақталып, өсірген дақылды сатуға алаңдамайды.

– Ет комбинаттарына әлі де толық қуат­тылықта жұмыс істемейді? Бар гәп шикізаттың тапшылығында ма әлде өңдеу кәсіпорындарының ахуалына тіреле ме?

– Облысымызда 13 ет комбинаты бар. Оның ішінде тек 8-і ғана жұмыс істейді. Біздің есебіміз бойынша олар орташа алғанда 47 пайызға ғана жүктелген. Ал қалған 53% тиімді пайдаланылмай жатыр. Олар неліктен толық етпен қамтамасыз етілмейді? Толық қуаттылыққа көшпе­удің себептері қандай? Біз облысымыздағы ет комбинат­тары бойынша жан-жақты сараптама жүргіздік. Туын­дайтын мәселелердің жауабы бір – ет комбинаттарының шикізатты сатып алуға айналымда қаражаты жоқ. Егер олар шаруашылықтармен келісімге отырып, уақытын­да ақшасын төлесе, онда қалыптасқан ахуалдың өзге­ретіні анық. Мәселен, қостанайлықтар жеке аулалар­дан мүйізді ірі қараны тірідей 1200 теңгеге сатып алуда. Бірақ оған Петропавлдағы ет комбинаттарының әлеуе­ті аса жетпейді. Бұл – бір мәселе. Екіншіден, бүгінде 115 мал бордақылау алаңдары бар. Онда тұрған малдарды ет комбинаттары жиналып алуы керек. Мысалға, тамыз айынан бастап биылғы туылған бұзаулар аналықтардан бөліне бастайды. Сол кезде олардың иелерімен келі­сім-шартқа отыру қажет. Ал келесі жылы 6-8 айдың ішін­де төлдер 360-400 келіге дейін салмақ қосады. Осылайша ет комбинаттары торпақтарды сатып алар еді. Бірақ оған қалталарындағы қаржы жетпейді әрі шалғайдағы ауыл­дардан етті тасымалдауға қолдары қысқа.

Екіншіден, ет комбинаттарынан шығатын өнімдердің сапасы әлемдік талаптарға сай келмей тұр. Себебі бүгін­гі сұранысқа жауап беретін азық-түлікті шығару жағы кемшін, стандарттау технологиясы кенжелеп қалған. Шұжықты бұрынғыдай нарыққа ұсынуға болмайды. Оны шығару тәсілдерін өзгерту, сыртқы қаптамасын жаңарту қажет. Маркетингпен жұмыс істеу керек. Жарнамасына көңіл бөлген жөн. Бірақ бұл мәселелер көбіне назарсыз қалуда.

Бүгінде сол технологияларды ендіруді, логистиканы қалыптастыруды мықтап қаперге алу – бәсекелестік заңы, уақыт талабы. Мәселен, көршілес Ресейдің Омбы қаласында «Бекон» деген ет комбинаты бар. Олар өнді­ріске ғылыми жаңашылдықтарды ендіруді, тасымалдау жүйесін жетілдіруді бірінші кезекке қойып, нарықтың тамырын дөп басты. Ал біздің кәсіпорындар ескінің сарынымен қалып қойды. Бүгінде облысымызда «Қазетө­нім» және «Фрегат» кәсіпорындары заман талаптарына толық сәйкес келгенімен, әлі де толық күшіне ене алмай отыр.

– Кооперацияға көпшілік әлі де күмәнмен қарай­тыны белгілі. Бұл бағытта теріскейліктер тара­пынан бірігуге қызығушылық бар ма?

– Біз әуелі халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Кооперация – өте тиімді. Әсіресе, оның артықшылығын сүт пен ет бағытындағы тауар өндірушілер сезінетіні анық. Меніңше, ұсақ шаруа қожалықтарының басын біріктірген жөн. Себебі олар көптеген мемлекет­тік бағдарламалардан сырт қалады. Егер күш-жігерле­рін жұмылдырса, онда жеңілдетілген несиелерге, деме­уқаржыландыруға және лизингке қолдары жетеді. Қазір­гі таңда 145 ауылшаруашылық кооператив бар. Олардың 35-і сүтті бағытта жұмыс істейді. Енді көрсеткішті 50-ге дейін жеткізу қажет. Сонымен қатар ауылдарда тек төрт түлікпен ғана айналыспай, қанаттыларды өсіруді де оң жолға қою қажет. Бүгінде Қызылжар ауданында құс шаруашылығы бойынша бір кооператив құрылды. Енді аймақтағы омарташылардың да басын қосып, олар үшін қаржыландырудың жаңа көздерін ашуға болады. Жыл­дың соңына дейін бұл бағытта бір кооператив құруды межеледік. Оның арқасында балды шетелге экспортта­уға мүмкіндік бар.

Облысымызда 3 мыңнан астам көліміз бар. Сондықтан балық шаруашылығын дамыту да діттеліп отыр.

– Тындырылған шаруалар бір төбе, көзделген мақ­сат-мұраттар да аз емес. Игі бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!

Венера Мұстафина

17.07.2017 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы