Демеуқаржы жыры: шаруалардың соры ма әлде бағы ма?

Тың бағдар – нарықта сұранысқа ие өнімдерді өндіруге қолдау көрсету. Жыл басында құпталған жаңа бағдарлама демеуқаржыландырудың тетігін өзгертті. Елімізге қажетті әрі сыртқа жол тартатын өнімдерге басымдық берілген. Атқамінерлердің уәжіне сенсек, осылайша мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру нысанаға алыныпты.

Өзгерген ойын ережелері

Әуелі ауыл шаруашылығындағы деме­уқаржының 65 түрі сарапталған. Оның 11-не тиімсіз деген «диагноз» қойылып, қолданыстан шығарылған. Дәнді дақыл­дар бойынша әрбір гектарға 300 теңге­ден берілген субсидия – кешегі күннің еншісінде. Шенеуніктердің дерегі бойын­ша жылда бұл бағытта ел қазынасынан 25 миллиард теңге жұмсалды. Тек қай­тарымы мен нәтижесі аса сезілмеген. Енді қомақты қаржы ата кәсіптің қанат жаюы­на қолғабыс етеді деген үміт бар. Алдағы меже айқын. 2021 жылға дейін мал шару­ашылығы өнімдерінің көлемі 40% артуы тиіс.

Иллюстративный коллаж: АгроИнфо
Иллюстративный коллаж: АгроИнфо

– Егер бұған дейін ірі қараны бор­дақылау бойынша субсидияны 175 шару­ашылық иеленсе, енді олардың қатары 522-ге дейін жетті. Нәтижесі де көп күттір­ген жоқ. 7 ай ішінде сиыр етін өндіру дең­гейі 1,3 есе артты. Сүт бойынша субсидия­мен қамтылған шаруашылықтардың саны 2 есе көбейді. Құс өсірушілер де 100 пайыз мемлекеттік қолдауға ие. Оның арқасын­да биылғы 7 айда өндіріс көлемі 10 мың тоннаға ұлғайды. Тері бойынша деме­уқаржыны қолға алғандар 3,6 есе артты, – деп мәселенің мән-жайын ҚР Ауыл шару­ашылығы министрінің бірінші орынба­сары Қайрат Айтуғанов ортаға салды.

Бордақылау алаңындағы ірі қара 100- ден асса, мемлекеттік қолдауға қолқа салуға болады.

Ұсақ пен ортаға басымдық

Атқамінерлер қара қылдың қақ жарылуына қатты бас қатырған көрінеді. Демеудің шапағатына ірі агроқұрылым­дар ғана емес, орта және шағын шару­ашылықтар да бөленуі тиіс. Тек инвестици­ялық субсидиялау бойынша соңғылардан гөрі алғашқылардың айы оңынан туған. Өткен жылы бағдарламаға қатысушылар­дың саны 2400-ге жеткен. Оның ішінде 2%-ын құрайтын ірі шаруа қожалықтары субсидияның тең жартысын иеленген. Ал өзгелеріне – 2351 тауар өндірушіге қалған қаражатты өзара бөлісуге тура келген.

– Инвестициялық субсидиялаудың жоғары талаптары орта және ұсақ шару­ашылықтарға оған қатысуға мүмкіндік бермейтін. 2016 жылы бұл бағытта бөлін­ген демеуқаржының тең жартысын – 13 миллиард теңгеге жуық қаржыны 49 ірі шаруа қожалығы иеленді. Сондықтан биыл бұл субсидияның тәртібін қай­та қарастырып, орта және ұсақ шару­ашылықтарды дамытуға ден қойдық, – дейді аграрлық ведомствоның өкілі.

Қайта өңдеудің тынысы

Сыртқа алақан жаймау үшін өндірісті қамшылаған жөн. Шикізатты ұқсатуға бет­бұрыс қажет. Талай жылдан бері ауылша­руашылық өнімдерді өңдеуге жан бітіру­дің қам-қарекеті қолға алынған. Қарқын­ды даму байқалмағанымен, алға жылжу бар. Оның нақты деңгейін айқындау салаға жан-жақты талдау жүргізуді талап етті. Мұны құзырлы министрлік қапер­ге алған. Алғаш рет қайта өңдеуші кәсі­порындардың дерекқоры түзілген. Онда әрбір өндірістің ахуалы және қолбайлау болған мәселелер тізілген.

– Дерекқордың және жүргізілген есеп-қисаптың негізінде әрбір облыс және аудан бойынша Агроөңдеу кәсіпо­рындарының орналасу картасы әзірлен­ді. Оған сәйкес қолданыстағы 80 зауытты жаңғыртып, 79 жаңа нысанды салу керек. Картаны жүзеге асыру арқылы импорт­тың үлесін 32 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетіп, ауылшаруашылық шикізатты өңдеу деңгейі 8,5 пайызға артады, – деп түсіндірді Қайрат Айтуғанов.

Пайдасы көп дақылдар назарда ма?

Қазақстанда демеуқаржыландыру өнді­ріске бағытталса, дамыған мемлекеттер­де сақтандыру нысанаға алынған. Оны оң жолға қою АҚШ-та 15 жылға созылды. Бүгінде мұхиттың арғы жағындағы елде мемлекеттік қолдаудың 79% малды және жиналған өнімді сақтандыруға жұмса­лады. «Экономикалық зерттеулер инсти­туты» АҚ өңірлік және әлеуметтік талдау орталығының директоры Ғаббас Ержа­новтың пікірі осыған саяды.

– Демеуқаржы бөлінгенімен, дәнді дақылды өсірудің тәуекелі жоғары деңгей­де сақталып отыр. Орташа алғанда 5 жыл­да бір рет өнімділік деңгейі күрт төмен­дейді. Сондықтан диқандар қауымын қорғау тұрғысынан демеуқаржылан­дыруға қарағанда шығындардың орнын толтыру қолайлы секілді. Бізде мемле­кеттік қолдаудың шапағатын ет өндірі­сі көбірек сезінеді. Тек майлы дақылдар, арпа және күріш кірісі көп, демеуқар­жыны көп қажет етпейтінін ескеру керек. Десек те майлы дақылдарды өсіретін диқандар субсидияны көбірек алатын болды деп айта алмаймын, – дейді ол.

Енді кепілзатқа бас қатырған ұсақ тау­ар өндірушілерге мемлекет қол ұшын соз­бақ. Оларға «ҚазАгроКепіл» АҚ арқылы несиені кепілдендіру тетігі ұсынылмақ.

Әлеуетіміз толық жаратылмайды

Отандық аграрлық саланың әлеуеті әлі де толық кәдеге жаратылмайды. Орга­никалық ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік бар. Оған «ҚазАгро» холдин­гі басқарма төрағасының орынбасары Лилия Мусина сенімді. Еліміздегі 200 мыңнан астам га алқаптың тең жартысы ғана қолданыста. Оның 25 млн-ға жуығы егістік, ал 60 млн-нан астамы жайылым­дық жер болып табылады.

– Ауыл шаруашылығында еңбек ететін­дердің жалпы санынан өз-өзін жұмыспен қамтығандардың үлесі 70,4 пайызды құрайды. Бірақ аграрлық салада жұмыс істейтін бір адамға шаққанда еңбек өнім­ділігі Ресеймен салыстырғанда 2 есе, Беларусияға қарағанда 4,5 есе төмен, – дейді ол.

Ауылшаруашылық машина құрылысының аяқ алысы сылбыр. Бұл бағытта Ақмо­ла және Қостанай облыстарындағы кәсі­порындарда көлемі шағын тіркемелі және аспалы техниканың өндірісі ашылған. Осылайша 2021 жылға қарай импорттың үлесін азайту діттеліп отыр.

Венера Мұстафина

25.09.2017 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы