Жылқы шаруашылығының тынысы қалай?

Отандық жылқы еті түсімізге кірмейді. Оған еліміз 100 пайыз қарық. Қазіргі соғым науқаны барысында Қамбар ата түлігіне сұраныс арта түсті. Бұл ретте жылқы шаруашылығына бет бұрғандардың тынысын зерделеуді жөн көрдік.

Тарих қойнауындағы деректерге көз жіберсек, ХХ ғасырдың басында қазақтың иен даласына 4 миллион 700 мыңға жуық жылқының тұяғы тиген. Бүгінде үйір-үйір тұлпардың қатары сиреген. Дегенмен жыл санап көрсеткішті күрт болмаса да, алшаңдап еселеуге талпыныс бар. Қазір­гі таңда жайылымдағы Қамбар ата түлі­гінің саны 2 миллион 332 мыңға жетті. Оңтүстікқазақстандық Зафар Райымбер­диев те тәуелсіздік жылдарынан бері жылқы шаруашылығын кәсіпке айнал­дырған. Оны өсіру мен өткізуді теріскей­лік тұрғын қалайша жолға қойды? Бұл жайлы арнайы сұхбат барысында кеңі­нен тергештелді.

Фото: ©greb / pixabay.com
Фото: ©greb / pixabay.com

– Кез келген адам Қамбар ата түлі­гін баптай алмайды. 20 жылдан астам уақыт ішінде не түйдіңіз?

– Сайрам ауданының Ақсу кент елді мекенінде түтін түтетеміз. Ата кәсіпке қызығушылығым кішкентайымнан оянды. Менің әкем мен атам жылқышы болған. Балакезімізден олардың жанына еріп, Қамбар ата тұқымын өсірудің қыр-сыры­на қанықтық. Нәтижесінде келешекте қолға алатын кәсібіміз жайлы бас қатыр­мадық. Оның жылқы шаруашылығы екен­дігі анық еді.

Ата кәсіптің машақаты көп. Бірақ бұл мен үшін 20 жылдан бері күнкөрістің басты көзіне айналып отыр. Осы уақыт аралығында түйгенім: жылқы шару­ашылығының тілін меңгеріп, малды бап­тай алсаңыз, төккен тердің жемісі сезіледі.

– Сіз үшін ата кәсіп тек кіріс көзі ғана емес секілді. Неліктен асыл тұқым­ды жылқының санын көбейтуге ден қойдыңыз?

Жылқы мінбесек, өзімізді жайсыз сезі­неміз. Бұл – шындық. Бастапқыда еншім­де тек 10 бие ғана бар еді. Біртіндеп үйір көбейді.

Саннан гөрі сапаны арттырудың қажет­тігін түйсіндім. Үйірдегі асыл тұқымды жылқыны көбейтуге қалтамдағы қар­жы қат еді. Сондықтан 2-3 жыл бұрын Аграрлық несие корпорациясының жер­гілікті филиалына жүгіндім. «Құлан» бағ­дарламасы бойынша 17 миллион тең­ге көлемінде несиеге өтінішім құптал­ды. Оған 43 бас биені, 10-ға жуық асыл тұқымды аталық жылқыны сатып алдық. Қостанайдағы жылқы зауытына қолқа салдық. Бір парасы Ресейден жеткізілді. Оларды жерсіндірдік. Бүгінде жайылым­да 100-ден астам жылқы бағылады. Оның жартысынан астамы асыл тұқымды: Орлов, ақалтеке, қарабайыр. Қазір асыл тұқымды төлді алып, құлындарды өсіріп жатырмыз. Орташа алғанда жылына 40-45 бие құлындайды.

– Басқа өңірлерден жылқыны іздеу және тасымалдау қиынға соқпай ма?

– Ақпараттық дәуірде барлық шаруа оңтайландырылды. Қажетті нәрсені сатып алу үшін бұрынғыдай жер шарламайсың. Ақпаратты қолыңда интернеті бар ұялы телефоннан табуға болады. Асыл тұқым­ды жылқыны іздеген кезде мен де заман игілігіне иек арттым. Қыл аяғы тасымал­дауға да бас қатырмайсың. Ақшасын төле­сең, өздері де жылқыны жеткізіп береді.

– Жылқы ет түрінде нарыққа өткізі­ле ме?

– Асыл тұқымды жылқылар мен олар­дың төлдері малдың сапасын жақсартуға бағытталған. Тек қарапайым тұқымсыз мал ғана пышаққа ілігеді. Оны ет түрін­де өзіміздің 4 дүкенімізде өткіземіз. Бірі Шымкент қаласында, өзгесі өзіміздің ауылда орналасқан. Сұраныс бар. Ауыл мен қала арасындағы бағаның айыр­машығы 200 теңгені құрайды. Мәселен, қазының бір келісі Ақсукентінде 2000 тең­ге тұрады. Ал облыс орталығында 2200 теңгеге сатылады. Бір күнде ауылдағы 3 дүкенде екі, ал Шымкент қаласында бір жылқының еті сатылады.

Қазір көпшілік дәстүрлі қысқы соғым­мен қамдануға мықтап кірісті. Ниет біл­діргендер бізге де жол салады. Тұтас бір жылқының бағасы 200-250 мың теңге аралығында.

– Ал асыл тұқымды жылқылар?

– Еліміздегі асыл тұқымды жылқыны көбейтуге де үлесімізді қосуды басты міндеттердің бірі ретінде белгіледік. Бұл бағытта асыл тұқымды жылқының басын көбейтуге бел буғандар бізге жүгіне алады. Мәселен, 4 жастағы асыл тұқымды дөненді 3 миллион теңгеге саттық. Өңі­рімізбен қатар көршілес облыстардың тұрғындары да үйірдегі малдың сапасын жақсартуға ниетті.

– Жылқы шаруашылығының өнім­ділігін арттыруда неге баса назар аударған жөн?

– Жылқы күтімді талап етеді. Оны өсіру­дің өзіндік ерекшеліктері мен талаптары бар. Қамбар ата тұқымы тазалықты жақсы көреді. Малға берілетін азық пен суға мән береміз. Оларға жем салынатын және су құйылатын ыдыстарды таза ұстаған абзал. Кез келген адам жылқыны баға алмайды. Оны жемдеудің және суарудың тәртібін білген абзал. Уақытында тұз жалату қажет. Мәселен, мал бордақылауға қойылса, оған күніне 2 мәрте жем беріледі. Менің есебіме сәйкес бір жылқы күніне шама­мен 3-4 келі жем жейді.

Жылына бір мәрте аталық ты ауыстырған абзал. Оның арқасында мал­дың өнімділігі артады және күйі жақса­рады. Сондықтан асыл тұқымды шару­ашылықтармен аталық жылқымен өзара алмасу оң жолға қойылған. Біз олардан уақытша айғырларды жалға алсақ, оның орнына үйіріміздегі аталықты ұсынамыз. Бүгінде Жамбыл облысындағы және біздің Сарыағаш ауданындағы шаруашылықпен «байланыс көпірі» орнатылған. Осылайша тұқымды жаңартып, малдың сапасы жақ­сарады.

– Малға қажетті жем-шөппен дер кезінде қамданбасаң, қапы қаласың.

– Сөзіңіздің жаны бар. Малға арналған жем-шөпті сатып алсаң, онда кәсібің тиім­ді болмай, өзгелерге алақан жаясың. Сон­дықтан оны өзіміз дайындаймыз. Жылда бидай мен арпаны 40 га, мақсары 30-дан астам га, жоңышқа да 30 га артық алқа­пқа егіледі. Суармалы егістік бар. Оны жылына 4 мәрте орып аламыз. Бірақ биыл жоңышқаның өнімділігі көңіл көншітпеді. Сондықтан оны сатып алуға тура келді. Жазда бір тюгін 400 теңгеге алсақ, бүгін­де бағасы 700-ге дейін жетті. Мәселен, біз қысқы уақытқа жоңышқаның 20 мыңға жуық тюгін, дәнді дақылдың 70 мың тон­насындайындаймыз. «Шырылдаған шегір­кенің» күйін шекпеу үшін алдын ала қам­данамыз.

– Қыс кезінде жылқы көбіне жайылым­да жайылатын болар?

– Қыста ауа райына тәуелдіміз. Егер тем­пература қолайлы болса, онда жылқы жайылымда бағылады. Тек үскірік аязда, қалың қар жауған кезде ғана қораға кір­гіземіз.

Еншіміздегі жылқыны үйір-үйірге бөліп бағамыз. Оның әрқайсысында 25-30 бас мал бар. Оларға жылқышылар бас-көз болып отыр. Бүгінде 8 адамды жұмыспен қамтып отырмын.

– Қымыздың емдік қасиеті көпшілік­ке мәлім. Оны нарыққа ұсыну жоспар­да бар ма?

– Қымыз сатпаймыз. 3-4 биені тек өзі­міз үшін ғана сауамыз. Саумалдың денса­улыққа пайдасы зор. Талай дертке шипа, дәмі де тіл үйреді. Енді келешекте қымыз өндірісін де оң жолға қоюды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар бордақылау алаңын ашу да ойымда бар.

Дәйекті дерек: Елімізде жүзеге асырылған «Құлан» бағдарламасының нәтижесін бағамдап көрелік. Аграр­лық несие корпорациясы ұсынған мәлі­меттерге сенсек, 2017 жылдың бірін­ші жартыжылдығында ел бойынша 129 ауылшаруашылық тауар өндірушінің өті­німі құпталған. Бұл бағытта 1 млрд 965 млн теңге қаржы қарастырылды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында«Құлан» бағдарламасы бойынша 2014-2017 жыл­дар аралығында 282 несие берілген. Оған жалпы 4 млрд 21 млн теңге көлемінде қар­жы бөлінді. Рәсімделген несиені ферме­рлер 13 473 бас жылқыны сатып алуға жұмсаған.

Венера Мұстафина

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы