Ұлар: бүгіні және болашағы
Ұлар құсы қазақ халқының ұғымында қасиетті, киелі құс. Оны ұлар туралы жазылған аңыз–әңгімелер, өлеңдер мен мақалдардан білуімізге болады. Аталған құс ұшар кезде таудан төмен егіске қарай қорым тастармен сырғанап аспанға қалықтап көтеріледі. Ұлардың осылай ұшу әрекетін байқап, халық арасында «сырғанап ұшқан ұлардай» деген теңеу қалыптасқан.
Қазақстан Республикасының аумағында Алтай және Гималай ұлары мекендейді. Ел арасында кеңінен ауыз екі тілімізде теңеу сөз ретінде жиі айтылатын «Ұлы тауға шықтыңба, ұлар етін жедің бе?» деген сөздерді естімеген қазақ жоқ шығар. Бар аңшының арманы ұларды көзімен бір көру, мүмкіндік болса етін жеп, сорпасын ішіп көру болар. Ұлар етінің емдік қасиеттері туралы көптеп айтылады. Еті ас қорыту ауруларын емдейді, қан тамыр жолдарын тазартады, денедегі суықты шығарып, организмді калий мен кальций элементтерімен толықтырады, ал өті тыныс алу жолдары ауруларын емдейді деп саналады. Сондықтан да, оның еті мен өт жолдарының фармакологиялық қасиеттерін зерттеуге қызығушылық артуда.
Ұлар құсы тек таулы аймақтарда, өте биік шыңда өмір сүріп, қолға түсе бермейтін аса сақ құс.
Аталған құсқа деген шаруашылық қызығушылық өте жоғары. Таулы аймақта өмір сүріп үйренгендіктен, олардың шектеулі мөлшерде шөптесін азық пайдалануы, төменгі температураға (-40-50°С), желге төзімділігі, оларды қолда өсіруді жеңілдетеді. Тек табиғи орта жағдайын жасау қажет.
Осы факторлар мен жоғары сұраныста болуын ескере, біз 2016 жылдан бері гималай ұларын қолда өсіріп, оларды көбейтумен айналысып келеміз.
2017 жылға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру бойынша «Заманауи биотехнологиялық әдістерді қолдану арқылы жабайы гималай ұларларын (T. himalayensis) сақтау және қалпына келтіру» тақырыбында мемлекеттік грант ұтып алынды.
Жобаның мақсаты: Төзімді, тұрақты түрде көбейетін, генетикалық құнды ұларды алдағы уақытта табиғи ортаға шығару мақсатында биотехнологиялық әдіспен алу.
Жобаның артықшылықтары:
– Ұларларды қолда өсіретін кәсіпорындар болмағандықтан және олардың түрлері жоғалу қауіпінде тұрғандықтан, табиғи олжаны шектейді.
– Ұларлар популяциясын қалпына келтіруде мемлекеттің және табиғат қорғау құрылымдарының мүдделілігі;
– Аңшылық шаруашылықтарының мүдделілігі;
– Қазақстан және ҚХР нарығында ұларларға сұраныс;
– Әлеуетті сатып алушылармен алдын ала уағдаластық;
– ҚХР нарығында ұларларға сұраныс.
Қазіргі таңда, жоба жұмыстары- мен 7 маман жұмыс жасауда, гималай ұларына арнайы жасанды табиғи орта жағдайы жасалынып, тәлімбақ салынды, материалдық-техникалық база әзірленді, арнайы рацион құрастырылып, емдік-профилактикалық іс-шаралар жоспары құрылды, аталған құс санын жасанды жолмен көбейту шаралары іске асырылуда.
Мекеменің өз қаражатына салынған тәлімбақ құсқа арналған қыстық павильон, тұрғын үй, қойма бөлмелері, жаздық және қыстық қаумал, карантинді аймақ, санитариялық өткізгіштен тұрады (1-2-сурет). Жалға алынған зертхана барлық жабдықтар мен шығыс материалдарымен жабдықталған. Зертхана бөлмелері: инкубациялық бөлме, балапандарды өсіру бөлмесі, бокс, ұлар балапандарын бейімдеуге арналған жануархана дайындалды.
Қорытынды. Қазіргі кезде мекемемізде заманауи биотехнологиялық әдістерді қолдану арқылы жабайы ұларлар басын жеделдетіп көбейту жүргізілетін биотехнологиялық зертханалар жасалынды. Жабайы ұларларды (таулы аймақта) өсіру үшін тәлімбақтар салынды. Жобаны орындау кезінде табиғи ортаға шамамен 100 ұлар және жыл сайын жоба аяқталғаннан кейін 200 ұлар табиғатқа реинтродукцияланады. Қолда өсірілген ұларлар мемлекетке және жеке кәсіпкерліктерге сатыла бастады. Жоғары сапалы өнімдер түрін байытып, тікелей дүкендер желісі мен мейрамханалар арқылы өсірілген құсты бөлшектеп сату көзделген. Спортшылар үшін диеталық тағам ретінде шығарылған өнім сатылады. Дәрілік құралдарды әзірлеу үшін Қытайға ұларлардың әртүрлі бөлшектерін экспорттау көзделген.
Бұл қазіргі жұмыстар. Болашағы қалай болмақ. Қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, сондай-ақ Қарағанды облысының Ұлытау ауданының әкімшілігі ұларды Ұлытауда жаңғырту туралы ұсыныстар беруде. Ол ұсыныстарды орындау үшін Ұлытауда ұларға арнайы жасанды табиғи орта жағдайы жасалынуы керек, ол үшін олар тұратын тәлімбақ салынуы, материалдық-техникалық база әзірленуі, арнайы рацион құрастырылуы, емдік-дауалық іс-шаралар жоспары құрылуы, құсқа арналған қыстық павильон, тұрғын үй, қойма бөлмелері, жаздық және қыстық қаумал, карантиндік аймақ, санитариялық өткізгіш тұрғызылу тиіс. Ең маңыздысы барлық жабдықтар мен шығыс материалдарымен жабдықталған зертхана салу керек. Зертханада: инкубациялық бөлме, балапандарды өсіру бөлмесі, бокс, ұлар балапандарын бейімдеуге арналған жануархана болу керек. Бұған үлкен қаржы керек. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қолдаса көпшіліктің ұсынысын біз орындай аламыз.
Аталған жоба жұмыстары жоспар бойынша өз кезеңімен атқарылуда. Гималай ұлар саны артып, тапсырыс берушілер мен қызығушылар саны күннен күнге артуда. Төзімді, тұрақты түрде көбейетін, генетикалық құнды ұлар санын арттыру және олардың табиғи популяциясының санын артыру мақсатында табиғи ортаға жіберу біздің міндетіміз, Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту мақсатында аса құнды, денсаулыққа пайдалы ұлар құсының өнімдерін нарық айналымына жіберу біздің негізгі жоспарымыз болып табылады. Қарағанды облысының сұранысын орындау үшін «Қылым қорынан» қаржылық қолдау керек.
Беркінбай О., Абдрахманова У. М., Батырханова А. С., Боранбаева К. Е.
«Шитемір» ЖШС, Алматы
Байланыс мәліметтеріміз: Боранбаева К. Е.
Жұмыс телефоны: 8 (727) 225-04-62. Ұялы телефоны: 8-707-198-87-59
E-mail: shitemir@bk.ru
Мақала «АгроИнфо» газетінің 30.09.2019 ж. №7 (211) жарияланды.