Тәтті тосап өндірісі: неге шетелдік шикізат кәдеге жаратылады?

Жаз келісімен, қалың көпшілік қысқа қамданады. Нәзік жандар жеміс-жидектен то­сап қайнатуға асығады. Үйде дайындалатын тәттінің дәмі тіл үйіретіні белгілі. Ал оның өндірістік «аттасы» тұрғындар арасында қаншалықты сұранысқа ие? Бұл сауалға «Вкус­нэль» сауда белгісімен тосап дайындайтын компанияның өкілі Жасұлан Саматов жауап берді.

Жасұлан Саматов / Фото: Венера Мұстафина
Жасұлан Саматов / Фото: Венера Мұстафина

 – Тәтті тосап дайындау сапалы жеміс-жидекті талап ететіні белгілі. Жергілікті тауар өндірушілерге жүгіне­сіздер ме? Әлде импорттық шикізатқа қолқа саласыздар ма?

– Елімізде жеміс-жидектер­ді тазалайтын, жуатын, іріктей­тін және қайта өңдеуге дайын­дап, оны бізге қажетті көлемде және тұрақты түрде ұсына ала­тын өндіріс жоқтың қасы. Шикі затты толығымен Еуропадан сатып аламыз. Тұтас жеміс-жи­дектер Польшадан және Серби­ядан жеткізіледі.

– Қажетті жеміс-жидектің сырттан тасымалдануы қан­шалықты дайын тосаптың бағасына әсер етеді? Қара­пайым тұрғындар үшін өнім­деріңіз қолжетімді ме?

– Шикізатты Еуропадан жеткі­зудің шығыны аз емес. Десек те өндірісті аяққа тұрғызып, өнім­нің саудасын оң жолға қоюға тырысудамыз. Баға саясаты бойынша орташа сегменттеміз. Тосаптың бағасы арзан емес. Әрбір құтының салмағы 1,5 келі. Оның орташа бағасы 1 мың тең­гені құрайды. Сақтау мерзімі – 2 жыл.

Фото: Венера Мұстафина
Фото: Венера Мұстафина

– Тұтынушылардың сеніміне ие болдыңыздар ма?

– Тұтынушылар үшін біздің өнім таңсық емес. 2 жылдан бері тосаптың түр-түрі сауда нарығы­на ұсынылады. Тосаптың 5 түрін дайындаймыз: өрік, таңқурай, құлпынай, шие, қарақат. 100 пайыз табиғи өнім. Дәмі үйде дайындалған тосаппен парапар. Аналарымыз бен қарын­дастарымыз тек қант пен жидекті ғана қайнатып, ешбір қоспа ара­ластырмайды. Біз де бұл әдісті жетекшілікке алдық. Өнім тұты­нушылардың көңілінен шыққан болар, өндірісіміз қарыштап дамуда. Тұрақты клиенттеріміз көбейді. Бүгінде өндіріс қуат­тылығы үнемі 10-20 пайызға артады. Шығарылған тосаптың көлемі бойынша көрсеткіштер тек ұлғайып келеді.

– Өндіріс қаншалықты жүк­телген? Цех толық қуат­тылықта жұмыс істей ме?

– Айына 50 тонна көлемін­де тосап нарыққа ұсынылады. Зауыт толық қуаттылықта жұмыс істемейді. Ол 70 пайызға жүктел­ген. Алдағы уақытта өндірістің қауқарын күшейтуді және жаңа желіні іске қосуды жоспарлап отырмыз.

– Өнімді өткізуде қиын­дықтар туындамай ма?

– Сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Тұтынушылардың қызығушылығы мен қажеттілі­гіне қарай өндірісіміздің аясы кеңейіп келеді. Шығарылатын өнімнің 80 пайызы қазақстандық нарықта саудаланады. Ал қалған 20 пайызы шекара асып, көрші елге жол тартады. Еліміздің бар­лық дерлік қалаларына біздің тосап жеткізіледі. Сонымен бір­ге оның дәмін ресейліктер де көрді. Біздің өнім Мәскеу, Пен­за, Пермь, Калининград қала­ларына тұрақты түрде экспорт­талады. Келешекте отандық тосаптың негізгі бөлігін елімізде сатамыз. Бірақ барынша сыртқы нарықты бағындыруды діттеп отырмыз. Қытай, алыс шет елде­рін нысанаға алдық. Біздің тосап­тың дәмін татуға қытайлықтар, белоруссиялықтар келді.

– Бәсекелестікке төтеп беру қиын емес пе?

– Әлбетте, бізге ұқсас өндіріс­тер бар. Бірақ олардың дамуы мен алға ұмтылуы қынжылтады. 10 жыл бұрын кәдеге жаратылған технологияларды ұстанады. Біз өндірісті жетілдіріп, өнімнің сапасына басымдық береміз.

Венера Мұстафина

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы