Етті мал шаруашылығы: ұсынылған жаңа бағдарлама несімен ерек?

Ірі қара саны 2 есе артады

Ресми деректерге жүгінсек, табындағы мүйізді ірі қара 7 миллионды құраса, отарлардағы қойлар 18 миллионға жеткен. 2027 жылға қарай алғашқысын 15 миллионға жеткізу көзделсе, соңғысы 30 миллионға дейін көбеймек. Атқамінерлер оның есебінен экспорттан түсетін табыс көлемі ұлғаятынына үміттенеді. Қазіргі көрсеткіш – 30 миллион АҚШ доллары. 9 жылда оны 2,4 млрд дол­ларға жеткізу міндеті тұр. Ал сиыр мен қой етінің өнді­рісін 600 мың тоннадан 1,1 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Оның негізінде етті қайта өңдеу кәсіпо­рындарының санын еселеу көзделіп отыр: 14-тен 21-ге дейін. Бірақ бүгінде қолдағы ет комбинаттарының өзі толық жүктелмегені белгілі. Қағазда айқындалған мін­деттер қаншалықты іс жүзінде өмірге жолдама алатыны әзірге беймәлім.

Фото: freeimages.com
Фото: freeimages.com

 – Бағдарламаның мақсаты – мал шаруашылығын дамыту. Оның аясында мүйізді ірі қараны 2 есе арт­тыру жоспарланып отыр. Оның санын 7 милионнан 15 миллионға көбейту діттелген. Бұл көрсеткіш қолжетім­ді. Себебі бұған дейін ірі қараның экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы жүзеге асырылған жылдары ірі қара 5 миллион 300 мыңды құрады. Бүгінде оның саны 7 миллионға жуықтады. 5 жылдың ішінде мал басы 1 мил­лионға көбейді. Бұл жақсы үрдіс. Оны жалғастырып, фер­мерлерге жағдай жасау көзделіп отыр, – деп жаңа бағ­дарламаның жобасын ҚР Ауыл шаруашылығы министр­лігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов таныстырды.

Жеңілдетілген несие не үшін қарастырылған?

2011-2015 жылдарға арналған мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы аясында шетелден 55 мың асыл тұқымды сиыр жеткізілген. Одан төл алынды. Нәтижесінде өсім 3 есе артып, 135 мыңнан асты. Жылда асыл тұқымды шаруашылықтар шағын қожалықтарға 65 мың бас мал сатады. Сондықтан бүгін­де асыл тұқымды мал бойынша өз қажеттілігімізді толық қамтамасыз еттік дейді атқамінерлер. Ендігі кезекте тау­арлы малдың санын көбейту діттеліп отыр. Оны, бірін­ші кезекте, еліміздегі шаруа қожалықтарындағы мал­дың есебінен өсіру жоспарланған. Екіншіден, өз ісін жаңа бастаған фермерлер үшін тауарлы сиырды сатып алуға қолдау көрсетілмек. Өнімді жұмыспен қамту және жап­пай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша жеңіл­детілген несие беріледі. Оның жылдық үстем ақысы – 4%. Рәсімделетін мерзімі 15 жылды құрайды деп күтілуде. Жоспар бойынша 1 млн жуық сиырды сырттан сатып алу жоспарланған. «Бұл жерде біз фермерге малды шетел­ден әкел немесе біздің еліміздің ішінен ал деген талап қоя алмаймыз. Оны қайдан сатып алатынын шаруаның өзі шешеді», – дейді министрлік өкілі.

Шығын мен кіріс: министрліктің мысалы

Құзырлы министрлік ата кәсіпке бет бұрғандар­дың шығыны мен кірісін сараптаған. Олар орта шару­ашылықты дамытудың жолын мысал ретінде қағазға түсірген.

– Фермер бизнесті құруға 50 миллион теңге инвести­циялайды, несиені қайтару мерзімі 15 жылды құрайды. Оның 50 бас сиыры болса, онда алынған төл арқылы жылына бордақылау үшін 20 бұқашық және жаңадан құрылған фермерлік шаруашылыққа 15 тайша сатады. Жыл сайын барлығы 4,7 миллион теңге таза пайда таба­ды. Аталған мысал пессимистік көрсеткіштерге сүйене отыра есептелген. Аналық басты көбейту және төл алу көрсеткіштерін жақсарту есебінен кірісті ұлғайту мүмкін­дігі бар, – деп есеп-қисапқа ҚР Ауыл шаруашылығы бірін­ші вице-министрі Арман Евниев тоқталды.

Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы 2018–2027 жылдарды қамтиды. Фермерлік шаруашылықтар­ды дамыту – белгіленген басымдықтардың бірі. 10 жыл ішінде оларды 100 мыңға жеткізу қажет. Әзірге мал шару­ашылығымен айналысатын қожалықтардың саны 20 мыңды ғана құрайды. Жоспар іске асса, онда ата кәсіпке бет бұрғандардың қатары артпақ. Құзырлы министрлік­тің есеп-қисабы бойынша мал шаруашылығы саласын­да жұмыспен қамтылғандардың саны 100 мыңнан 600 мыңға дейін көбейеді.

Демеу шаралары

Ұсынылған бағдарлама өзгелерден ерекше көрінеді. Бұл жолы тікелей мал шаруашылығына берілетін деме­уқаржыларды алып тастау ұйғарылған. Тек жайылым­дағы құдықтарды салуға ғана инвестициялық субсидия қарастырылмақ. Сонымен бірге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы мобильді тұрғын вагонды, мал қораны, жылжымалы станокты еншілеуге несие ұсынылмақ. Малға арналған жем-шөпті дайында­уға қажетті техниканы лизингке беру жоспарланып отыр.

– Министрлік ауыл шаруашылығы саласының страте­гиялық даму бағыттарына талдау жүргізді. Нәтижесін­де ауыл шаруашығы өнімдерін экспортқа бағыттау және импортты алмастыруға бағытталған 15 басым бағыт­тар анықталды. Етті ірі қара мал шаруашылығының және қой шаруашылығының әлеуетінің жоғары екенін көріп отырмыз. Елімізде етті мал шаруашылығы саласын дамытудың барлық қажетті ресурстары бар, – деп мәсе­ленің жай-жапсарына ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев тоқталды.

Жайылымдардың жайы

Жайылымдардың мақсатты және тиімді пайдалануға баса назар аударылады. Бүгінде еліміздегі өрістердің аумағы 180 млн гектарды құрап отыр. Бұл малдың санын екі есе арттыруға жеткілікті көрінеді. Бұл ретте жайылым­дарды тиісті түрде кәдеге жаратпайтын фермерлік шару­ашылықтар қатаң түрде нысанаға алынбақ.

– Біз бірнеше облысқа талдау жасадық, оның нәтижесі бойынша жеке шаруашылықтардың жүздеген, тіпті мил­лионнан астам гектар жайылымы бар екені анықтал­ды. Бірақ онда бағылатын тиісті малы жоқ адамдардан жерлер алынады. Себебі бұл – жайылымды тиімсіз пай­даланумен теңестіріледі. Жер заңнамасына өзгерістер енгізу бойынша арнайы бастама білдірдік. Бұл бағытта кешенді жұмыс жүргізілуде, – дейді Арман Евниев.

Ұсынылған бағдарламаға қатысуға ниет білдірген фер­мерлерге 76 млн гектар жайылым беру қарастырылған. Сонымен бірге суармалы алқаптардың көлемін қосымша 1 млн га ұлғайту көзделіп отыр. Оның арқасында малға қажетті жем-азықты дайындауға жол ашылады. Қазіргі ахуалды сараптаған «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов «Қазақстанда бір малдың басына 64 келі дайын жем шығарылса, Ресейде 10 есе, Беларусь­те 15 есе үлкен» деп мәліметтерді алға тартты.

Өнімді қайда сатамыз?

Бұл бағытта атқамінерлер вертикалды кооперацияға иек артуда. Оның арқасында барлық түйін қалыптаса­тынына үміт артылған. Егер бүгінде 30-дан астам бор­дақылау алаңы болса, келешекте олардың саны 100-ден аспақ.

Бағдарлама жобасында экспортты дамыту бойынша басымдыққа ие нарықтар да анықталған: Қытай, Иран, Сауд Арабиясы.

– Аталған елдердің сұранысы артып келеді. Мәселен, аспан асты елі бойынша жыл сайын 10 есе артып отыр. Министрлік аталған елдердің ветеринарлық қызметімен бірлесе қызмет етуде. Оның арқасында сиыр және қой еті бойынша Иран нарығы ашылды. Сауд Арабиясы өткен жылы шешілді. Қытаймен мұздатылған қой еті бойынша келісімге қол қойылды. Жылқыны өткізуге де мүмкіндік бар. Енді Қытаймен сиыр еті бойынша келісім жасалуда. Оны жыл соңына дейін бекітіп, сиыр етін аспан асты елі­не экспорттауға жол ашамыз, – деп атап өтті Еркебұлан Ахметов.

«Қазақстан ет одағы» бірлестігінің төрағасы Мақсұт Бақтыбаев да ата кәсіпке бет бұрған. 2011 жылы 1400 бас етті бағыттағы абердин ангусты сатып алған. Асыл тұқым­ды сиырлар АҚШ-тан, Аустралиядан, Канадан жеткізілді. «Бүгінде табындағы мал басы 2500 жетті. Біз қолдағы ірі қараның санын осы деңгейде сақтап отырмыз. Жылда шамамен 800-1000 бас малды шаруаларға сатамыз. Біз тек негізгі мал басын сырттан жеткіземіз, одан оның саны көбейеді. Біз секілді ірі компаниялар өз есебінен 1 мың бас малды Ресейден, Украинадан, Австралиядан не басқа мемлекеттен жеткізді делік. Оны тауарлы несие ретін­де фермерлерге ұсына алады. Егер ол меннен тауарлы несие ретінде 10 сиыр алса, ол маған 7 жыл ішінде 10 тай­шаны және бұқаны пайыз ретінде қайтарады», – дейді ол.

Венера Мұстафина

07.05.2018 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы