Қолдаудың шапағатына ұсақ құс фабрикалары бөленуі тиіс
Қазақстан бүгінде тауық жұмыртқасынан қағажу көрмейді. Ақуызға бай өніммен ішкі нарық 100 пайыз қамтылған. Ал артылғаны шекара асып, шетелдік дастарханның сәнін келтіруде.
«Қазақстанда шығарылған» сапалы өнімдерге сұраныс еселенді. Оның бір айғағы – «Алекри фирмасы» ЖШС. Бүгінде теріскейлік құс фабрикасының өнімін Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан тұтынады. Таяуда Ауғанстаннан да қолқа салынған. Енді кәсіпорынның тізгінін ұстаған Александр Прядко экспорттық әлеуетті күшейтуге ден қойды.
– Жалпы орташа жылдық көрсеткішті сараласақ, кәсіпорнымызда 150 миллион жұмыртқа өндіріледі. Жетістігімізге тоқмейілсімей, қарқынды қамшылауға және кеңейтуге бел будық. Тұрақты түрде мекиен тауықтардың қатары жаңартылып, асыл тұқымды құстарды сатып алу оң жолға қойылды. Өткен жылы 140 мың құсқа шақталған қора- жай ашылды. Биылғы жылы технологиялық тұрғыдан қамдануды жөн санадық. Шағын-элеватор салынды, кептіргіш пен жұмыртқаны жинайтын құрылғы сатып алынды. Өндіріс автоматтандырылды, – деп өндірістің бүгінгі тынысын «Алекри фирмасы» ЖШС директоры Александр Прядко бағамдады.
«Алекри» белгісі бар өнімдерді шығару тарихының тамыры тереңде. Биыл құс фабрикасының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Бейнеттің зейнетін татқан Александр Прядко 1990 жылдардағы күрделі кезеңде тәуекелге бел буды. Өндірісті оң жолға қою, өнімді тұрақты түрде шығару және өткізу, тұтынушылардың көңілінен шығу о ңайға с оқпады. Б елді б екем буған шаруа қысылтаяң жағдайда да сүрінбей, кәсіпорынды дамытудың жаңа жолдарын талмай іздеді.
– Александр және Кристина деген балаларымның құрметіне құс фабрикасына «Алекри» деген атау бердім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикалық қиындықтан кейбір құс шаруашылықтары тақырға отырды. Бірақ мен тығырыққа тірелсем де, ұлым мен қызымның есімі берілген кәсіпорынға қол сілтей алмадым. Оны аяққа тұрғызуға, өндірістің тынысын кеңейтуге бар күш-жігер салынды. Мен шетелдік өндірістерді зерделеп, үздік технологияларды ендірдім, – деп тауар өндіруші өткен күндерді ой елегінен өткізді.
Жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығының өнімі көпшілік үшін таңсық емес. «Алекри» Солтүстік Қазақстанда ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де сауда сөрелеріне жайғасқан. «Табыстың басты кілті тұрақтылық және адамдар. Бізде 20 жыл бойы тер төгетін мамандар бар. Кадрларды өзіміз дайындап, біліктілікті шыңдауға басымдық береміз. Өндірістің қарқынды дамуы құстың генетикасына, жақсы кросстарға тікелей байланысты. Біз соңғы кездері «Декалб» тұқымды тауықтарды сатып алуға кірістік. Олардан жылына 330 мың жұмыртқа жиналады. Оларды өткізумен ешбір қиындық туындамайды. Маусымдық өнімге сұраныстың артатын және төмендейтін кездерін анық білеміз», – дейді ол.
Оның айтуынша, жұмыртқаның өзіндік құны қымбаттаған. Бұл көбіне құстың жем-шөбіне байланысты құбылады. Мекиен тауықтарға берілетін азықтың 70% астық құрайды. Егер сары алтынның құны шарықтаса, бұл өнімнің өзіндік құнына да әсерін тигізеді. Бұл ретте мемлекеттік қолдау туралы айтар болсақ.
– Мемлекеттік қолдау өндіріс ауқымдылығына байланысты беріледі. І санатқа ілігу үшін 200 миллион, ІІ-і бойынша 150 миллион, ІІІ cанатқа сәйкес 100 миллион жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары кіреді. Мен ІІ санат бойынша демеуқаржы аламын. Бірақ бұл дұрыс емес. Себебі демеуқаржының денін 3-4 ірі құс фабрикасы алады, ал шағын шаруашылықтар одан құр алақан қалады. Бірақ бағасы арзан өнім шығару үшін ұсақ құс өсірушілерді демеу қажет, – деп өзінің пайымын тауар өндіруші ортаға салды.
Әріптесінің пікірін Надежда Ковцуняк құптайды. Нәзік жан 18 жылдан бері құс өсірумен айналысады. Ғабит Мүсірепов ауданының тұрғыны тауықтың, үйректің, қаздың балапандарын сатып, күнделікті нәпақасын тапқан. Құстарды қанаттандырудың қыр-сырын жете меңгерген теріскейлік жан ермегін өндірістік жолға қоюға бекінген. Биыл нар тәуекел деп, 3 миллион теңге көлемінде несие рәсімделді. Қаржы 6 мың басқа арналған шағын құс шаруашылығын тұрғызуға жұмсалған.
– Құс фабрикасын ашу – менің асқақ арманым еді. Оған қолым жетті. Бүгінде шаруашылығымызда 2 мыңға жуық құс бар. Оларды көбейтіп, келесі жылы аудан тұрғындарын сапалы етпен және жұмыртқамен қамтамасыз етемін. Ауылдастарыма экологиялық таза өнім ұсынылады. Себебі мен ешбір қоспаларды қолданбаймын, құстарды тек таза жеммен өсіремін, – деп өзінің кәсібі жайлы Надежда Ковцуняк сыр шертті.
Бастамашыл нәзік жан нарықтағы сұранысты да қаперге алған. Енді ол тауықпен, қазбен және үйрекпен қатар бөденелерді асырауды да қолға алмақ.
Венера Мұстафина
03.07.2017 ж. мақала