Жылқы шаруашылығының тынысы қалай?
Отандық жылқы еті түсімізге кірмейді. Оған еліміз 100 пайыз қарық. Қазіргі соғым науқаны барысында Қамбар ата түлігіне сұраныс арта түсті. Бұл ретте жылқы шаруашылығына бет бұрғандардың тынысын зерделеуді жөн көрдік.
Тарих қойнауындағы деректерге көз жіберсек, ХХ ғасырдың басында қазақтың иен даласына 4 миллион 700 мыңға жуық жылқының тұяғы тиген. Бүгінде үйір-үйір тұлпардың қатары сиреген. Дегенмен жыл санап көрсеткішті күрт болмаса да, алшаңдап еселеуге талпыныс бар. Қазіргі таңда жайылымдағы Қамбар ата түлігінің саны 2 миллион 332 мыңға жетті. Оңтүстікқазақстандық Зафар Райымбердиев те тәуелсіздік жылдарынан бері жылқы шаруашылығын кәсіпке айналдырған. Оны өсіру мен өткізуді теріскейлік тұрғын қалайша жолға қойды? Бұл жайлы арнайы сұхбат барысында кеңінен тергештелді.
– Кез келген адам Қамбар ата түлігін баптай алмайды. 20 жылдан астам уақыт ішінде не түйдіңіз?
– Сайрам ауданының Ақсу кент елді мекенінде түтін түтетеміз. Ата кәсіпке қызығушылығым кішкентайымнан оянды. Менің әкем мен атам жылқышы болған. Балакезімізден олардың жанына еріп, Қамбар ата тұқымын өсірудің қыр-сырына қанықтық. Нәтижесінде келешекте қолға алатын кәсібіміз жайлы бас қатырмадық. Оның жылқы шаруашылығы екендігі анық еді.
Ата кәсіптің машақаты көп. Бірақ бұл мен үшін 20 жылдан бері күнкөрістің басты көзіне айналып отыр. Осы уақыт аралығында түйгенім: жылқы шаруашылығының тілін меңгеріп, малды баптай алсаңыз, төккен тердің жемісі сезіледі.
– Сіз үшін ата кәсіп тек кіріс көзі ғана емес секілді. Неліктен асыл тұқымды жылқының санын көбейтуге ден қойдыңыз?
Жылқы мінбесек, өзімізді жайсыз сезінеміз. Бұл – шындық. Бастапқыда еншімде тек 10 бие ғана бар еді. Біртіндеп үйір көбейді.
Саннан гөрі сапаны арттырудың қажеттігін түйсіндім. Үйірдегі асыл тұқымды жылқыны көбейтуге қалтамдағы қаржы қат еді. Сондықтан 2-3 жыл бұрын Аграрлық несие корпорациясының жергілікті филиалына жүгіндім. «Құлан» бағдарламасы бойынша 17 миллион теңге көлемінде несиеге өтінішім құпталды. Оған 43 бас биені, 10-ға жуық асыл тұқымды аталық жылқыны сатып алдық. Қостанайдағы жылқы зауытына қолқа салдық. Бір парасы Ресейден жеткізілді. Оларды жерсіндірдік. Бүгінде жайылымда 100-ден астам жылқы бағылады. Оның жартысынан астамы асыл тұқымды: Орлов, ақалтеке, қарабайыр. Қазір асыл тұқымды төлді алып, құлындарды өсіріп жатырмыз. Орташа алғанда жылына 40-45 бие құлындайды.
– Басқа өңірлерден жылқыны іздеу және тасымалдау қиынға соқпай ма?
– Ақпараттық дәуірде барлық шаруа оңтайландырылды. Қажетті нәрсені сатып алу үшін бұрынғыдай жер шарламайсың. Ақпаратты қолыңда интернеті бар ұялы телефоннан табуға болады. Асыл тұқымды жылқыны іздеген кезде мен де заман игілігіне иек арттым. Қыл аяғы тасымалдауға да бас қатырмайсың. Ақшасын төлесең, өздері де жылқыны жеткізіп береді.
– Жылқы ет түрінде нарыққа өткізіле ме?
– Асыл тұқымды жылқылар мен олардың төлдері малдың сапасын жақсартуға бағытталған. Тек қарапайым тұқымсыз мал ғана пышаққа ілігеді. Оны ет түрінде өзіміздің 4 дүкенімізде өткіземіз. Бірі Шымкент қаласында, өзгесі өзіміздің ауылда орналасқан. Сұраныс бар. Ауыл мен қала арасындағы бағаның айырмашығы 200 теңгені құрайды. Мәселен, қазының бір келісі Ақсукентінде 2000 теңге тұрады. Ал облыс орталығында 2200 теңгеге сатылады. Бір күнде ауылдағы 3 дүкенде екі, ал Шымкент қаласында бір жылқының еті сатылады.
Қазір көпшілік дәстүрлі қысқы соғыммен қамдануға мықтап кірісті. Ниет білдіргендер бізге де жол салады. Тұтас бір жылқының бағасы 200-250 мың теңге аралығында.
– Ал асыл тұқымды жылқылар?
– Еліміздегі асыл тұқымды жылқыны көбейтуге де үлесімізді қосуды басты міндеттердің бірі ретінде белгіледік. Бұл бағытта асыл тұқымды жылқының басын көбейтуге бел буғандар бізге жүгіне алады. Мәселен, 4 жастағы асыл тұқымды дөненді 3 миллион теңгеге саттық. Өңірімізбен қатар көршілес облыстардың тұрғындары да үйірдегі малдың сапасын жақсартуға ниетті.
– Жылқы шаруашылығының өнімділігін арттыруда неге баса назар аударған жөн?
– Жылқы күтімді талап етеді. Оны өсірудің өзіндік ерекшеліктері мен талаптары бар. Қамбар ата тұқымы тазалықты жақсы көреді. Малға берілетін азық пен суға мән береміз. Оларға жем салынатын және су құйылатын ыдыстарды таза ұстаған абзал. Кез келген адам жылқыны баға алмайды. Оны жемдеудің және суарудың тәртібін білген абзал. Уақытында тұз жалату қажет. Мәселен, мал бордақылауға қойылса, оған күніне 2 мәрте жем беріледі. Менің есебіме сәйкес бір жылқы күніне шамамен 3-4 келі жем жейді.
Жылына бір мәрте аталық ты ауыстырған абзал. Оның арқасында малдың өнімділігі артады және күйі жақсарады. Сондықтан асыл тұқымды шаруашылықтармен аталық жылқымен өзара алмасу оң жолға қойылған. Біз олардан уақытша айғырларды жалға алсақ, оның орнына үйіріміздегі аталықты ұсынамыз. Бүгінде Жамбыл облысындағы және біздің Сарыағаш ауданындағы шаруашылықпен «байланыс көпірі» орнатылған. Осылайша тұқымды жаңартып, малдың сапасы жақсарады.
– Малға қажетті жем-шөппен дер кезінде қамданбасаң, қапы қаласың.
– Сөзіңіздің жаны бар. Малға арналған жем-шөпті сатып алсаң, онда кәсібің тиімді болмай, өзгелерге алақан жаясың. Сондықтан оны өзіміз дайындаймыз. Жылда бидай мен арпаны 40 га, мақсары 30-дан астам га, жоңышқа да 30 га артық алқапқа егіледі. Суармалы егістік бар. Оны жылына 4 мәрте орып аламыз. Бірақ биыл жоңышқаның өнімділігі көңіл көншітпеді. Сондықтан оны сатып алуға тура келді. Жазда бір тюгін 400 теңгеге алсақ, бүгінде бағасы 700-ге дейін жетті. Мәселен, біз қысқы уақытқа жоңышқаның 20 мыңға жуық тюгін, дәнді дақылдың 70 мың тоннасындайындаймыз. «Шырылдаған шегіркенің» күйін шекпеу үшін алдын ала қамданамыз.
– Қыс кезінде жылқы көбіне жайылымда жайылатын болар?
– Қыста ауа райына тәуелдіміз. Егер температура қолайлы болса, онда жылқы жайылымда бағылады. Тек үскірік аязда, қалың қар жауған кезде ғана қораға кіргіземіз.
Еншіміздегі жылқыны үйір-үйірге бөліп бағамыз. Оның әрқайсысында 25-30 бас мал бар. Оларға жылқышылар бас-көз болып отыр. Бүгінде 8 адамды жұмыспен қамтып отырмын.
– Қымыздың емдік қасиеті көпшілікке мәлім. Оны нарыққа ұсыну жоспарда бар ма?
– Қымыз сатпаймыз. 3-4 биені тек өзіміз үшін ғана сауамыз. Саумалдың денсаулыққа пайдасы зор. Талай дертке шипа, дәмі де тіл үйреді. Енді келешекте қымыз өндірісін де оң жолға қоюды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар бордақылау алаңын ашу да ойымда бар.
Дәйекті дерек: Елімізде жүзеге асырылған «Құлан» бағдарламасының нәтижесін бағамдап көрелік. Аграрлық несие корпорациясы ұсынған мәліметтерге сенсек, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында ел бойынша 129 ауылшаруашылық тауар өндірушінің өтінімі құпталған. Бұл бағытта 1 млрд 965 млн теңге қаржы қарастырылды. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында«Құлан» бағдарламасы бойынша 2014-2017 жылдар аралығында 282 несие берілген. Оған жалпы 4 млрд 21 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Рәсімделген несиені фермерлер 13 473 бас жылқыны сатып алуға жұмсаған.
Венера Мұстафина