Тәтті тосап өндірісі: неге шетелдік шикізат кәдеге жаратылады?
Жаз келісімен, қалың көпшілік қысқа қамданады. Нәзік жандар жеміс-жидектен тосап қайнатуға асығады. Үйде дайындалатын тәттінің дәмі тіл үйіретіні белгілі. Ал оның өндірістік «аттасы» тұрғындар арасында қаншалықты сұранысқа ие? Бұл сауалға «Вкуснэль» сауда белгісімен тосап дайындайтын компанияның өкілі Жасұлан Саматов жауап берді.
– Тәтті тосап дайындау сапалы жеміс-жидекті талап ететіні белгілі. Жергілікті тауар өндірушілерге жүгінесіздер ме? Әлде импорттық шикізатқа қолқа саласыздар ма?
– Елімізде жеміс-жидектерді тазалайтын, жуатын, іріктейтін және қайта өңдеуге дайындап, оны бізге қажетті көлемде және тұрақты түрде ұсына алатын өндіріс жоқтың қасы. Шикі затты толығымен Еуропадан сатып аламыз. Тұтас жеміс-жидектер Польшадан және Сербиядан жеткізіледі.
– Қажетті жеміс-жидектің сырттан тасымалдануы қаншалықты дайын тосаптың бағасына әсер етеді? Қарапайым тұрғындар үшін өнімдеріңіз қолжетімді ме?
– Шикізатты Еуропадан жеткізудің шығыны аз емес. Десек те өндірісті аяққа тұрғызып, өнімнің саудасын оң жолға қоюға тырысудамыз. Баға саясаты бойынша орташа сегменттеміз. Тосаптың бағасы арзан емес. Әрбір құтының салмағы 1,5 келі. Оның орташа бағасы 1 мың теңгені құрайды. Сақтау мерзімі – 2 жыл.
– Тұтынушылардың сеніміне ие болдыңыздар ма?
– Тұтынушылар үшін біздің өнім таңсық емес. 2 жылдан бері тосаптың түр-түрі сауда нарығына ұсынылады. Тосаптың 5 түрін дайындаймыз: өрік, таңқурай, құлпынай, шие, қарақат. 100 пайыз табиғи өнім. Дәмі үйде дайындалған тосаппен парапар. Аналарымыз бен қарындастарымыз тек қант пен жидекті ғана қайнатып, ешбір қоспа араластырмайды. Біз де бұл әдісті жетекшілікке алдық. Өнім тұтынушылардың көңілінен шыққан болар, өндірісіміз қарыштап дамуда. Тұрақты клиенттеріміз көбейді. Бүгінде өндіріс қуаттылығы үнемі 10-20 пайызға артады. Шығарылған тосаптың көлемі бойынша көрсеткіштер тек ұлғайып келеді.
– Өндіріс қаншалықты жүктелген? Цех толық қуаттылықта жұмыс істей ме?
– Айына 50 тонна көлемінде тосап нарыққа ұсынылады. Зауыт толық қуаттылықта жұмыс істемейді. Ол 70 пайызға жүктелген. Алдағы уақытта өндірістің қауқарын күшейтуді және жаңа желіні іске қосуды жоспарлап отырмыз.
– Өнімді өткізуде қиындықтар туындамай ма?
– Сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Тұтынушылардың қызығушылығы мен қажеттілігіне қарай өндірісіміздің аясы кеңейіп келеді. Шығарылатын өнімнің 80 пайызы қазақстандық нарықта саудаланады. Ал қалған 20 пайызы шекара асып, көрші елге жол тартады. Еліміздің барлық дерлік қалаларына біздің тосап жеткізіледі. Сонымен бірге оның дәмін ресейліктер де көрді. Біздің өнім Мәскеу, Пенза, Пермь, Калининград қалаларына тұрақты түрде экспортталады. Келешекте отандық тосаптың негізгі бөлігін елімізде сатамыз. Бірақ барынша сыртқы нарықты бағындыруды діттеп отырмыз. Қытай, алыс шет елдерін нысанаға алдық. Біздің тосаптың дәмін татуға қытайлықтар, белоруссиялықтар келді.
– Бәсекелестікке төтеп беру қиын емес пе?
– Әлбетте, бізге ұқсас өндірістер бар. Бірақ олардың дамуы мен алға ұмтылуы қынжылтады. 10 жыл бұрын кәдеге жаратылған технологияларды ұстанады. Біз өндірісті жетілдіріп, өнімнің сапасына басымдық береміз.
Венера Мұстафина