Діттелген меже бір төбе, тек әзірге қол қысқа

Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы әлі де қанатын кеңге жая алмай отыр. Отандық шикізатты ұқсатуға келгенде әлі де ұтарымыздан ұтылатынымыз көп. Шаруасын дөңгелеткен зауыттардың өзі мемлекеттік тапсырысқа қолқа салады. Себебі өнімнің өзіндік құнын ақтау қиынға соғады. Айналымдағы қаржы да қауқарды ұлғайтуға мүмкіндік бермейді. «Тараз аяқ киім» зауыты толық қуаттылықтың тек 20% ғана шыққан.

«Тараз тері аяқ киім» кәсі­порнының тауарлары Жамбыл облысының тұрғындары үшін таңсық емес. Жергілікті зауыт көпшіліктің сенім үдесінен шыққан. Ыңғайлы, жұмсақ, табаны тозбайды. Сапасымен танылған отандық аяқ киім сұранысқа ие. Тек оны өтеудің өзі оңайға соқпайтын сыңайлы. Зауыт өкілдерінің уәжіне сүйен­сек, бар гәп шикізатқа және оның негізсіз қымбат бағасы­на тіреледі. Оны орталықтан­дырылған түрде сатып алу жүйе­сі қалыптаспаған. Теріні зауытқа тапсыруға асығатындар да жоқ. Кәсіпорын теріні сатып алу үшін делдалдарға алақан жаяды. Бірақ оның құнына байланысты келіссөздер кейде аяқсыз қалады.

Обувь 2
Сурет: ашық дереккөздерден алынды

– Теріні орталықтанырған түр­де дайындау жүйесі жоқ. Тұрақты түрде оны сатуға ынталы фер­мерлік шаруашылықтардың қарасы да байқалмайды. Біздің зауыт үшін елді мекендерді ара­лап, жергілікті тұрғындардан бір-бірден теріні жинау тиімсіз. Сондықтан негізінен Қазақстан­дағы делдалдарға ғана жүгіне­міз. Олар теріні ауыл тұрғын­дарынан бар-жоғы 2-3 мың тең­геге сатып алады. Бірақ зауытқа өткізгенде оның бағасын тым асырады. Мәселен, биылғы жыл­дың басында теріні 11-12 мың теңгеге сатып алуға тура келді. Сонда табысқа тек делдалдар кенеледі. Кейде олармен келісу­дің өзі машақатқа айналады. Отандық шикізаттың басым бөлігін көрші Қытай мемлеке­ті тұтынатыны жасырын емес. Сондықтан шикізатты фермер­лік шаруашылықтардан жүйелі түрде сатып алғанымыз жөн еді, – деп түйіткілді мәселенің мән-жайын «Тараз тері аяқ киім» ЖШС бас директоры Олег Мускафиди жайып салды.

Сатып алынған терінің сапасы әртүрлі. Кейбіреуінің күйі көңіл көншітпейді. Сәйкесінше оны аяқ киім тігуге алдымен тыңғылықты дайындау қажет. Тері зауытта бірнеше кезеңдік өңдеуден өткі­зіледі. Оның өз реті мен тәртібі бар. Шикізатты тазалауға, илеуге, сүргілеуге, созуға және тегістеу­ге арналған құрал-жабдықтар қарастырылған. Оның арқасын­да зауыт бір ай ішінде 600 тонна теріні өңдей алады.

Кәсіпорынның бір тәулік­те 500, бір жылда 1 миллионға дейін аяқ киім шығаруға қауқары бар. Бірақ бүгінде толық қуат­тылықтың небәрі 20% ғана кәде­ге жаратылады. Зауыт қажетті құрал-жабдықтар мен техноло­гиядан қағажу көрмейді. Тек әзір­ге тек ерлерге арналған аяқ киім­дермен ғана шектелген. Биылғы қыс кезінде етіктердің 7 мыңға жуық данасы тігілді. Барлығы да зауыт жанынан ашылған дүкен­де саудаланған. Таза былғарыдан жасалып, іші терімен қапталған қысқы етіктің бағасы қолжетім­ді. 10-11 мың теңге аралығында құбылады. «Сұраныс көп. Кеден қызметкерлері және тәртіп сақшылары – біздің тұрақты тұты­нушыларымыз. Халық дүкенге келген кезде сауда нүктесінде де, аяқ киімде де ешбір жағымсыз иіс жоқ екендігіне таң қалады. Оның себебі сапалы материал­дарды қолдануда жатыр. Елі­мізде модельдік үлгілерді тігетін ірі өндіріс орындары саусақпен санарлық. Қарағанды, Павло­дар, Астана қалаларында сауда нүктелерін ашу жоспарланып отыр. Балаларға арналған аяқ киімдерді тек тапсырыс бойын­ша тігеміз. Өзіміздің үлгілеушіле­ріміз модельдік қатарды шығару­мен айналысады. Таяу келешек­те әйелдердің аяқ киімдерін де нарыққа ұсыну жоспарланған. Келесі жылдан бастап жазғы аяқ киім өндірісін оң жолға қоюды діттеп отырмыз. Бұған дейін тек қысқы және күзгі топтама ғана нарыққа ұсынылды. Қажетті тех­нология еншімізде бар», – деп атап өтті ол.

Дайын өнімнің 80-85 пайызын қазақстандық үлес құрайды. Өзгесі елімізде шығарылмайды. Сондықтан сырттан тасымалда­нады. «Елімізде аяқ киім шығаруға қажетті материалдардың көбі өндірілмейді. Әлі де оның инф­рақұрылымы қалыптаспағаны көңілді құлазытады. Бояғыштар шет мемлекеттерден жеткізіле­ді. Тіпті баулардың өзін көрші Ресейден сатып аламыз», – деп тергіштеді Олег Иванович.

2013 жылы кәсіпорынға алғаш рет мемлекеттік тапсырыс бұйырған. Қорғаныс министр­лігі үшін 30 мыңнан астам жұп аяқ киім шығарылды. Олар әске­рилерді үскірік аяздардан және шіліңгір шілдеден қорғайды. Отандық етіктерді бір айға шыдас бермейтін қытайлық етіктермен салыстыруға келмейді. «ТКО» үлгісіндегі былғары аяқ киім­дер жоғары сапасымен ерек­шеленген. Бірақ екі жыл бойы зауыт мемлекеттік тапсырыстан құр алақан қалып, өндірісте қар­жылық қиындықтар туындаған. Биыл мәселе оң шешімін тапты. Зауыт Қорғаныс министрлігінің тапсырысымен әскерилерге аяқ киім тігуге кірісіп, экономикалық ахуалы жақсара түскен.

«Тараз тері аяқ киім» кәсіпор­ны тарихының тамыры терең­ге бойлайды. Іргесі 1961 жылы қаланған зауыттың аты мен заты кезінде дүркіреген. Тігілген аяқ киімнің түр-түріне жергілікті халықпен қатар кеңестік елдер қолқа салған. Тараздың талай былғары етіктері сыртқа жөнел­тіліп, талай адамның аяғынан табылды.

2000 жылдары тұралаған зауытты қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Кәсі­порындағы қондырғылар қайта іске қосылып, олардың қатары толықтырылды. Аяқ киімді тігу­ге, үлгілеуге арналған құрал-жа­бдықтар Италиядан және Гер­маниядан жеткізілген. Ол үшін зауыт басшылығы 2010 жылы 10 млн АҚШ доллары көлемінде несие рәсімдеді.

Өндірістің қарқынын арт­тыруға айналымдағы қаржы қат. Зауыт мойнындағы несие де арқаны кеңге жайғызбайды.

Венера Мұстафина

05.09.2016 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы