Шегірткемен күрес: ахуал мен амал
Егіс науқаны аяқталғанымен, танап басындағы күйбең тірлік тоқтамайды. Жер сипап қалмау үшін алқапты зиянкестерден қорғау қажет. Биыл елімізде шегірткемен күреске 1,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Олар 1,5 миллион гектар алқапқа жайылуы кәдік. Болжамдарын алға тартқан мамандардың пікірі осыған саяды.
Үйірлі шегірткенің үш түрі бойынша жүргізілген сараптаманың тоқтамы: егістіктің 951 мың гектарына италиялық, 298 мыңына азиялық, 320 мыңына мароккалық таралуы мүмкін. Оның зардабы көбіне Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында сезіліп отыр. Әсіресе соңғы аймақтағы ахуал алаңдатарлық. Былтыр зиянкестер қаптап, жайылым мен егістік алқаптарын жайпаған. Биыл сан соқпау үшін шегірткемен күрес жұмыстарына қол сілтемеген абзал. Қапы қалсақ, диқандар қауымының төгілген тері ақталмай, белшесінен шығынға батуы ықтимал.
– Өткен жылы тиісті жұмыстар дер кезінде жүргізілмеді. Бұл шегерткенің көбеюіне себеп болып отыр. Биыл зиянкестермен күресу мақсатында қажетті химикаттар сатып алынып, өңірлерге жеткізілді. Егіс алқаптарын өңдеу белгіленген кестеге сәйкес ешбір кідірусіз жүргізілуде. Қалыптасқан жағдай қауіп ретінде бағалануда. Бірақ министрлік тарапынан барлық қажетті іс-шаралар қолға алынған. Біздің есебіміз бойынша биыл шегірткенің саны аз болуы тиіс, – деп мәселенің жай-жапсарын ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов тергіштеді.
Өңірде марокколық шегірткенің көбеюі өткен жылы байқалған. Мұны қаперге алған мамандар өңделетін алқаптардың көлемін ұлғайта түскен. Себебі жауапты мамандар шегірткенің таралуына зер салғанымен, болжам жасауда мүлт кеткен. Межеленген көрсеткіш нақты сандардан асып кетті.
– Біздің болжамымыз бойынша Оңтүстік Қазақстанда марокколық шегіртке 257 мың гектарға таралуы тиіс еді.Бірақ қазір зиянкес 410 мың гектар жерге қанат жайған. Бұл көрсеткіш Жамбыл облысында 63 мың гектар құрайды деп есептесек, бүгінгі таңда марокко шегірткесі 81 мың гектарды алып отыр. Біз болжаған көлемнен 18 мың гектардан асып кетті, – деп ахуалды Фитосанитарлық диагностика және болжамдар орталығы директорының орынбасары Әбдірашит Мұқышев бағамдады.
Оның сөзін тергіштесек, мекеменің 160 аудандық филиалы бар. Олар еліміздің барлық өңірлерінде қанат жайған. Облыс орталықтарымен қатар аудандар да қамтылған. Бүгінде сараптау және болжау жұмыстарымен 800 адам айналысады. Жауапкершілік жүгі ауыр болғандықтан, жоғары білікті мамандарды тартуға баса назар аударылады. Кадрлардың жетіспеушілігіне мемлекет бас ауыртады. « Жол картасы» бойынша қазынадан 437 адамды қабылдауға қаржы бөлініп отыр. Бірақ техниканы сайламаса, нәтижеге жету екіталай. «Сараптау жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 437 көлік алып, оны аудандарға бөліп береміз. Әрбір ауданда 3-4 көлікпен анықтау жұмыстары жүргізіледі. Жалпы 62,8 млн га алқапта ерекше қауіпті зиянкестерді анықтау жұмыстарын жүргіземіз. Үйірлі шегірткенің 3 түрі бар: итальяндық, азиялық, марокколық. Итальяндық барлық облыстарда таралған. Азиялық 9 облыста кездеседі. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан өңірлерінде марокколық шегіртке қанат жайған. Бүгінде соңғысы бойынша анықтау жұмыстары қолға алынған. Басты мақсат – оның экономикалық зияндылығының шектен асқан көлемін анықтау. Оның негізінде егіс алқаптарында өңдеу жұмыстары жүргізіледі», – дейді ол.
Шегірткемен күресте алдын ала сынақтан өткен пестицидтер кәдеге жаратылады. Олар барлық өңірлерге жеткізілді. Танап басындағы химиялық өңдеу газ генераторлары, жер үсті және аспалы бүріккіштер, ұшақтар арқылы жүргізіледі. Мамандардың уәжіне сенсек, олардың зиянкестерге қарсы тиімділігі дәлелденген. Ал флора мен фаунаға зиянды әсері болмашы.
– Зиянкестермен күресу бойынша шетелдік ғылыми зерттемелер көп. Оның ішінде франциялықтар биоәдіске жүгінеді. Бүгінде біз шегірткеге қарсы бір биопрепаратты сынауға кірістік. Оның нәтижелігі дәлелденсе, Жиембаев атындағы Қазақ өсімдікті қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты өндіруді және өндіріске ендіру жұмыстарын қолға алады. Жалпы сараптамаға сүйенсек, диқандар қауымы өздеріне қарасты алқаптарда тиісті агротехникалық жұмыстарды жүргізеді. Оның ішінде жерді жырту, қопсыту, майдалау. Оның нәтижесі бар екендігі сөзсіз, – деп мәселенің мән- жайын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК мемлекеттік инспекция комитеті басқармасының басшысы Алмат Сүлейменов жіпке тізді.
Атқамінерлердің байламы: әуелі тұрақты сараптамалық және химикаттар арқылы күресу жұмыстарын жүргізіп, зиянкестердің санын құлдилатқан абзал. Оған қол жеткізілсе, шегірткеге қарсы биологиялық әдістерді қолдануға көшу қажет.
Венера Мұстафина
05.06.2017 ж. мақала