Селекциялық жетістіктер қандай?
Селекциялық саясатқа жүгі жауапты міндет жүктелген. Сапалы отандық ауылшаруашылық дақылдардың қорын қалыптастыру қажет. Олар тұтынушылық қасиеттері бойынша шетелдік аттасына жол бермеуі тиіс. Отандық селекционерлердің жетістіктері қандай? Жаңа сұрыптар қаншалықты қолданысқа енгізілуде? Бұл сауалға А. И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми–өндірістік орталығының бас директоры жауап берді.
Сұрыптың өнімділігіне мән беріледі
Кейбір жылдары елімізде бидайдың өнімділігі гектарынан 25-тен 12 центнерге құлдилаған. Ғалымдардың уәжіне сенсек, бұл сұрыптың түрлі ауруларға деген төзімділігінің жоқтығынан туындаған. Жалпы өнімділіктің артуына бірқатар фактор әсер етеді. Бірақ оның ішінде екеуі аса маңызды: технология және селекция. Мұны жетекшілікке алған орталық мамандары құрғақшылыққа төзімді, жоғары сапалы және өнімділігі жоғары сұрыптарды шығаруға ден қойған. Оның арқасында жұмсалатын шығындар да құлдилайтын көрінеді.Ғалымдар ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына өз тартуларын жасаған. Шығарылған «Тәуелсіздік» деген сұрып әуелі тәжірибелік шаруашылықтарда сынақтан өткізілді. 2017 жылы одан алғашқы өнім алынды. Нәтижесі көңіл көншітерлік. Бұған дейін қолданысқа енгізілген сұрыптармен салыстырғанда «Тәуелсіздіктің» өнімділігі және сапалық көрсеткіштері жоғары.
– Кез келген жаңа сұрыптың ендірілуіне 2-3 жыл уақыт қажет. Соңғы жылдары құрғақшылыққа төзімді Ақмола, Астана, Астана 2, Шортанды, Бәйтерек секілді сұрыптар шығарылды. 28 элиталық тұқым шаруашылығы бізбен жұмыс істейді, біздің сұрыптарды егеді және көбейтеді. Бүгінгі таңда Ақмола облысындағы егіс алқаптарының 74 пайызы, СҚО-дағы 48 пайызы біздің сұрыптарға негізделеді. Енді «Тәуелсіздік» деген сортқа сұранысқа байланысты оның түпнұсқасын жасап, өндіріске ендіріп жатырмыз. «Атамекен Агроның» жерінде егіп, оның қолданыстағы сұрыптан артықшылығы бар екендігін көрсеткіміз келеді. Оған диқандар қауымы көз жеткізсе, онда сұраныс та көбейетіні белгілі, – деп орталықтағы қолға алынған жұмыстарды Кенже Абдуллаев жіпке тізді.
Ғалымдар тек бидайға ғана ден қоймаған. Олар егістіктерді әртараптандыру саясатын мықтап қаперге алған. «А.И. Бараев атындағы АШҒӨО» ЖШС астықтан басқа 20 дақылды нысанаға алған. Тары, жасымық, зығыр – оның бір парасы ғана. Ғылыми ізденістер мен селекциялық жұмыстардың нәтижесі ұзақ күттірмеген. «Биыл біз жасымықтың 2, тарының 1 және көпжылдық шөптердің 1 сұрыпын ұсындық. Жоспар бойынша жасымық өңірде 100 мың га алқапта себілуі тиіс еді. Бірақ диқандар оны өткізу құны жоғары екендігін ескеріп, алқаптарын көбейтті», – дейді ол.
Биотехнологиялық әдіске бір қадам
Бүгінде еліміздегі бидай алқаптарының 48% немесе 11 млн га жерге А.И. Бараев атындағы АШҒӨО шығарылған сұрыптар егіледі. Келешекте бұл көрсеткішті 70-80% жеткізу діттеліп отыр. Оған Ұлттық биотехнология орталығы септігін тигізеді деп күтілуде.
– Біз құрғақшылыққа төзімділік пен өнімділіктің шегіне жеттік. Енді бізге жаңа гендер қажет. Мен шет мемлекеттерде болдым. Онда биотехнологиялық әдістерді кеңінен қолданады. Тіпті гибридті бидайға да ден қойып отыр. Әзірге бұл бізде жоқ. Бірақ келешекте тиісті жұмыстарды қолға алуды ойластырудамыз. Мен АҚШ-та әдеттегі астыққа қарағанда өнімділігі екі есе жоғарылайтын гибридке куә болдым. Бұл біз үшін қымбат, бірақ ерте ме кеш пе оған келетініміз хақ, – дейді орталықтың бас директоры.
Бүгінде ғалымдар бидайдың аталған сұрыптарын зерделеуге мықтап кіріспек. Келешекте көпжылдық астықты өсіру және тәжірибе алмасу бағытында шетелдіктермен әріптестік орнату көзделген. Мәселен, Техаста оның өнімділігі бір жылдық дәнді дақылмен салыстырғанда 10 пайызға төмен. Бірақ есесіне көпжылдық бидай 5 жылда бір рет егіледі және жылда өнім жиналады.
Егістік айналымы сақталуы тиіс
Ғалымдардың дәйегінше, дәнді дақылдардың өнімділігі тың игеру басталған жылдармен салыстырғанда 2-2,5 есе құлдилады. Бар гәп бұрыннан келе жатқан аграрлық технологиялардың және қолданылатын сұрыптардың бүгінгі табиғи жағдайға сәйкес келмеуіне тіреледі. Нәтижесінде оның экономикалық әсері де жоғары болмайды.
– Бүгінгі Қазақстанның табиғи жағдайы 50-60 жыл бұрынғымен салыстырғанда түбегейлі өзгерген. Ауылшаруашылық дақылдар сұрыпы мен мал тұқымы, сонымен бірге әртүрлі аграрлық технологиялар сол кездегі топырақтың және ауа райының жағдайына байланысты бейімделді. Ал бүгінде олар «жұмыс істемейді» және одан алынатын экономикалық әсер жоғары емес, – деп мәселенің мән-жайына Кенже Абдуллаев тоқталды.
Егістік айналымының сақталмауы да топырақтың құнарлығын төмендетіп, өнімділікке тікелей әсер етеді. Ғалымдар жылда бидай егуден бас тартып, әртараптандыруды жетекшілікке алуды ұсынады. Үрме бұршақ, жасымық, асбұршақ тәрізді бұршақты дақылдар егілсе, топырақта азот жиналып, оның тыңайтылуына жол ашылады.
– Кейде диқандар қауымы дәнді дақылды тапсыра алмай әлектенеді. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, кондициялық емес тұқымдардың себілуі. Екіншіден, топырақтың құнарлығы жиналған дәннің сапасына әсер етеді. Фосфорлы, азотты тыңайтқыштарды қолданып, өнімділікті арттыру қажет. Экологиялық егіншілік – ашық мәселе. Біз үнемі егістік алқаптарын парға қалдыруды ұсынамыз. Жер мен су эрозиясы туындамау үшін егістік айналымын сақтау қажет, – дейді ол.
Бір сұрып ұзақ жылдар бойы жақсы өнімділікке кенелтпейді. Түрлі аурулар мен зиянкестер өсімдіктердің өсіп-өнуіне кедергі келтіреді. Сондықтан ғалымдар әрбір 10 жыл сайын бидайдың сұрыпын ауыстыруды ұсынады.
Венера Мұстафина