Қат қанаттыларды өсіруге бел буған кәсіпкер
Ішкі нарық отандық құс етінен қағажу көреді. Дастарханымызда әлі де импорттық өнім басым. Оған көз жеткізген солтүстікқазақстандық Суховтар әулеті тәуекелге бел буған. 2015 жылы шағын құс фермасының негізі қаланып, оның алғашқы мекендеушілері сатып алынды. Бүгінде шаруашылықта бөдене, мысыр тауығы, итальяндық қаз, брама тауықтары бағылады. Олар тез өсіп-жетіледі, өнімділігі жоғары, өсімтал болып келеді. Мәселен, етті «брама» мекиендері кез келген ауа райына бейімділігімен, суыққа деген төзімділігімен ерекшеленеді. Олар қытымыр қыста да жұмыртқалайды. Бір тауықтан жылына жүзден астам жұмыртқа жиналатын көрінеді. Ірі құстардың салмағы 4 келіге дейін жететін көрінеді.
Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер елімізде қат қанаттылардың түрлерін өсіруге ден қойған. Басымдық асыл тұқымды құсқа берілмек. Елімізде бұл сала әлі де ақсайтыны белгілі.
– Кәсібімізді өсірілетін құс түрлерінің жұмыртқаларын сатып алып, оларды көбейтуден бастадық. Енді аяққа нық тұрып, шаруамызды дөңгелетуге кірістік. Заманауи техникамен қамдануға қам-қарекет жасалуда. Қос өнеркәсіптік инкубатор сатып алынды. Әрқайсысы 900 жұмыртқаға арналған. Кәсіптің тынысын кеңейтуге баса мән береміз. Нарыққа жол тартатын өнімнің түрлерін арттыру жоспарымызда бар. Жеңсік ас ретінде бөдененің етімен қатар бауырын ұсынамыз. Өнімге сұраныс бар. Оның бір парасын жұмыртқа, балапан және ет түрінде саудаладық. Енді асыл тұқымды құстарды көбейтуге баса мән беруді жоспарлап отырмыз, – деп шаруашылықтың бүгінгі жағдайын жеке кәсіпкерліктің тізгінін ұстаған Вера Сухова жіпке тізді.
Құс шаруашылығы Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында қанат жайған. Әзірге қанаттылардың саны 500-ден асып жығылған. Басым бөлігін құстың жұмыртқалағыш түрлері құрайды. Олардың өнімділігі бір жыл ішінде төмендейтіндіктен, тұрақты түрде жас тауықтардың легімен ауыстырылады. Кәсіпкерлікке бет бұрған нәзік жан технологиялық талаптардың сақталуына баса назар аударады. «Бөденені өсірудің тиімділігіне көзім жетті. Оның балапаны 17 күнде жұмыртқаны жарып шықса, қарапайым үй тауығының балапаны тек бір айда ғана жетіледі. Бөдене 2 айдан кейін, ал тауықтар тек жарты жылдан кейін жұмыртқалай бастайды. Айырмашылық жер мен көктей. Ал брама тауықтары ерекше күтімді қажет етпейді. Мекиеннің бұл түрі аса талғампаз емес», – дейді кәсіпкер.
Әзірге кірістен гөрі шығын басым. Қажетті жем-азықтың, қоспалар мен дәрумендердің құны қалта қағады. Онсыз құстың балапандарын өсіру екіталай. Бірақ мойымайтын кәсіпкер жобаға құйылған қомақты қаржының ақталуы бірнеше жылдың еншісінде екендігіне сенімді. «Сен істі сүйсең, іс саған бас иеді». Құс өсіруге бет бұрған Вера Павловна өзінің өмірлік ұстанымына берік.
– Құс шаруашылығының машақаты мен шығыны көп. Күрделі кәсіптен тез арада нәсіп табу екіталай. Тек аянбай тер төксең, оның зейнетін сезінесің. Құс шаруашылығы бойынша арнайы білімім жоқ. Сондықтан тәжірибенің аздығынан арагідік кітаптарды парақтап, ғаламторға жүгінуге тура келеді. «Ерінбей еңбек етсең – ерінің асқа тиеді», демекші ізденіс пен еңбекқорлыққа асық болған жөн, – деп өзінің тәжірибесімен солтүстікқазақстандық құс өсіруші бөлісті.
Нәпақасын құс шаруашылығынан тапқан кәсіпкердің межелеген жоспарлары көп. Нәзік жан қайта өңдеудің тілін тауып, өнімдерін көкшетаулық және елордалық тұтынушыларға ұсынбақ.
2015 жылы қазақстандықтар 320 мың тонна құс етін тұтынған. Олардың тең жартысы шетелдік өндірушілерге тиесілі. Бүгінде отандық құс етінің өндірісі 61 пайызға артып, 146 мың тоннаға жеткен. 2005 жылғы көрсеткіш 90,7 мың тоннаны құрады.
Венера Мұстафина
Также читайте:
Новая система охлаждения птицы при помощи разбрызгивателей
В СКО начнут выращивать цыплят-бройлеров (ФОТО)