Индустрия 4.0: өзгерген ойын ережелері
Сандық технологиялар, жасанды интеллект, автоматтандыру ауыл шаруашылығы саласын да айналып өтпейтіні хақ. Мұны түсінген атқамінерлер жаңа технологияларды ендіруге ден қойды.
Асыра сілтеушілік
Мөлдірлікті арттыру, күмәнді сейілту үшін әуелі астық қолхаттарының «тағдыры» өзгерді. Олардың қағаз түріндегі үлгісіне 2016 жылдың шілдесінде қол бұлғанды. Құжаттың электрондық «сыңарына» үміт артылды. Жаңашылдықтың тиімділігі көпшіліктің күдігін тудырғаны хақ. Бірақ құзырлы министрлік оны сейілтуге әзір сыңайлы. Ресми деректерге сүйенсек, электрондық астық қолхаттары арқылы 185,5 мың операция жүргізілген. Оны шығару, біріктіру, бөлу, кепілге ұсыну – бір парасы ғана.
– Жаңа жүйенің басты мақсаты – ауылшаруашылық тауар өндірушіні қорғау. Ол элеваторға тапсырған дәнді дақылдың сақталуына қам жемейді және кез келген уақытта оны алып кете алады. Екіншіден, астық қолхатын қаржы тетігі ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда. Электрондық түрдегі құжатқа сенімді арттыру және банк арқылы несие алу мүмкіндігі бағытында мықтап білек сыбандық. Бүгінде жүйе өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны ендіру арқылы астық қолхаттарын қолдан жасауға жол берілмейді. Себебі бұрын қағаз жүзіндегі бланкілер кейде тиісінше кәдеге жаратылмаған. Қағаз түріндегі астық қолхаттары бойынша туындаған мәселелер: олардың қолдан жасалуы. Шынына келгенде, дәнді дақыл іс жүзінде болмаған. Жаңа жүйе оның тамырына балта шапты, – деп мәселенің мәнісін «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ бас сарапшысы Азамат Құрманов тергіштеді.
Бас прокуратураның «сүзгісі» – оның бір айғағы. Оған сәйкес 7 миллион тонна сары алтын қағазда бар, ал іс жүзінде жоқ екендігі анықталды. Қыл аяғы ойдан шығарылған астық қолхаттары банкке кепіл ретінде ұсынылған. Осылайша пысықайлар несие рәсімдеген. Атқамінерлердің тоқтамы бір. Бұрынғы астық қолхаттарынан кінә кеткен.
Бүгінде астық қолхаттарының барлығы тек электрондық. Бірақ айналымда қағаз түріндегісі де бар. Олардың жарамдылық мерзімі 2020 жылы тәмамдалады. Күші аяқталған соң, талап бойынша заманауи сыңары беріледі. Жүйенің «қызығына» кенелу – тегін емес. Ниет білдіргендер үшін төлемақы – 5 АЕК, яғни 10 мың теңге көлемінде. Бұл – интернет-порталды бір жыл бойы пайдаланудың құны.
Қазына қаржысы шығындалмады
Демалыс және мереке күндерін есепке алмағанда, астық қолхаттары 3 жұмыс күні ішінде берілуі үшін тиісті ережелерге өзгерістер енгізу жұмыстары қолға алынды.
– 2016 жылғы шілде айынан бері 30 миллион тонна көлемінде 133 мың электрондық астық транзакциялары өткізілді. Электрондық сандық қолтаңбаға мемлекеттік қазынадан бірде-бір теңге жұмсалған жоқ. Кәсіпкерлер өздерінің өнімдерін ұсынып, жүзеге асырды. Енді ауылшаруашылық тауар өндірушілер тек жүйеге тіркелу үшін белгілі бір соманы төлейді. Басқа жобаларды да осылайша кәсіпкерлермен бірге жүзеге асырып, мемлекеттік бюджеттен қаржыны жұмсамауды жоспарладық, – деп өзінің пайымын ҚР АШМ Егіншілік департаментінің директоры Ажар Қаджыбекова алға тартты.
Бұрын еліміздегі астық қабылдау кәсіпорындарының ахуалына қатысты туындайтын мәселе шаш етектен-ді. Сансыз сауалдың жауабын табу да оңайға соқпады. Элеваторлардың сыйымдылығы, қаншалықты жүктелгендігі, дәнді дақылды тапсырған диқандардың саны бойынша нақты мәліметтер қат еді. Ал қолда бары сенімнен гөрі күдік ұялататын. Жерден ризығын көретін қарабайыр шаруалар да астық қоймаларында кезегін күтіп сарылатын. Енді астық операцияларына қатысатын диқанның және элеватор қызметкерінің әрекеттері айнадай айқын көрінеді. Мөлдірлік артса, жүйеге деген сенім күшейетіні даусыз.
Әрбір интернет қолданушы үшін порталдағы ақпарат ашық және қолжетімді. Тергіштеп көрелік. Әзірге еліміздегі 196 астық қабылдау кәсіпорнының 151-і онлайн тәртіпте тіркелген. Олардың жалпы сыйымдылығы 13,5 млн тоннаны құрайды. 83% жуығы басты 3 астықты өңірге тиесілі. Қалғаны өзге облыстардың еншісінде. 2 қазандағы мәліметтер бойынша оның 4,5 миллион тоннаға жуығы бос емес.
Субсидиялардың берілуі автоматтандырылады
Кезекті меже – демеу қаржыландырудың берілуін автоматтандыру. Әуелі минералды тыңайтқыштарға қарастырылған субсидиядан бастау көзделген. Енді оған өтінім тапсыру үшін диқандарға ауыл шаруашылығы бөліміне ат арылтудың қажетті артта қалады. Астық қолтаңбасы бойынша әзірленген интернет-тұғырнама мемлекеттік деректер қорымен үйлестірілген. Оның арқасында жолданған өтінім бірден тексеріледі. Сәйкесінше демеу қаржы бойынша шешімді жүйенің өзі қабылдайды.
– Егер қазір минералды тыңайтқыштар барлық алқапқа қолданылса, енді оның көлемін анықтауға мүмкіндік бар. Нақты егіншілікке жол ашылады. Оған сәйкес бір бума құжаттарды тапсыру қажет емес. Ауылшаруашылық тауар өндіруші тек өтінім тапсырады. Онда еншісіндегі жер көлемін, оған келісім-шартты, қанша алқапқа минералды тыңайтқыш сатып алғанын көрсетеді. Өтінімді электрондық үкіметтің интернет-порталы немесе халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жолдауға болады. Оны жүйе өңдеп, құптайды немесе қателігін алға тартады. Тиісті демеу қаржы диқанның шотына аударылуы үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары өздерінің сандық қолтаңбасы арқылы оны төлемге жібереді, – дейді АШМ өкілі.
Субсидия автоматтандырылса, одан өңірлердегі ауылшаруашылығы басқармаларындағы қызметкерлердің қолы босайды деп күтілуде. Есесіне олар талдау, сараптау бағытындағы жұмыстарға ден қоймақ.
Элеватордың рейтингісі түзілді
Астықты қабылдау кәсіпорындарының рейтингісі де онлайн тәртіпте қолжетімді. Жерден ризығын табатын диқан интернет арқылы олардың тынысын сараптай алады. Қай элеваторға сенім артуға болады, көрсеткіштер бойынша қайсысы тиімді екендігі көрсетілген. Үміттен гөрі күдік ұялататын астық қоймалары қалмаған. Қазақстан фермерлер одағы төрағасының орынбасары Серік Ыбыраевтың сөзінше, басты міндет – ауылшаруашылық тауар өндірушілерді құлағдар ету. «Мәселен, күмәнді астық қолхаттарының шығарылуы, олардың әлі де өтелмеуі кейбір элеваторлардың қызметіне күдік ұялатады. Біздің міндет – өз мүшелерімізді барынша қауіпсіздендіру. Себебі астықты жымқыру іспетті жағымсыз жағдайлар орын алуы ықтимал. Сондықтан біз рейтинг әзірледік. Нан қабылдау кәсіпорындары бірқатар бағыттар бойынша бағаланады. Оның ішінде шығарылған және өтелмеген астық қолхаттарының ахуалы да көрініс тапты», – дейді ол.
Бүгінде Одақ және Ақапараттық-есептеу орталығы астық қолхаттарының экономикалық тиімділігін арттырудың жолдарын пысықтауға кірісті. Оның негізінде онлайн тәрттіпте несиеге өтінім жолдау мүмкіндігі ұсынылмақ. Оның жолы әзірге қағазда тізілген. Порталға түскен өтінім қаржы институттарына жіберіледі. Диқан мен банк ортақ келісімге келген соң, оның еншісіндегі астық ақпараттық жүйеге бағатталады. Астық қолхаты кепілге алудың есебінен несие рәсімделеді. «Автоматтандырудың екі жолы бар. Бірі – G2B, яғни мемлекет кәсіпкер үшін. Оған астық қолхаттары дәлел. Екіншісі B2B – тек кәсіпкерлік шешім. Мәселен, онлайн-несиелендіру. Оған мемлекеттік қолдау қажет емес. Қаржы саласы кәсіпкерлікпен байланыс көпірін орнатудың тетіктерін өзі табады», – дейді ол.
Венера Мұстафина
09.10.2017 ж. мақала