Дастарханның сәнін келтірген нан
Жұмыс орны қат ауылдарда шағын кәсіп – табыстың көзі, елді мекеннің әлеуетін арттырудың жолы. Оған наубайхананың тізгінін ұстаған Ғалия Мұқанова сенімді. Оның қолға алған кәсібінің тынысын саралау үшін нәзік жанды әңгімеге тарттық.
Ғалия Мұқанова – ұстаз. Бірақ нәзік жан 1990 жылдары қаржылық қысылтаяңда қалың бұқарамен бірге саудаға бет бұрған. Отбасын асырау үшін Алматы мен Бішкек арасын тоздырды. Тәуелсіз еліміз аяққа тұрған соң, киім саудасынан көпшілік бас тартты. Ақмола облысы Жолымбет кентінің тұрғыны да үзеңгілестерінің шешімін қостаған.
Нәзік жан өзінің отбасымен қатар ауылдастарын сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз етудің қам-қарекетіне кірісті. Нәтижесі көп күттірмеді. 2000 жылы шағын наубайхана ашылған болатын. Бүгінде бұл отбасылық кәсіпке айналып отыр. Тәулігіне 300 бөлке нан және 7 келі тәтті тоқаштың түр-түрі пісіріледі.
– Біздің кентте 1600-ге жуық адам тұрады. Ауылдастарымызды сапалы өніммен күнделікті түрде қамтамасыз ету – басты мақсат. Нан-тоқаш екінші күнге қалмау үшін оларды көп пісірмейміз. Біздің наубайханада өнімнің 8 түрі дайындалады. Оның ішінде бөлке нан, батон, тоқаш, рогалики бар. Нан илеу барысы автоматтандырылған. Қалған жұмыстың барлығы адамның күшіне артылады. Наубайханада 4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Бір ауысымда екі адам еңбек етеді. Бұл жұмыстың тиімділігімен қамтамасыз етумен қатар қауіпсіздікке де алаңдамауға мүмкіндік береді, – дейді наубайхананың жетекшісі.
Наубайханада бір пеш, нан илейтін және ашытатын құрылғылар, араластырғыш, дайын өнімдерге арналған тартпалар бар. Иісі аңқыған өнімдер бірден дүкенге жол тартады. Нанның дәмі тіл үйіруі үшін оның өзіндік сыры бар. Қамырға ешбір қоспа араластырылмайды. Ең бастысы ұнның сапасына баса мән беріледі.
– Біздің бөлке нан қалалық аттасынан дәмі, тығыздылығы бойынша ерекше. Оған тұтынушыларымыздың пікірі дәлел. Студенттеріміз бізге келгенде «нанның дәмі ерекше деп, өздерімен бірге қалаға алып кетеді». Кентіміздің басқа аудан тұрғындары бізді іздеп келеді.Олардың алғысына бөлену – мен үшін басты қуаныш. Сондықтан өндірісімізді кеңейтуге бел будық. Жаңа ғимарат сатып алынды. Оған наубайхананы көшіріп, заманауи құрал-жабдықтарды сатып алу жоспарда бар. Кентімізде бәсекелестік бар. Тағы 2 наубайхана жұмыс істейді, – деп өзінің кәсібі жайлы Ғалия Мұқанова сыр шертті.
Іскер нәзік жан 17 жылдан бері ауылдастарын нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз етеді. Оның айтуынша, әрбір кәсіпкер тек өзінің қамын ғана емес, қоғамның тынысын да қаперге алғаны абзал. Өз ауылыңа жанашыр болып, оның әл-ауқатын көтеруге атсалысу – туған жерге деген сүйіспеншіліктің бір белгісі.
Венера Мұстафина