Раушан Қожанова: «Дүкендердің үстеме ақысы тым жоғары»

Кәсіптің көзін іздеген алтын бесік ауылдағы ағайын мал шаруашылығына ден қойған. Табиғи өнім күнделікті дастарханның сәнін ғана келтірмейді. Артылғаны саудаға жол тартып, кіріске кенелтеді.

Бейнеті көп, еңбегі ауыр ата кәсіпке нәзік жандар да бел буған. Күрделі шаруаны дөңгелетуде олардың мысы басым. Астанадан 40 шақырым жердегі «Қабанбай» ауылында қанат жайған «Сарытайлақ» қожалығы – сөзім­нің бір айғағы. Оның тізгінін Раушан Қожанова ұстаған.

Иллюстративное фото
Иллюстративное фото

Баптаудың бабы

Сергек ойлы әрі белсенді нәзік жан шаруашылықтың тынысын кеңейтудің жолдарын іздеуден талмайды. Кешеннің іргетасы 2013 жылы қаланған. 4 жыл ішінде оның тасы өрге домалап, қолдағы түліктің қарасы есе­ленген. Қамбар ата төлімен қатар Зеңгі баба тұқымы да өсіріледі. Бастапқыда бар-жоғы 98 жылқы баптал­са, бүгінде оның саны 530-ға жетіп отыр. Оны «мінсең – көлік, саусаң – сусын, жесең – ет» деп атам қазақ бекер айтпаған. «Сарытайлақтың» жұмысшылары да бие бай­лап, қымыз баптаудың бабын тапқан. Сауылған сүт күбіге құйылып, оны пісіру барысы арнайы құрылғының көме­гімен атқарылады. Дайын өнімге жергілікті тұрғындар қолқа салады. Дені дертке шипа, емдік қасиеті көп сау­малды сатып алуға құмар. Оған 5 мыңдай адам түтін түте­тетін қабанбайлықтар ғана емес, елордалықтар да асық.

– Жайлымдық жер қат болғандықтан, жылқы көбі­не қорада ұсталады. Қамбар ата төлі тазалықты сүйеді. Азықты талғап береміз, су да таза болуы тиіс. Оның мөл­шері, беретін уақыты белгіленген. Кейбіріне 1,5 немесе 2 келі жем беріледі. Оны білікті зоотехниктер реттей­ді. Жылқыны семіртуде маусымдылықты қаперге алған жөн. Олар жазда салмақ тастаса, күзде күй-қоңы жақсара түседі. Ай сайын орташа алғанда әрбіреуінің салмағы 230 келіге жететін 30 жылқы сатамыз. Біздің шаруашылықтың өзінен сауда нарығына 6-7 мың тонна ет жөнелтіледі. Бүгінде Астанаға ат арылтудың қажеті жоқ. Делдалдар өздері келіп алып кетеді, – деп мал шаруашылығы кешені­нің тынысымен «Сарытайлақ» ШҚ басқарушы директоры Раушан Қожанова таныстырды.

Кешенде бордақылау алаңы бар. Онда малды семірту, сауда нарығына дайындау жұмыстары жүргізіледі.

Аққа бетбұрыс

«Мал баққанға бітеді». Нәзік өмірлік ұстанымына берік. Жетістігіне тоқмейілсімейді. Аяғына нық тұрған шаруашылықты кеңейту нысанаға алынған. Етті бағыт­тағы мүйізді ірі қараны көбейтуге ден қойылған. Бүгінде кешенде қазақтың ақбас тұқымды 230 сиыры бар. Тәу­екелге бел буған нәзік жан сырттан симментал тұқым­ды 50 бас сиыр еншілеген. Оларды жерсіндіріп, өсірудің қыр-сыры меңгерілуде. Асыл тұқымды сиырлардан күні­не 200 литр сүт жиналады. Әрбіреуінен 15-22 литр көле­мінде ақ сауылады. Десек те бұл шек емес. Құжатқа сәй­кес 25 литр ең жоғары көрсеткіш. Оған қол жеткізу үшін ірі қараға берілетін жем-шөптің түрі мен мөлшерін қай­та пысықтау қажет.

– Менің бірінші мамандығым сүт өнімдерінің инже­нер-технологы. Десек те ақты өндірумен бірінші рет айналынысып отырмын. Оны сақтаудың жолдары, өңдеу талаптары, ірімшік және май айыру мен үшін таңсық емес. Оған теориялық білімім көмектеседі. Бірақ мұнымен барлық шаруа тынбайды. Бізге арнайы мамандар сиыр­лар үшін арнайы рацион әзірлеуге көмектеседі. Оның арқасында өнімділік артып, сүттің көлемі мен сапасы жақсара түседі. Егер етті ірі қараға көмірсуы және про­теині басым жем-азық таңдалса, сүтті аналыққа беріле­тін премикстер мен қоспалар керек. Біз ештеңені ойлап таппаймыз. Әлемде тиімділігін дәлелдеген технология­ларға иек артамыз, – деп малды өсірудің ерекшеліктерін нәзік жан жіпке тізді.

Дүкендермен тіл табысу қиын

Жаңашыл нәзік жан ұялы телефонның артықшылығын сезінген. Сүт пен қымызға тапсырыс онлайн тәртіпте түседі. Тұрақты тұтынушылар өздерінің ұсыныстары мен тілектерін, наразылықтары мен бұйымтайларын арнайы чат арқылы білдіреді. Ақты сатып алушылардың дені – астаналық. Сауылған сүт табиғи күйінде пластикалық құтыларға құйылып, ниет білдірген тұрғындарға жеткі­зіледі. Нақты өткізу орнының жоқтығы шаруаны әбігерге салатын көрінеді. Дүкендердің де қосатын үстеме бағасы көңіл көншітпейді.

– Біз ақты сатуға үлгірмейміз. Негізінен біз өндірушіміз, ал сатумен басқалары айналысуы қажет деген пікірде­мін. Дүкендерге өз тауарымызды ұсынсам, бірі көпшілік білетін брендтің барын алға тартып, бас тартады. Екін­шілері ұсынылған сүттің құнын тым төмендетіп, сатып алуға мүдделі. Барлық бейнетін мен көріп, оның қызығын дүкендер көре ме? Себебі олар кемінде литрін 200 тең­геге саудалайды. Айырмашылық елеулі. Олар 40 теңге пайда тапса, мен тек 30 теңгеге кенелемін. Әділетсіз ғой. Бірақ біздің сүтіміз табиғи болғандықтан, өзіндік құны бір литрі үшін 143 теңге. Кейбір өндірушілер концентрация­ланған құрғақ сүтті немесе химиялық қоспаларды ара­ластыратыны мәлім. Онда бағасы да өзгерек болады, – деп қынжылды Раушан Қалисаттарқызы.

Тығырықтан шығар жол табылған. Шаруа кешқұрым сүтке тапсырыс берген тұрғындардың ауласына жөнеле­ді. Күнделікті қатынау оңайға соқпайтыны мәшһүр. Бірақ осылайша нәзік жан нарықты зерттеп, тұтынушылар­дың пікірін саралайды. Олар өндіріс барысында мықтап қаперге алынады.

– Бүгінде бізде сүтті өткізумен қиындықтар туын­дайды. Қазір нарықты зерттеуге кірістік. Себебі ресей­лік, беларусь компанияларының соңынан ілесу қиынға соғады. Олар үшін жазғы тұрып қалу аса сезілмей­ді. Біздің басты мақсат – өнімді тұтынатын тұрғын­дардың алғысына бөлену. Сүт 2-3 күн сақталады. Сон­дықтан тұтынушыларға сатып алғаннан кейін қайнатып алуды сұраймын. Бір қызық жағдай орын алды. Тұтыну­шылардың бірі сүтте жағымсыз иіс бар екенін алға тарт­ты. Сиырдың желінін жуып, қайта ұсындық. Бірақ оның пікірі өзгермеді. Кейін сүттің табиғи дәмі мен иісі кейбір адам үшін таңсық екенін түсіндік. Әбден түрлі қоспасы бар аққа бойымыз үйреніп алған ғой , – деп бөлісті нәзік жанды фермер.

Шығынды азайту

Әзірге сүт пластикалық құтыларда тұтынушының дастарханына жеткізіледі. Оның әрбіреуін сатып алу үшін шаруа 35 теңге жұмсайды. Нәзік жанның есебіне сәйкес оның шығыны көп әрі екінші мәрте қолдану екіталай. Енді шыны бөтелкелерді кеңінен кәдеге жарату көзде­ліп отыр.

– Тұтынушылар пластикалық құтылардағы сүтті қол­данып, оны қоқысқа тастайды. Ал шыны бөтелке 55 тең­ге тұрғанымен, бірнеше мәрте пайдалануға болады. Оның арқасында сыйымдылық үшін қайта-қайта қалтам­ды жұқартпаймын. Себебі тұрақты тұтынушыларымыз аталмыш шыны бөтелкелерді бізге тапсырады, – дейді «Сарытайлақ» шаруа қожалығының өкілі.

Сүттің сапасы тұрақты түрде сараптамадан өткізіледі. Бірақ оған құжаттарды тапсырудың машақаты көп көрі­неді. Сынаманы алу актісі үшін Ақмол ауылына жол салу керек. Шаруа онда барып, анықтамаға тапсырыс бере­ді. Оны 2 күннен кейін қолға алып, зертханаға асығады. Өнімнің қауіпсіздігі туралы сертификаттың негізінде ақ саудаға шығарылады.

Бірігуге қадам

Раушан Қалисаттарқызы облыстағы фермерлердің күш-жігерін бір арнаға тоғыстыруға бастамашылдық танытқан. Діттегені орындалды. Биылғы сәуір айында «Алтын тана» ауылшаруашылық өндірістік кооперати­вінің іргетасы қаланды. Әзірге оның 7 мүшесі бар. Бірақ оған Ақмола облысындағы 25 шаруа қызығушылық біл­діруде.

– Кооперациялар мемлекеттік қолдаудың шапаға­тын көбірек сезінеді. Мәселен, қарапайым мал азығын алайық. Оның сіңімділігі мен қоректілігін арттыру үшін биологиялық қоспа қолданылады. Егер оның құны келі­сі үшін 47 теңге тұрса, мемлекет 20 теңгесін демеуқар­жы түрінде қайтарады. Егер әрқайсымыз көрпені өзі­мізге тартпай, күш-жігерімізді біріктірсек, асығымыз алшысынан түседі. Оның арқасында бәсекелестігіміз күшейеді. Шығынға батпай, өнімдерімізді өткізе аламыз, – деп өзінің таңдауын іскер нәзік жан түсіндірді.

Ата кәсіппен айналысатын фермерлердің басын қосқан ұйымды басқару оңайға соқпайтыны белгілі. Бірақ Раушан Қалисаттарқызы жүгі ауыр жауапты қызметті абыроймен атқарып, шаруаны дөңгелетіп отыр. Оның белсенділігімен сүт өндірісін оң жолға қою үшін тағы бір шаруа қожалығымен байланыс көпірі нығайтылған.

– Швейцариялық компания шығаратын сүт сауатын кешендерінің құны 1 миллион доллардан асады. Көр­пемізге қарай көсілген біз секілді шаруалардың оған қолы қысқа. Несие рәсімдеу екіталай. Еншіміздегі кепіл­зат та қат. Сондықтан басқа жолмен жүруді ұйғардық. Ауыл тұрғындарына 15 сотық жер, 20 бас сиыр, сүт сау­атын аппаратты береміз. Ақты арнайы көлік жинайтын болады. Әрбір отбасы сүтті 200 литрге дейін сүт сыйа­тын арнайы картрижге құйып, бізге өңдеуге тапсырады. Оны пастерлеу жұмысы жүргізіліп, шыны бөтелкелерге құйып сатамыз, – дейді нәзік жан.

Тіс шөткесінен дәретхана қағазына дейін

Жұмысшылардың маңдай тері жетістіктерге жетелей­ді. Олардың күнделікті күйбең тірлігін қаперден шығар­май, жағдай жасаған абзал.

– Кадрлық мәселелерде тығырыққа тірелдік. Бүгін­де жұмысшыларға қолайлы жағдай жасап, әлеуметтік мәселелерді шештік. Оларға қажетті тұрмыстық заттар ұсынылған: тіс тазалау шөткесінен бастап дәретхана қағазына дейін. Тамақ тегін беріледі. Тұратын жері тегін. Бізге орналасқысы келетін адамдар көп.

Мен 2014 жылы шаруашылыққа экономист ретінде жұмысқа орналастым. Кейін маған оның тізгіні тапсырыл­ды, – деп сыр шертті нәзік жан.

Өнімді ересектермен қатар балалар тұтынады. Оны түйсінген шаруашылық қызметкерлері ақтың сапасы­на, экологиялық тазалығына баса назар аударады. Жау­апкершілік жүгін арқалаған олар үшін көпшіліктің сені­мі маңызды.

– Жас кезімде мен үшін қаржы маңызды болса, бүгінде бірінші кезекте ұлттың, ұрпақтың саулығын ойлаймыз. Өнімді біздің балаларымыз да тұтынады. «Көш жүре түзелер» деген қазақтың жақсы аталы сөзі бар. Қиын­дықтар мен түйткілдер орын алады..

Венера Мұстафина

11.09.2017 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы