Нан бағасына не әсер етеді? (талдау үшін)
Өткен жылы ел қамбасына 23 млн тоннаға жуық сары алтын құйылды. Қазақстандық дән сыртқы нарықта сұранысқа ие. Экспорт көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 32 пайызға ұлғайып, 11,7 млн тоннаны құраған. Астық нарығындағы ахуалды және қазақстандық нанның бағасын құзырлы министрлік өкілдері жан-жақты таразылады.
Сары алтыннан тарықпаймыз
Нан бағасы қымбаттай ма? Ас атасының құнына астық нарығындағы ахуал қаншалықты әсер етеді? Бұл сауалдарға еліміздің бас аграрийі жауап берді. Сапархан Омаровтың сөзіне сүйенсек, ұн тартатын кәсіпорындарға астық жетіспейді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Ресми деректерді тергіштесек, бүгінде елімізде 10,5 млн тоннаға жуық астық бар. Оның 3,7 млн тоннасы лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарында, 462 мың тоннасы ұн тарту кәсіпорындарда, 6,3 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде сақталған. Құзырлы министрлік өкілдері, аталған сандар астық қолхаттарын ұстау- шылардың мемлекеттік тізілімі порталындағы мәліметтермен расталатынын алға тартып отыр. Бүгінде астық қолхаттары негізінде жасалатын шарттарды онлайн тәртіпте бақылауға мүмкіндік бар. Әзірге электрондық жүйе астық қолхаттарын шығару құқығына ие, лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарын ғана қамтып отыр.
– Астықтың сатылу барысын электрондық жүйе арқылы бақылауға болады. Әзірге бұл элеваторларды қамтып отыр. Алдағы уақытта шаруашылықтардың деңгейіне түсіп, оларды да электрондық жүйеге енгізу жоспарланған. Оның арқасында шаруашылықтардан элеваторларға жол тартатын астық да есептеледі. Оның арқасында нақтылық пен дәйектілікке қол жеткізіледі. Бұрынғыдай астық көлемі бойынша ақпарат қағазда тіркеліп, сандардағы айырмашылыққа жол берілмейді. Мәлімет ретінде айтсам, порталда астықпен операциялар жасауға тікелей қатысы бар 4 мыңнан астам пайдаланушы жұмыс істейді, – деп мәселенің мәнісіне Ауыл шаруашылығы министрі тоқталды.
Нанның өзіндік құны: астықтың үлесі қанша? Сары алтынның бағасы өткен жылдың соңынан бастап жоғарылады. Бұл үрдіс елімізде, Орта Азияда және жалпы әлемдік астық нарығында байқалған. Оған Ресейде дәнді дақыл шығымдылығының 2017 жылмен салыстырғанда 20% құлдилауы да өз әсерін тигізген. Дәнге сұраныс еселенген соң, оның бағасы да қымбаттады. Мәселен, 3 сыныпты бидайдың бір тоннасы 75 мың теңгеге дейін жеткен.
– Бұл елімізде, Орта Азияда және жалпы әлемдік нарықта бағаның өзгеруімен байланысты болды. Бір жағынан, біз оған қуануымыз қажет. Себебі біздің диқандар қауымы маңдай термен жинаған дәнді жоғары бағамен сатып, қарыздарынан құтылуға және көктемгі дала жұмыстарына дайындалуға мүмкіндік бар. Екінші жағынан, бұл нан бағасының өсуіне әкеліп соқты деген ақпарат тарап отыр. Әрине, астық бағасы қымбаттаса, бұл нанның құнына әсер етеді. Бірақ ас атасының бағасына әрдайым астық бағасы әсер етпейді. Соңғы бағаны құрайтын басқа элементтер бар, – деп астық нарығындағы ахуалды аграрлық ведомствоның тізгінін ұстаған Сапархан Омаров жіпке тізді.
Оның айтуынша, нанның өзіндік құнында астық бағасының үлесі 50% құрайды. Өзгесі жанар-жағармайға, жалақыға, электр энергиясына, әкімшілік пен басқа шығындарға тиесілі.
Баға күрт өспейді
– Сараптама мен реттеу жүргізілетін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізбесіне нанның барлық түрлері емес, тек бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны кіреді. Бүгінде бұл әлеуметтік нанның бір бөлкесі орташа алғанда 75-78 теңге тұрады. Жоғары сұрыпты ұнның бағасы 132-142 теңгені құрайды. Бірақ бүгінгі таңда нан бағасы күрт көтеріледі деген алаңдаушылық тудыратын жағдайлар жоқ. Оның бағасы тұрақты, ауытқулар болса да, мән берерліктей емес, – деп қазіргі ахуалды министр бағамдады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен нан бағасын реттеуден бас тартуға қолдау білдірілген. Биыл әлеуметтік нан бағасы 2016 жылмен салыстырғанда 6 теңгеге қымбаттағаны байқалып отыр. Бұл бағытта жергілікті әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының күрт көтерілуіне жол бермеу үшін тиісті іс-шараларды қолға алады. Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру – оның бір парасы. Негізгі мақсат – әлеуметтік маңызды тауарлардың кейбір түрлері бойынша алдын ала қор жасау. Сапархан Омаровтың айтуынша, қазіргі уақытта тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға арналған 3,1 млрд теңге көлемінде қаржы бар, бұл қаражатты әкімдіктер нан бағасын тұрақтандыруға да бағыттай алады.
– Астық бойынша өндірушілер және тұтынушылар бар. Біріншіден, бидай бағасы қымбаттаса, өндіруші ұтады. Өндірушіні қолдауымыз қажет. Екіншіден, тұтынушы бар. Нан бағасы көтерілсе, бұл біз үшін жағымды жайт емес. Біз теңгерімнің ортасын табуға тырысамыз. Бүгінде оны таптық деп ойлаймын, – деп ойын түйіндеді министр.
Экспорт тұрақты
Соңғы екі аптада астық баға- сының төмендегені байқалған. Мәселен, 3 сыныпты бидайдың бір тоннасы сапасына қарай 65–67 мың теңгеге сатылуда.
– Қолда бар астық көлемі экспорттың жоспарлы көрсеткіштерін қамтамасыз ету және елдің ішкі сұранысын қамту үшін жеткілікті. Қазіргі кезде 8,3 млн тонна бидай бар. Оның 690 мың тоннасы азық-түлік қажеттіліктеріне, 1,6 млн тоннасы тұқымдық мақсатқа, 730 мың тоннасы жемдік астыққа, 128 мың тоннасы өнеркәсіптік өңдеуге жұмсалатын болады. Нәтижесінде, келесі жылға ауысатын қалдық ретінде 2,9 млн тонна қалады. Сондықтан ұн тартатын кәсіпорындарға астық жетіспейді деген әңгіменің негізі жоқ, – дейді министр.
Еліміздің жыл сайынғы экспорттық әлеуетіне орташа алғанда 8-9 млн тонна астыққа тең. Өткен жылы диқандар қауымы 11,7 млн тонна дәнді дақылды сыртқы нарыққа сатты. Оның 4,9 млн тоннасы астықтың еншісінде, ал өзгесін арпа және басқа да дақылдар құраған. Биыл 6 млн тоннаға жуық қазақстандық сары алтын сыртқы нарыққа жол тартты. Жыл соңына дейін қосымша 2,2 млн тонна дәнді дақыл экспортқа бағытталады деп күтілуде. Осы күнге дейін экспортқа 6,7 млн тонна астық тиелген.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 25.03.2019 ж. №5 (199) жарияланды.