Инновация және ауыл шаруашылығы: аяқ алысымыз қалай?

Дамыған мемлекеттерде ауыл шаруашылығы жоғары өнімді әрі инновациялық салалардың біріне айналған. Агроөнеркәсіптік кешенге бет бұрған шаруалар мен диқандар үшін қазіргі «ақылды» жүйелер мен цифрлық технологиялар таңсық емес.

Кенже Абдуллаев / Фото: из открытых источников
Кенже Абдуллаев / Фото: из открытых источников

Неліктен экожүйенің толық кешені?

Бұл үрдісті қаперге алып, қазақстандық кейінгі толқынды ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыра білу қажет. Себебін Елбасы жіпке тізіп берді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығының келе­шегі роботтандырумен, ақпараттандыру­мен және селекциямен тығыз сабақта­сады. Сәйкесінше «көк жағалылардың» дәурені кешегі күннің еншісінде қалмақ. Есесіне енді салада жұмысшылардың жаңа толқынын қалыптастыру міндет.

Бұл бағытта жасалған қадамдар да жоқ емес.Мәселен, Kusto Group компани­ясы мал шаруашылығымен айналысады. Оның басы-қасында жүрген жастар бір тоқтамға келген. Ата кәсіптің тиімділігін арттыру үшін экожүйенің толық кешенін қалыптастыру қажет. Оған тұқым шару­ашылығы, машина жасау, ирригация, суа­ру жүйесі және тағы басқалары кіреді.

Жем-шөп өндірісі болмаса, ата кәсіп­тің тасын өрге домалату екіталай. Аталған компания еліміздегі құнар­лы топырақтың әлеуетін және тұқым шаруашылығы бағытында америкалық әріптестерінің көпжылғы тәжірибесін кеңінен кәдеге жаратпақ. Бұл бағытта биылғы жылы зауыт салу жоспарланып отыр. Жастар жылының ашылуында сөз сөйлеген компания өкілдерінің айтуын­ша, оның жылдық қуаттылығы 25 мың тоннаны құрайды. Бұл өз кезегінде қазақ- стандық фермерлерге 1 миллион гек­тарға дейінгі алқапқа дақыл сіңіруге мүм­кіндік береді.

Бүгінде компания өкілдері Зерен­ді ауданында 5 мың бас ірі қараны бор­дақылауға қойған. Алдағы жоспар – тұқым өндірумен және малдың саулығы бойынша кешенді шешімдермен айналы­су. Бұл бағытта америкалық компа­ниямен бірлескен кәсіпорнын құру туралы меморандумға қол қойылған. Оның аясында еліміздің 5 облысында бес гипермаркет бой көтермек. Сауда орнында малдың саулығына қажетті 20 мыңнан астам өнім ұсынылады және кон­сультациялық кеңестер беріледі деп күті­луде. Жастардың айтуынша, негізгі мақ­сат – клиникалық ветеринариядан алдын алу ветеринариясына бет бұру және мал­дың қырылып қалу көрсеткішін 10 пайыз­дан 1-2% төмендету.

Өнімділігі жоғары жаңа сұрыптар

Жастар ауыл шаруашылығы саласын­дағы зерттеулерге де қызығушылық танытады. Мәселен, А.И.Бараев атын­дағы астық шаруашылығы ғылыми-өнді­рістік орталығында 300 адам еңбек етеді. Олардың 70%-ке жуығы – жастар. Зертте­ушілер дақылдың 17 сұрыпын зерделеп, оның жаңа түрлерін шығаруға мықтап бел буған. Оның нәтижесі де жоқ емес. «Дамса-2017» деген сұрып – жас ғалым­дардың ізденісінің жемісі. Бидайдың қат­ты түрі Солтүстік өңірдің алқаптарында сыналған.

– Біз жастарды қолдаймыз. Бірне­ше маман Данияда және Израильде білім алуда. «Дамса 2017» сұрыпы – жас ғалымдарға деген сенімнің нәтижесі. Оның авторы – біздің орталықтағы бөлім меңгерушісі. 2018 жылы «Дамса 2017» сұрыпынан 46,5 центнер өнім алынды. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары 2015 жылы басталған. Жаңа сұрыптың ерекше­лігіне тоқталсақ, оның құрғақшылыққа төзімділігі жоғары. Негізінен еліміздің солтүстік өңірлерінде өсіруге арналған. Сұрыпты сынау жұмыстары Солтүстік Қазақстан облысында жүргізіліп, гек­тарынан 46,3 центнер өнім жинал­ды. Бұл өте сәтті сұрып. Себебі одан жоғары сапалы макарон дайындауға болады. Меніңше, Қазақстан үшін қат­ты бидайдың алқаптарын ұлғайту – өте маңызды міндет. Оның экспорттық әле­уеті жоғары және бидайдың жұмсақ сұрыптарына қарағанда құны жоғары», – деп 2018 жылғы нәтижелерді А. Бара­ев атындағы астық шаруашылығы ғылы­ми-өндірістік орталығының бас дирек­торы Кенже Абдуллаев жіпке тізді.

Орталықта мамандары жаңа сұрыптар­дың экологиялық тұрақтылығын арт­тыруға бағытталған селекциялар зерт­теулерге ден қойылды. Бүгінде 17 дақыл бойынша селекциялық жұмыс қолға алынған. Оның ішінде қарақұмық, жасымық, асбұршақ, тары, сұлы, ноқат бар.Жыл сайын ауыл шаруашылығы өсім­діктерінің 90 мыңнан астам үлгісі зертте­ліп, 2 мыңға жуық будандастыру жүргізі­леді.

Ғалымдар да инновациялық техно­логиялардың қолданылуын құптайды. Өткен жылы орталық «нақты егіншілік» бойынша қанат қақты жобаны жүзеге асыруға кірісті. Оның аясында жаздық бидай қос әдіс бойынша өсірілді:нақты егіншілік технологиясы және дәстүр­лі әдіс. Бұл бағытта Ақмола облысының аумағында 3 мың га жер учаскесі таң­далып, тәжірибелік полигондар ұйым­дастырылды. Оның нәтижесі бойын­ша нақты егіншілік бойынша өсірілген астықтың өнімділігі орташа алғанда гек­тарынан 25,4 центнерге жетсе, ал дәстүр­лі әдіс арқылы егілген дәннің берекелігі гектарынан18,7 центнерді құрады. Кен­же Абдуллаевтың сөзіне сүйенсек, сынақ алаңында нақты егіншіліктің негізгі жүйе­лерін ендіру арқасында бір гектардан 43 мың теңге кіріс алуға жол ашылды.

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 11.02.2019 ж. №2 (196) жарияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы