Инновация және ауыл шаруашылығы: аяқ алысымыз қалай?
Дамыған мемлекеттерде ауыл шаруашылығы жоғары өнімді әрі инновациялық салалардың біріне айналған. Агроөнеркәсіптік кешенге бет бұрған шаруалар мен диқандар үшін қазіргі «ақылды» жүйелер мен цифрлық технологиялар таңсық емес.
Неліктен экожүйенің толық кешені?
Бұл үрдісті қаперге алып, қазақстандық кейінгі толқынды ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыра білу қажет. Себебін Елбасы жіпке тізіп берді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығының келешегі роботтандырумен, ақпараттандырумен және селекциямен тығыз сабақтасады. Сәйкесінше «көк жағалылардың» дәурені кешегі күннің еншісінде қалмақ. Есесіне енді салада жұмысшылардың жаңа толқынын қалыптастыру міндет.
Бұл бағытта жасалған қадамдар да жоқ емес.Мәселен, Kusto Group компаниясы мал шаруашылығымен айналысады. Оның басы-қасында жүрген жастар бір тоқтамға келген. Ата кәсіптің тиімділігін арттыру үшін экожүйенің толық кешенін қалыптастыру қажет. Оған тұқым шаруашылығы, машина жасау, ирригация, суару жүйесі және тағы басқалары кіреді.
Жем-шөп өндірісі болмаса, ата кәсіптің тасын өрге домалату екіталай. Аталған компания еліміздегі құнарлы топырақтың әлеуетін және тұқым шаруашылығы бағытында америкалық әріптестерінің көпжылғы тәжірибесін кеңінен кәдеге жаратпақ. Бұл бағытта биылғы жылы зауыт салу жоспарланып отыр. Жастар жылының ашылуында сөз сөйлеген компания өкілдерінің айтуынша, оның жылдық қуаттылығы 25 мың тоннаны құрайды. Бұл өз кезегінде қазақ- стандық фермерлерге 1 миллион гектарға дейінгі алқапқа дақыл сіңіруге мүмкіндік береді.
Бүгінде компания өкілдері Зеренді ауданында 5 мың бас ірі қараны бордақылауға қойған. Алдағы жоспар – тұқым өндірумен және малдың саулығы бойынша кешенді шешімдермен айналысу. Бұл бағытта америкалық компаниямен бірлескен кәсіпорнын құру туралы меморандумға қол қойылған. Оның аясында еліміздің 5 облысында бес гипермаркет бой көтермек. Сауда орнында малдың саулығына қажетті 20 мыңнан астам өнім ұсынылады және консультациялық кеңестер беріледі деп күтілуде. Жастардың айтуынша, негізгі мақсат – клиникалық ветеринариядан алдын алу ветеринариясына бет бұру және малдың қырылып қалу көрсеткішін 10 пайыздан 1-2% төмендету.
Өнімділігі жоғары жаңа сұрыптар
Жастар ауыл шаруашылығы саласындағы зерттеулерге де қызығушылық танытады. Мәселен, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында 300 адам еңбек етеді. Олардың 70%-ке жуығы – жастар. Зерттеушілер дақылдың 17 сұрыпын зерделеп, оның жаңа түрлерін шығаруға мықтап бел буған. Оның нәтижесі де жоқ емес. «Дамса-2017» деген сұрып – жас ғалымдардың ізденісінің жемісі. Бидайдың қатты түрі Солтүстік өңірдің алқаптарында сыналған.
– Біз жастарды қолдаймыз. Бірнеше маман Данияда және Израильде білім алуда. «Дамса 2017» сұрыпы – жас ғалымдарға деген сенімнің нәтижесі. Оның авторы – біздің орталықтағы бөлім меңгерушісі. 2018 жылы «Дамса 2017» сұрыпынан 46,5 центнер өнім алынды. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары 2015 жылы басталған. Жаңа сұрыптың ерекшелігіне тоқталсақ, оның құрғақшылыққа төзімділігі жоғары. Негізінен еліміздің солтүстік өңірлерінде өсіруге арналған. Сұрыпты сынау жұмыстары Солтүстік Қазақстан облысында жүргізіліп, гектарынан 46,3 центнер өнім жиналды. Бұл өте сәтті сұрып. Себебі одан жоғары сапалы макарон дайындауға болады. Меніңше, Қазақстан үшін қатты бидайдың алқаптарын ұлғайту – өте маңызды міндет. Оның экспорттық әлеуеті жоғары және бидайдың жұмсақ сұрыптарына қарағанда құны жоғары», – деп 2018 жылғы нәтижелерді А. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Кенже Абдуллаев жіпке тізді.
Орталықта мамандары жаңа сұрыптардың экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған селекциялар зерттеулерге ден қойылды. Бүгінде 17 дақыл бойынша селекциялық жұмыс қолға алынған. Оның ішінде қарақұмық, жасымық, асбұршақ, тары, сұлы, ноқат бар.Жыл сайын ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің 90 мыңнан астам үлгісі зерттеліп, 2 мыңға жуық будандастыру жүргізіледі.
Ғалымдар да инновациялық технологиялардың қолданылуын құптайды. Өткен жылы орталық «нақты егіншілік» бойынша қанат қақты жобаны жүзеге асыруға кірісті. Оның аясында жаздық бидай қос әдіс бойынша өсірілді:нақты егіншілік технологиясы және дәстүрлі әдіс. Бұл бағытта Ақмола облысының аумағында 3 мың га жер учаскесі таңдалып, тәжірибелік полигондар ұйымдастырылды. Оның нәтижесі бойынша нақты егіншілік бойынша өсірілген астықтың өнімділігі орташа алғанда гектарынан 25,4 центнерге жетсе, ал дәстүрлі әдіс арқылы егілген дәннің берекелігі гектарынан18,7 центнерді құрады. Кенже Абдуллаевтың сөзіне сүйенсек, сынақ алаңында нақты егіншіліктің негізгі жүйелерін ендіру арқасында бір гектардан 43 мың теңге кіріс алуға жол ашылды.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 11.02.2019 ж. №2 (196) жарияланды.