Ғылым мен өндірісті сабақтастыру қажет
Аграрлық саясат еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын көбейтуге бағытталуы тиіс. Белгіленген меже ауқымды. Оны қағазда ғана емес, іс жүзінде қол жеткізу үшін аграрлық ғылымға қан жүгірту қажет. Кенжелеп қалған салаға жан бітсе, жаңа технологияларды ендіруге жол ашылады. Оның арқасында ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі артады және азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Отандық аграрлық ғылымның ахуалы мәз емес. Соны зерттеулердің өмірге жолдама алуы сылбыр. Оның нақты өндіріспен сабақтасуы көңіл көншітпейді. Білікті мамандардың басқа салаға ауысуы, жастардың қызығушылық танытпауы байқалып отыр. Атқамінерлердің пайымынша, бар гәп қаржыландыруға тіреледі.
– Ауыл шаруашылығы ғылымын қаржыландыру мәселесінде қиындықтар туындауда. Өздеріңіз білесіздер, ауыл шаруашылығы ғылымын қаржыландыру кішкене кенжелеп қалған. Қазір бізде 3 университет, 23 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. Елбасының Жолдауына сәйкес біз ауыл шаруашылығы ғылымына түбегейлі өзгерістер енгізуіміз керек. Сондықтан ауыл шаруашылығы ғылымына қаржыны көбейтуді өз міндетім деп санаймын. Сондықтан біз биыл ауыл шаруашылығы ғылымын өзгертудің, реформалаудың арнайы тұжырымдамасын Үкіметте дәлелдеп, қорғап шықтық. Осыған байланысты Үкіметте ауыл шаруашылығы ғылымын қаржыландыруды үш есеге көбейту жөнінде шешім қабылданды, – деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев.
Аграрлық ғылымды жаңғырту, оңтайландыру және тиімділігін арттыру көзделіп отыр. Ғылыми-зерттеу институттарды біріктіру есебінен олардың санын 23-тен 15-ке дейін төмендету жоспарланған. Бұл бағытта агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың басымдыққа ие бағыттары мықтап қаперге алынады. Басқарушы және ғылыми кадрларды іріктеуге де талап қойылмақ. Олардың бойынан ілгері ойлау қабілеті байқалып, өнім өндірушілердің бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажеттілігіне бағытталуы тиіс.ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің сөзінше, аграрлық жоғары оқу орындары зерттеу мәртебесіне ие болып, құрамында ғылыми-зерттеу институттары және тәжірибелік шаруашылықтар болуы тиіс. Қазақ агротехникалық университеті цифрландыру орталығына айналмақ. Қазақ ұлттық аграрлық университет іргесіндегі зерттеу ордасы суармалы жерлердің, жеміс пен картоп шаруашылығының, ауылшаруашылық кооперацияның тиімділігін арттыруға және сүтті мал шаруашылығын дамытуға маманданады. Ал Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіндегі зерттеушілердің негізгі міндеті – мал шаруашылығын өркендету.
Салаға жастарды тартуға да баса назар аударылмақ. Себебі бүгінде ауылшаруашылық кәсіптерді меңгерген түлектер мамандықтары бойынша еңбек етуге аса құлық танытпайды. Бірі шалғайдағы ауылға барудан тайынса, екіншілері үшін ұсынылған жалақы төмен. Енді атқамінерлердің пайымынша, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша мемлекеттік грантпен білім алған түлектер міндетті түрде үш жыл бойы ауылдық жерде оны өтеуі ықтимал.
Венера Мұстафина
21.05.2018 ж. мақала