«Еңбек етсең, ісің өнеді»
Бүгінде өз ісін ашуға ниет білдіргендердің қатары қалыңдады. Бірі діттеген арманына қол жеткізу үшін мемлекеттік қолдауға иек артса, екіншілері өздерінің көрпесіне қарай көсіледі. «Тәуекелге бел буған» жандар шаруаны дөңгелетіп, нарыққа сапалы өнім ұсынуды тырысады.
2021 жылға қарай азық-түлік экспортын 40 пайызға көбейту жүктелді. Айқындалған м еже с ағымға а йналмауы ү шін өндірісті қамшылау қажет. Мұны атқамінерлер мықтап қаперге алған көрінеді. Биылғы 4 ай ішінде азық-түлік өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 5,7% пайызға еселенген. Оның ішінде сұйық май 10,6%, қатты ірімшік түрлері 10,3%, ет және ет-өсімдік консервілері 6,7%, өңделген сүт 6,4% артты.
«Made in Kazakhstan» экологиялық тазалығымен ерекшеленуі тиіс. Оған отандық тауар өндірушілер мен өнімді қайта өңдеушілер баса назар аударады. Табыстың басты кілті – сан емес, сапа. Бұл жамбылдық кәсіпкер Екатерина Решетько үшін басты ұстанымға айналған. Нәзік жан бала күтіміне байланысты демалыста қол қусырмаған. Ерекше махаббатпен дайындалған тәттілердің дәмін қос перзенті татты. Дәмі тіл үйіретін бәліштерге туған-туыстар мен достардан тапсырыстар көбейген. Үйдегі асхана таршылық еткендіктен, кондитерлік цех ашу қажеттігі туындады. Белді бекем буған Екатерина Решетько мемлекеттік қолдаудың несібесін сезінді.
– Банктен 7 миллион теңге көлемінде несие алдық. Жылдық мөлшерлеменің тең жартысы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша мемлекет есебінен демеуқаржыландырылып, кейін енгізілген өзгерістерге байланысты біз оның тек 2% ғана төледік. Бұл – жас кәсіпкерлер үшін елеулі көмек, зор мүмкіндік. Біз оның игілігін көрдік. 60 шаршы метрлік кондитерлік цех сатып алынды. «ДимКа» белгісімен дәмді торттарды дайындауды оң жолға қойдық. Оның ерекше атауына екі баламның есімі негіз болды: Дима және Катя. Бұл бағытта ұзақ ойлануға тура келді, – деп өзінің тәжірибесі жайлы Жамбыл облысының тұрғыны кеңінен баяндады.
«Медовый», «Прага», «Наполе он», тәтті бәліштер экологиялық таза, ешбір қоспасыз дайындалады. Өнімге сұраныс артқан соң, Тараздағы тәттілер ордасының аясы кеңейді. Нысанның екінші қабаты салынып, аумағы 200 шаршы метрге дейін ұлғайды. Бүгінде тәттілер мекенінде 30 адам тер төгеді. Олардың қолынан шыққан өнімдерді қала тұрғындары және жақын маңдағы аудан жұртшылығы тұтынады. «ДимКаның» 14 түрлі торттары нарыққа ұсынылған.
– Өнімнің сапасы және құрамы қатаң қадағалауда. Әрбір жаңа тәттінің дәмін әуелі балаларымыз көреді. Кішкентай сыншыларымыз құптаса, саудаға шығарылады. Тұтынушылардың пікірін біліп, өнімді дайындауды және әрлеуді үнемі жетілдіреміз. Баға саясатын және тәттілердің аудан тұрғындары үшін қолжетімділігін қаперде ұстаймыз. Бүгінде халық денсаулыққа пайдалы өнімдерге басымдық береді. Олардың сұранысын ескеріп, калориясы төмен бәліштерді дайындау жоспарда бар. Бұл бағытта фитнес орталықтармен байланыс көпірін орнату қажет. Табыс – 1% сәттіліктің және 99% еңбектің жемісі, – деп өзінің алдағы мақсаттарымен Екатерина Решетько бөлісті.
Жамбылдық кәсіпкер биылғы ақпан айында несиені толық өтеген. Оның сөзінше, мемлекеттік қолдау кәсібіне жаңа серпін берген. Дамуға бет алған кондитерлік цехтың иесі әлеуметтік жауапкершілікке қол сілтемейді. Қайырымдылық шараларға бастамашылдық танытып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады.
– Нарықта әділ бәсекелестік орнауы тиіс. Бірақ оған қол сілтейтіндер де бар. Біздің өнімге сұраныс артып, пысықайлар оның көшірмесін нарыққа ұсына бастады. Қитұрқы әрекет, сапасы төмен тәттілер – біздің атымызға кір келтіреді. Сондықтан тұтынушыларға біздің өнімдерімізде «ДимКа» деген тауарлық белгі бар екендігін түсіндіреміз.
Венера Мұстафина
05.06.2017 ж. мақала