Нан бағасына не әсер етеді? (талдау үшін)

Өткен жылы ел қамбасына 23 млн тоннаға жуық сары алтын құйылды. Қазақстандық дән сыртқы нарықта сұранысқа ие. Экспорт көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 32 пайызға ұлғайып, 11,7 млн тоннаны құраған. Астық нарығындағы ахуалды және қазақстандық нанның бағасын құзырлы министрлік өкілдері жан-жақты тара­зылады.

Фото: ©congerdesign / pixabay.com
Фото: ©congerdesign / pixabay.com

Сары алтыннан тарықпаймыз

Нан бағасы қымбаттай ма? Ас атасының құнына астық нарығындағы ахуал қаншалықты әсер етеді? Бұл сауалдарға елі­міздің бас аграрийі жауап бер­ді. Сапархан Омаровтың сөзіне сүйенсек, ұн тартатын кәсіпо­рындарға астық жетіспейді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Ресми деректерді тергіштесек, бүгінде елімізде 10,5 млн тоннаға жуық астық бар. Оның 3,7 млн тоннасы лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорындарында, 462 мың тоннасы ұн тарту кәсі­порындарда, 6,3 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде сақталған. Құзыр­лы министрлік өкілдері, аталған сандар астық қолхаттарын ұстау- шылардың мемлекеттік тізілі­мі порталындағы мәліметтер­мен расталатынын алға тартып отыр. Бүгінде астық қолхаттары негізінде жасалатын шарттарды онлайн тәртіпте бақылауға мүм­кіндік бар. Әзірге электрондық жүйе астық қолхаттарын шыға­ру құқығына ие, лицензиясы бар астық қабылдау кәсіпорын­дарын ғана қамтып отыр.

– Астықтың сатылу барысын электрондық жүйе арқылы бақылауға болады. Әзірге бұл элеваторларды қамтып отыр. Алдағы уақытта шару­ашылықтардың деңгейіне түсіп, оларды да электрондық жүйе­ге енгізу жоспарланған. Оның арқасында шаруашылықтар­дан элеваторларға жол тарта­тын астық да есептеледі. Оның арқасында нақтылық пен дәйек­тілікке қол жеткізіледі. Бұрынғы­дай астық көлемі бойынша ақпа­рат қағазда тіркеліп, сандардағы айырмашылыққа жол беріл­мейді. Мәлімет ретінде айтсам, порталда астықпен операция­лар жасауға тікелей қатысы бар 4 мыңнан астам пайдаланушы жұмыс істейді, – деп мәселенің мәнісіне Ауыл шаруашылығы министрі тоқталды.

Нанның өзіндік құны: астықтың үлесі қанша? Сары алтынның бағасы өткен жылдың соңынан бастап жоғарылады. Бұл үрдіс елімізде, Орта Азияда және жалпы әлемдік астық нарығын­да байқалған. Оған Ресейде дән­ді дақыл шығымдылығының 2017 жылмен салыстырғанда 20% құл­дилауы да өз әсерін тигізген. Дәнге сұраныс еселенген соң, оның бағасы да қымбаттады. Мәселен, 3 сыныпты бидайдың бір тоннасы 75 мың теңгеге дейін жеткен.

– Бұл елімізде, Орта Азияда және жалпы әлемдік нарықта бағаның өзгеруімен байланысты болды. Бір жағынан, біз оған қуануымыз қажет. Себебі біз­дің диқандар қауымы маңдай термен жинаған дәнді жоғары бағамен сатып, қарыздарынан құтылуға және көктемгі дала жұмыстарына дайындалуға мүмкіндік бар. Екінші жағынан, бұл нан бағасының өсуіне әке­ліп соқты деген ақпарат тарап отыр. Әрине, астық бағасы қым­баттаса, бұл нанның құнына әсер етеді. Бірақ ас атасының бағасы­на әрдайым астық бағасы әсер етпейді. Соңғы бағаны құрай­тын басқа элементтер бар, – деп астық нарығындағы ахуалды аграрлық ведомствоның тізгінін ұстаған Сапархан Омаров жіпке тізді.

Оның айтуынша, нанның өзін­дік құнында астық бағасының үлесі 50% құрайды. Өзгесі жанар-жағармайға, жалақыға, электр энергиясына, әкімшілік пен басқа шығындарға тиесілі.

Баға күрт өспейді

– Сараптама мен реттеу жүр­гізілетін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізбесіне нанның барлық түрлері емес, тек бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны кіреді. Бүгінде бұл әлеу­меттік нанның бір бөлкесі орта­ша алғанда 75-78 теңге тұрады. Жоғары сұрыпты ұнның бағасы 132-142 теңгені құрайды. Бірақ бүгінгі таңда нан бағасы күрт көтеріледі деген алаңдаушылық тудыратын жағдайлар жоқ. Оның бағасы тұрақты, ауытқулар болса да, мән берерліктей емес, – деп қазіргі ахуалды министр бағам­дады.

Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметіне сүйенсек, 2015 жылы Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекет­тік комиссияның шешімімен нан бағасын реттеуден бас тартуға қолдау білдірілген. Биыл әлеу­меттік нан бағасы 2016 жылмен салыстырғанда 6 теңгеге қым­баттағаны байқалып отыр. Бұл бағытта жергілікті әкімдіктер әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының күрт көтерілуіне жол бермеу үшін тиісті іс-шараларды қолға алады. Өңірлік тұрақтан­дыру қорларын қалыптастыру – оның бір парасы. Негізгі мақ­сат – әлеуметтік маңызды тауар­лардың кейбір түрлері бойынша алдын ала қор жасау. Сапархан Омаровтың айтуынша, қазіргі уақытта тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға арналған 3,1 млрд теңге көлемінде қаржы бар, бұл қаражатты әкімдіктер нан бағасын тұрақтандыруға да бағыттай алады.

– Астық бойынша өндірушілер және тұтынушылар бар. Бірінші­ден, бидай бағасы қымбаттаса, өндіруші ұтады. Өндірушіні қол­дауымыз қажет. Екіншіден, тұты­нушы бар. Нан бағасы көтерілсе, бұл біз үшін жағымды жайт емес. Біз теңгерімнің ортасын табуға тырысамыз. Бүгінде оны таптық деп ойлаймын, – деп ойын түйін­деді министр.

Экспорт тұрақты

Соңғы екі аптада астық баға- сының төмендегені байқалған. Мәселен, 3 сыныпты бидайдың бір тоннасы сапасына қарай 65–67 мың теңгеге сатылуда.

– Қолда бар астық көлемі экс­порттың жоспарлы көрсеткіште­рін қамтамасыз ету және елдің ішкі сұранысын қамту үшін жет­кілікті. Қазіргі кезде 8,3 млн тон­на бидай бар. Оның 690 мың тон­насы азық-түлік қажеттіліктері­не, 1,6 млн тоннасы тұқымдық мақсатқа, 730 мың тоннасы жем­дік астыққа, 128 мың тоннасы өнеркәсіптік өңдеуге жұмсала­тын болады. Нәтижесінде, келесі жылға ауысатын қалдық ретінде 2,9 млн тонна қалады. Сондықтан ұн тартатын кәсіпорындарға астық жетіспейді деген әңгіме­нің негізі жоқ, – дейді министр.

Еліміздің жыл сайынғы экс­порттық әлеуетіне орташа алған­да 8-9 млн тонна астыққа тең. Өткен жылы диқандар қауымы 11,7 млн тонна дәнді дақылды сыртқы нарыққа сатты. Оның 4,9 млн тоннасы астықтың еншісін­де, ал өзгесін арпа және басқа да дақылдар құраған. Биыл 6 млн тоннаға жуық қазақстандық сары алтын сыртқы нарыққа жол тарт­ты. Жыл соңына дейін қосымша 2,2 млн тонна дәнді дақыл экс­портқа бағытталады деп күтілу­де. Осы күнге дейін экспортқа 6,7 млн тонна астық тиелген.

Венера Мұстафина

Мақала «АгроИнфо» газетінің 25.03.2019 ж. №5 (199) жарияланды.

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы