Қант қызылшасына қарық боламыз ба?
Отандық қант өндірісіне қан жүгірту үшін тәтті түбірді өсіруге ден қою қажет. Биыл Жамбыл облысында қант қызылшасының алқабы ұлғайған. Диқандар қауымы маңдай термен жиналған өнімді тапсыруға қамдануда.
Машақаты көп
Бүгінде жерден рыздығын тапқан қазақстандықтар арасында нәзік жандар баршылық. Олар ер адамдарға тән күрделі әрі қиын шаруаны ұршықтай иірген. Сандуғаш Сайфутдинова – сөзімнің бір айғағы. Жамбыл облысының тұрғыны 10 жылдан бері нәпақасын егіншіліктен тауып отыр. Әуелі ол дәнді дақылдарды өсірудің қыр-сырын меңгерген. Енді биыл қант қызылшасын егуге бел буды. Тәтті түбірді жайқалтудың машақаты мен алғашқы нәтиже турасында «Жас» шаруа қожалығының жетекшісін сөзге тарттық.
– Алқаптарды әртараптандыру аясында қант қызылшасын өсіруге де қызығушылық артқаны байқалады. Оған мемлекет тарапынан демеуқаржы да қарастырылғаны белгілі. Бұл дақылға бет бұруыңызға түрткі болды ма?
– Сөзіңіздің жаны бар. Қант қызылшасын өсіруге оң жағдай жасалған. Мемлекет тарапынан қолдау бар. Демеуқаржы қарастырылған. Меркі ауылы тұрғындарының көбі тәтті түбірге ден қойған. Еңбек ауыр болғанымен, пайдасы көл-көсір. Мен де тәуекелге бел будым. Тек қалтамыздағы қаржы қат болғандықтан, несие серіктестігіне жүгінуді жөн санадық. Бұл бағытта «Жылыбұлақ» деген үлкен шаруашылықпен біріктік. Нәтижесінде «Кең дала» бағдарламасы бойынша 20 миллион теңге көлемінде несие рәсімдедім. Қаражат тыңайтқыштар мен жанар-жағармайды сатып алуға, жұмысшыларға жалақы төлеуге жұмсалды. Бүгінде несиені төлеуге кірістік.
– Күзгі жиын-терім аяқталуға жақын. Биылғы өнімділік қалай?
Бірінші рет 93 га алқапқа қант қызылшасын ектік. Тұқым Меркі қант зауытынан алынды. Кейін қызылшаны өткізген кезде олармен есептесеміз. Бүгінде күзгі жиын-терім науқаны аяқталды. Өнімділік жаман емес. Гектарынан 20 центнер қант қызылшасы алынды. Жалпы 19-20 тонна өнім жиналды. Биылғы кемшіліктерді алдағы уақытта ескерсек, өнімділікті 2-3 есе арттыруға мүмкіндік бар.
– Тәтті түбірді өсірудің қандай өзгешелігі бар?
– Техникалық дақылдың өзіндік ерекшілігі бар екен. Оны өсірудің машақаты көп. Әуелі күтімді талап етеді. Суды жақсы көреді. Арагідік тіршілік нәрін қолдансаң, қант қызылшасы жайқала түседі. «Судың да сұрауы бар» демекші, оны сатып алдық. 1 текше метрі 4 теңгеге сатып алынды. Негізінен қант қызылшасын суаруға 1 млн текше метр су жұмсалды. Жалпы айына 4-5 рет суарсаң, шығымдылығы жақсы болатынын байқадық. Оның реттілігі ауа райына байланысты екендігі даусыз.
– Бұйырған дақылды өткізуде кілтипандар бар ма?
– Қант қызылшасын өсіру әлдеқайда тиімді. Себебі оны өткізуде әлекке салынбайсың. Маңдай термен өсірілген дақылды жергілікті қант зауытына тапсырамыз. Сонымен қатар мемлекет бір келісіне 10 теңге көлемінде демеуқаржы береді.
– Қанша адам екі қолға бір күрек тапты?
– Арпа мен бидай еккенде, 7-8 адамның көмегіне жүгінетін едім. Ал биыл қант қызылшасына шамамен 25 адамды жұмысқа қабылдадым. Алқаптарды суару, дақылдың жайқалуын тексеру, оны кетпенмен өңдеу, арамшөптерден тазалау – қол еңбегіне артылады. Ал дақылды егу және жинау жұмыстары техника арқылы жүргізіледі.
– Келесі жылға тұқыммен қамдандыңыздар ма?
– Келесі жылы қант қызылшасын өсіру бойынша әзірге нақты шешім қабылдаған жоқ пын. Қ аржы лық а х уалымызды екшелеп, табиғи жағдайды сараптап, жан-жақты ойланамыз.
– Дәнді дақылдар бойынша өнімділік көңілді көншіте ме?
– Талай жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында тер төгіп жүрмін. 10 жылдан бері дәнді дақылдарды өсіреміз. Мен үшін бұл үйреншікті дақыл. Оны өсірудің қыр-сырын жан-жақты меңгердік. Биыл сары алтынды алқапқа сіңірген жоқпыз. Ал арпаның шығымдылығы жаман емес. Оны 100 гектар алқапқа ектік. Өнімділік гектарынан 14 центнерден айналды. Бір бөлігін тұқымға және қолдағы малға алып қаламыз. Артылғаны ниет білдіргендерге сатылады.
– Егіншіліктің бейнеті көп. Күрделі шаруаны дөңгелету үлкен күш-жігерді талап етеді.
– Дәл бастыңыз.Бастапқыда қиналғаным рас. Бірақ мені қолымнан демейтін балаларым бар. Олар қолғабыс етіп, қолға алған кәсібімнің бағы жанды. Кез келген іске ынта қойсаң, нәтижесі ұзақ күттірмейді.
Демеу медеу ма?
Шаруалар қ ант қ ызыл шасының алқабын ұлғайтуға құлықтанытып отыр. Ресми деректерді сөйлетсек, биыл Жамбыл облысында тәтті түбірдің егістігі 9 мың га дейін жетті. Күзгі жиын-терім бойынша 150 мың тоннадан астам өнім жиналады деп жоспарланған. Ал атқамінерлердің пайымынша, ел бойынша қант қызылшасының өнімділігі 1,5 есе артпақ. Осылайша шенділер әртараптандырудың жемісі сезілетініне үміттенеді. Бұл бағытта қаржы институттарына көктемгі дала жұмыстарын несиелеу тапсырылды. «Кең дала» бағдарламасы – оның бір парасы. Өткен жылы оған Жамбыл облысында тәтті түбірді өсіретіндер еш қызығушылық танытпай, бірде-бір өтінім болмаған. Биыл оған көзқарас өзгергені байқалады.
– Биыл Жамбыл облысында «Кең дала» бағдарламасына жүгінген шаруалардың 35 пайызы қант қызылшасын өсіреді. Тәтті тамыр жемісті 269 га егетін 6 шаруашылық несие рәсімдеді. Оның жалпы көлемі 648 миллион теңге. Көбіне дақылды сіңіруге, тыңайтқыштар мен жанар-жағармайды, құрал-жабдықтарды сатып алуға, жалақы төлеуге алынды. Көк темгі дала жұмыстарына және күзгі жиын-терімге қаржысы қат шаруалар несиеге иек артатыны белгілі. Олар тікелей Тараздағы филиалға келіп, несие рәсімдей алады. Бірақ шалғайда орналасқан аудан тұрғындары үшін 250-300 шақырым жол жүру ыңғайсыз және тиімсіз. Сондықтан көбі елді мекендерде қанат жайған несие серіктестеріне жүгінеді. Басты шарт – олардың мүшесі атану. Талап үдесінен шықсаңыз, 6 пайызбен несие рәсімдейсіз. Бізде тікелей берілетін және несие серіктестігі арқылы үлестірілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесінде айырмашылық жоқ. Белгіленген басты талап 6 пайыздан аспауы тиіс, – деп нақты деректерді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалының өкілі Ахмедияр Айтбаев.
Қарызды қайтарудың мерзімі қысқа. 1 желтоқсанға дейін тауар өндірушілер оны төлеуі тиіс.
Венера Мұстафина
27.11.2017 ж. жауап