Азық-түлік қауіпсіздігі назарда
Ішкі нарықты сырттан жеткізілетін сапасыз өнімнен қорғау үшін бірыңғай мемлекеттік органды анықтау ұсынылды.
Атқамінерлер 2017 жылды бағамдады. Ресми деректерге сүйенсек, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі еселенген. Өсім 2,9% тең. Азық-түлік бойынша да көрсеткіш ұлғайған – 4% астам. Олар үшін жаңа өткізу нарықтары ашылған. Оның есебінен ауылшаруашылық өнімдер экспорты 10% артты. Аспан асты еліне жол тартқан отандық тауарлар көлемі 30% көбейді. Бүгінде «Қазақстанда шығарылған» белгісі бар өнімдер Біріккен Араб Әмірліктеріне, Сауд Арабиясына, Иранға жол тартып отыр.
– Субсидиялардың 65 түрі қайта қаралды және онымен агро- өнеркәсіптік кешен субъектілерін қамту кеңейтілді. 2017 жылы АӨК қолдау көлемі 18% артып, 260 млрд теңгені құрады. Облыстар көлемінде Агроқайта өңдеу картасы әзірленді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 30% артты. 2017 жылы Қазақстан аусылдан таза аймақ мәртебесін толық алды, бұл бізге мал шаруашылығы өнімдерін жаңа нарықтарға шығаруға мүмкіндік береді, – деп саланың тынысын Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жіпке тізді.
Отандық өнім сапасымен және табиғи тазалығымен ерекшеленетіні мәлім. Бұл ретте ішкі нарықты денсаулыққа зиянды және жалған импорттық азық-түліктен қорғау қажет. Оның толық тетігі бүгінде әлі де қолданылмайтынын ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев мойындауға шақырды. Дәйекті дәлелін де келтірді. Мәселен, елімізге жеткізілетін мұздатылған құс етi қайта-қайта мұздатылатын көрінеді. Бұл оны қауiптi етумен қатар бағасын да қымбаттады. Себебі салмақты арттыру үшiн су және басқа қоспалар енгiзiледi.
Дастарханымыздың сәніне айналған сары майдың шетелдік аттасында да мін бар. Құны арзан импорттық өнімнің сапасы көңілге күдік ұялатады.
– Техникалық шарттарға сәйкес бiр келi сары май үшін кем дегенде 22 литр сүт қажет. Оның өзіндік құнын есептесек, мұндай майдың бір келісі 2750 теңгеден төмен болмауы тиiс. Дей тұрғанымен, 2017 жылдың 11 айында елімізге құны 8,6 млн долларды құрайтын 1858 тонна импорттық сары май әкелінген. Жүргізілген талдау оның келiсi орташа алғанда 1514 теңге, яғни, екi есе арзан тұратынын көрсетті. Бұл аталған сары май өндiрiсiнде пальма мен кокос майлары секілді арзан сүт алмастырғыштар қолданылатынын білдіреді. Біз тұтынушылар ретінде оны дәмі бойынша сеземіз. Сондықтан әрбір адам сенім үдесінен шыққан өндірушінің өнімін алуға тырысады, – деп мәселенің мән-жайын Арман Евниев тергіштеді.
Оның сөзінше, азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселелерi бойынша бiрыңғай мемлекеттiк органды анықтау қажет. Iшкi нарықты қорғау мәселелерi – техникалық регламент талаптарының сақталуын бақылайтын бақылау-қадағалау органдары үшiн басымдыққа ие міндет.
– Сылбыр бақылаудың салдарынан мұндай жалған өнiмдер бiздiң отандық тауарлардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн төмендетіп, мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесін азайтады. Сондықтан ауыз суды, тағамдық пен биологиялық белсенді қоспаларды, арнайы мақсаттағы тағам өнімдерін қоспағанда, барлық тағам өнiмдерiне мемлекеттiк бақылауды күшейту бойынша тиiмдi және үйлестірілген жұмыс атқару және «фермадан үстелге дейін» қағидасы негізінде бақылауды қамтамасыз ету үшiн бiрыңғай өкiлеттi орган ретiнде Ауыл шаруашылығы министрлiгiн бекiтудi ұсынып отырмыз, – деп атап өтті Арман Қайратұлы.
Мұндай бірыңғай мемлекеттік органның қажеттігін өзге елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Канада, Франция, Литва, АҚШ, Қытай, Австралия – оның бір айғағы.
Венера Мұстафина
05.03.2018 ж. мақала