Аграрлық салада еңбек өнімділігі қалай арттырылады?

5 жыл ішінде отандық аграрлық саладағы еңбек өнімділігі және өңделген өнімнің экспорты кемінде 2,5 есе артуы тиіс. Белгіленген межеге қол жеткізу жолында озық технологияларды ендіруге баса назар аудары­лып отыр.

Өткен жылы агроөнеркәсіптік кешен­де ілгерілеу байқалған. Саланың тынысын атқамінерлер санмен сөйлетті. Ресми деректерге сүйенсек, ауылшаруашылығы саласында ішкі жалпы өнім көлемі 2,9% артып, 4,1 трл теңгені құраған. Отандық азық-түліктің негізгі түрлерімен қамта­масыз ету деңгейі – 80% астам. Бұл рет­те «Қазақстан шығарылған» белгісі бар ауылшаруашылық өнімдердің экспорты ұлғайғаны байқалады. 2017 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 10 пайызға еселеніп, 2 млрд долларға жет­кен. Оның бір айғағы – Қытай. Бұл бағыт­та экспорт 30 пайызға артты. Аспан асты еліне тұңғыш рет 5,6 мың тонна отандық соя бұршағы жол тартқан. Соя майы да қытайлықтардың қызығушылығы жоғары. Сондықтан болар, оның экспорты 14 есе ұлғайды. Ал мұздатылған балықтың, сұйық май мен майлы дақылдар көлемі шамамен екі есе көбейді.

Фото: ©Herney / pixabay.com
Фото: ©Herney / pixabay.com

 Ирандықтар қазақстандық дақылдарға ден қойып отыр. Бұл бағытта рапс, арпа және бұршақ көкөністерінің тұқымына сұраныс жоғары екендігі байқалады.

Енді атқамінерлер отандық еттің экс­портын қамшылауға бекініп отыр. Бұған дейін оның көлемі 60 мың тоннаға меже­ленген-ді. Бірақ әзірге бұл сағымға айналып отыр. Өткен жылдың өзінде қазақстандық еттің экспорты 5 мың тоннаны құрады. Биыл көрсеткіш 18 мың тоннаға жетеді деп сендірді құзырлы министр­ліктің басшысы. Бұл ретте 5-6 жыл бұрын жүзеге асырылған аналық асыл тұқымды ірі қараны сырттан жеткізу жұмыстарының нәтижесі сезілетініне үміт бар. Сол кезде­рі елімізге оның 58 мыңы әкелінген. Қазақ- станда жерсінідірілген асыл тұқымды мал­дың саны бүгінде 300 мыңға жеткен көрі­неді.

«Ет экспортын арттыру үшін коопера­цияларды дамытуға деген көзқарас қайта қарастырылады. Өнімнің өткізілуін, тех­нологиялар мен білімнің қолданылуын, қаржыландыруға қолжетімділікті қам­тамасыз ететін ірі бордақылау алаң­дары бар кооперацияларда орта және ұсақ шаруашылықтарды дамытуды ынта­ландырамыз», – деп атап өтті ҚР Үкімет басшысының орынбасары – ҚР Ауыл шару­ашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев.

5 жыл ішінде отандық аграрлық сала­дағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артуы тиіс. Бірақ қазіргі ахуал аса көңіл көншітпейді. Бар гәп саладағы техникалық жабдықта­лу деңгейінің жетіспеушілігіне тіреледі. Бұл ретте құзырлы министрлік 4 бағытты жетекшілікке алып отыр. Заманауи нақты технологиялардың ендірілуіне, ауылшару­ашылық техниканы жедел жаңартуға, мал шаруашылығын дамытуға және суармалы жерлерді қарқынды түрде қолданысқа енгізуге басымдық берілмек. Оған ден қойғандар мемлекеттік қолдаудан қапы қалмайды. Мәселен, биыл лизинг бойын­ша пайыздық мөлшерлемені демеуқар­жыландыруға 5,5 млрд теңге бағыттау жоспарланған. Бұл тиімсіз субсияларды қысқарту есебінен жүзеге асырылады деп күтілуде. Осылайша министрлік тозығы жеткен техниканы жаңарту жұмысына қарқын бермек.

– Өмір бір орында тұрмайды. Бүгінде қолданыстағы мемлекеттік қолдау шара­лары түбегейлі түрде қайта қарастыруды талап ететінін байқап отырмыз. Оларды барынша оңтайландыру және автоматтан­дыру ғана қажет емес. Ең алдымен, субси­диялар жаңа технологияларды ендіруге және өнімділікті арттыруға ынталандыруы тиіс. Сондықтан оларды өзгертудің негіз­гі әдіс-тәсілдерін әзірледік. Биыл шешіле­тін мәселелер бар. Сонымен бірге уақытты көбірек талап ететін жүйелі шешімдер бар, – деп атап өтті ҚР АШМ бірінші вице-мини­стрі Арман Евниев.

Ауыл шаруашылық өнімді өңдеу дең­гейі де көңіл көншітпейді. Оның дені әлі де шикізат түрінде сауда нарығына жол тартады. Атқамінерлердің уәжі – ауылша­руашылығы өнімін өңдеу, сақтау, қайта өңдеу және өткізу жүйелері бытыраңқы әрі олардың арасында өзара үйлесім жоқ. Оған дайындау ұйымдары үшін ҚҚС суб­сидиялануы туралы ақпараттандырылу деңгейінің жетіспеушілігі де әсерін тигіз­ген. Бұл өз кезегінде қолдағы қайта өңдеу ошақтарының толық жүктелмеуіне, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізудегі түйт­кілдерге әкеліп отыр. Сондықтан ауылша­руашылық тауар өндірушілер мен өңдеу кәсіпорындарын «Ақтеп», «Север-Агро», «KazBeef» және т.б. ет кооперативтері үлгі­сінде біріктіру діттелген. Бұл өнімді өнді­руден бастап оны өткізуге дейінгі толық технологиялық циклды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

– АӨК цифрландыру аясында нақты егін­шілік пен ақылды фермалардың элемент­терін ендіруге басымдық беріледі. Бірінші кезеңде геопозициялық, вегетациялық, агрохимиялық, гидрогеологомелиорати­вті және метеорологиялық қабаттары бар алқаптардың электрондық карталарын әзірлеу қажеттігін байқап отырмыз. Ақыл­ды фермалар үшін де келесі процестер бойынша ақылды элементтердің тізімі белгіленеді: азықтандыру, сауу, жарықтан­дыру, малдың белсенділік жүйесі, суа­ру, салқындату, қиды шығару, – деп жаңа технологияларды ендірудің мән-жайына Арман Қайратұлы тоқталды.

Аграрлық ғылымды да өзгерістер күтіп тұр. Дақылдың жаңа сұрыптары мен мал­дың тұқымын шығару емес, әлемдегі озық қолжетімді технологияларды енді­ру нысанаға алынбақ. Бұл ретте министр­лікке қарасты ҒЗИ мен университеттердің санын ірілендіру арқылы екі есе қысқар­ту діттелген.

Венера Мұстафина

 

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы