Ветеринарлық бақылау: тиімділікті арттырудың жолы қандай?

Ол үшін заманауи технологиялар кәдеге жаратылып, алдын алу жұмыстарын күшейту діттелген. «Электрондық ветеринарлық анықтама» жобасы, «фермадан үстелге дейін»қағидасы – оның бір парасы.

 Электрондық ветеринарлық анықтамалар сыннан өткізілмек

Заманауи технологиялар ауыл шару­ашылығын да айналып өтпейді. Сау­да сөрелеріне қауіпті әрі сапасыз өнім­нің жайғасуына, жалған ветеринарлық құжаттардың рәсімделуіне жол бермеу аса маңызды. Бақылаудың тиімділігін арт­тыру үшін құзырлы ведомство қанатқақты жобаны қолға алуды ұйғарған. Әзірге «Электрондық ветеринарлық анықтама» тек Астана қаласында беріледі. Елорданың 3 ірі базары нысанаға алынады. Өнім­нің қауіпсіздігін растайтын электрондық құжат «Еуразия», «Әлем» және «Шапағат» үшін жарамды. Егер еттің электрондық үлгідегі құжаты болмаса, онда аталмыш сауда орындарына жол жабылады.

Коллаж: АгроИнфо. Фото: jonathansautter / RitaE (pixabay.com)
Коллаж: АгроИнфо. Фото: jonathansautter / RitaE (pixabay.com)

– Бізде бірыңғай автоматтандырылған жүйе және ауылшаруашылық малды сәйкестендіру жүйесі бар. Ветеринар­лық анықтаманы аккредитациядан және аттестациядан өткен және оған құқығы бар мамандар береді. Олар өздерінің логиндері арқылы электрондық жүйе­ге кіріп, анықтаманы электрондық үлгі­де толтырады. Оның нөмірін жүйенің өзі анықтайды. Егер ет нарығына жеткізіліп, электрондық жүйеде анықтамасы бол­маса, оны сауда сөрелерінде сатуға жол берілмейді, – деп жобаның ерекшелігін Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветери­нарлық бақылау және қадағалау комите­тінің төрағасы Тұрсын Қабдолданов түсін­дірді.

Ауыл шаруашылық малды сәйкестен­діру жүйесі тексеруші органдар үшін де қолжетімді. Ет өнімдері тасымалдан­са, оған берілген ветеринарлық анықта­маның заңдылығын ІІМ қызметкерлері электронды түрде көре алады.

– ІІМ органдарына арнайы логин бер­дік. Олар жүйеге кіріп, берілген анықта­маның заңдылығын көре алады. Егер жоба өзін ақтаса, онда өнім жеткізілетін жерде интернетке шығу мүмкіндігі болуы тиіс. Базарларда интернет бар. Құқығы болса, кез келген ветеринарлық дәрігер жүйе­ге кіреді және анықтаманы электрондық үлгіде рәсімдейді, – деп атап өтті ол.

Жауапты мамандар электрондық вете­ринарлық сертификаттаудың барысын зерделеуге мықтап кіріскен. Биылғы сәуірдің бірінен жаңа жүйе Алматы және Қарағанды облысында қолданысқа енгізіл- мек. Жобаның нәтижесі сезілетініне атқа­мінерлер дәмелі. Біріншіден, қағаз жүзін­дегі «жалған» бланкілердің қолданылуы­на жол берілмейді. Екіншіден, бір малға анықтаманың бірнеше рет берілуін жоққа шығару көзделіп отыр. Үшіншіден, өнім­нің алынуынан бастап оның сауда сөресі­не жеткізілуіне дейінгі жолды бақылауға жол ашылмақ.

Екпелердің сапасына назар аударылады

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, мал ауруларының зардаптарымен күрескен­нен гөрі оның алдын алған абзал. Биыл ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында елбойынша 74 миллион диагностикалық зерттеу жүргізілмек. 142 миллион ветеринарлық егу шарасы жоспарланған. Сібір жарасына қарсы екпе­лер қарастырылған. Олар орталықтан­дырылған түрде сатып алынады. Бұл ретте екпелерді сақтау талаптарына баса назар аударылады. Олардың сапасын құзырлы ведомство өкілдері тәуелсіз халықаралық зертханаларда тексеретін көреді.

– Бүгінгі күні Қазақстан Республи­касы аусыл індетінен таза аумақ ретінде Халықаралық эпизоотикалық бюроның сертификатына ие. Тоғыз аумақ – аусыл­дан таза, вакцина егілмейтін аумақ. Шығыс Қазақстандағы және Оңтүстік өңір- лердегі – Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы аусылға бейім барлық мал 100 пайыз егіледі. Сонымен бірге ірі-қараның арасында туберкулезге тек­серу толығымен жүргізіледі, – деп атап өтті ол.

Бүгінде бірінші жартыжылдыққа қа- растырылған 99 миллион дәрі барлық облыстарға үлестірілген. Мамандардың байламынша, бұл қажеттілікті толық қам­тамасыз етеді.

Бруцеллезге қарсы қам-қарекет қандай?

Бруцеллезді дер кезінде анықтау үшін қолдағы малды тексеру шаралары жыл­да жүргізіледі. Биыл қан алу жұмыстары 1-ші наурыздан қолға алынған. Жалпы сауын сиырлар екі рет – күзде және көк­темде, ал аталық ірі қара әр тоқсан сайын 4 мәрте тексеріледі. Малдан қан алу кезін­де тек бірреттік ине мен шприц ғана қол­данылады.

– 18 облыстық, 189 аудандық зертхана­лар бар. Жылына 7 миллиондай мал тек­сереміз, 24 миллион қойдың қанын тексе­реміз. Соның ішінен жылына 20-21 мыңдай мал бруцеллезге ұшырайды. Бруцеллездің диагностикасы бірнеше сатыда жүргізіле­ді. Сынама оң нәтиже берсе, ол қайта тек­серуге жіберіледі. Ал бруцеллезге шал­дыққан мал санитарлық союға жіберіледі. Оның 30 пайыз құнын жергілікті атқарушы билік, ал қалған 70 пайызын өңдеуге алған мекеме төлейді, – деп атап өтті Ауыл шару­ашылығы министрлігінің өкілі.

Созылмалы індеттің таралу жолдары әрқилы. Бұл ретте Тұрсын Қабдолданов малды бағу мен өсіру талаптары мен тәр­тіптерін сақтауға шақырады.

Басты қауіпсіздік қағидасы – «Фермадан үстелге дейін»

Дастарханға жол тартатын өнімдердің сапасына баса назар аудару қажет. Мұны еліміздің аграрлық ведомствосы мықтап қаперге алған. Талап үдесінен шықпайтын және техникалық регламентке сәйкес кел­мейтін азық-түлік сауда сөрелерінен орын алмауы тиіс. Бұл бағытта сапасыз әрі адам денсаулығына қауіп төндіретін өнімдер­ге бақылауды күшейту қажет. «Ферма­дан үстелге дейін» қағидасын жетекшілік­ке алған Ауыл шаруашылығы министрлі­гі осылайша тамақ өнімдерінің қауіпсізді­гін қамтамасыз етуді және ветеринарлық бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арт­тыруды көздеп отыр. Бірақ әзірге құзырлы ведомство қос мәселенің соңғысын ғана мойнына алады. Алғашқысына Денсаулық сақтау министрлігі жауапты.

– Ветеринарлық қауіпсіздік пен тамақ қауіпсіздігі бір-бірімен тығыз байланысты. Төл алынғаннан кейін төлдің құлағына салынған сырға, малды егу шаралары, тексеру жұмыстары және тасымалдануы, өсірілуі Ауыл шаруашылығы министр­лігінің құзырында болса, өнім алынған­нан кейінгі мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында. Сондықтан оны бір ғана мекеменің құзырына беру қарастырылуда. Өйткені өндірілген өнім тасымалданған кезде кемшіліктер шыға­тын болса, оның шыққан тегін білу құзыре­ті Денсаулық сақтау министрлігінде емес, Ауыл шаруашылығы министрлігінде. Бар­лық атқарылатын жұмыс бір ғана ведом­ствоның, яғни Ауыл шаруашылығы мини­стрлігінің құзырында болғаны жөн деп санаймыз, – деп мәселенің мән-жайына Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветери­нарлық бақылау және қадағалау комите­тінің төрағасы Тұрсын Қабдолданов кеңі­нен тоқталды.

Ол үшін заманауи технологиялар кәдеге жаратылып, алдын алу жұмыстарын күшейту діттелген. «Электрондық ветеринарлық анықтама» жобасы, «фермадан үстелге дейін» қағидасы – оның бір парасы.

Венера Мұстафина

19.03.2018 ж. мақала

Поделиться материалом

Читать ещё

  • Опрос

    Каковы перспективы у запрета на импорт пшеницы в РК?

    Показать результаты

    Загрузка ... Загрузка ...
  • Архивы