Талпыныс тынысы қалай?
2018 жылы ет экспорты бойынша ілгерілеу байқалған. Қазақстандық өнімдер жаңа нарықтарды бағындырды.
Мал баққанға бітеді
2018 жылы етті және сүтті ірі қара мал шаруашылығын, құс шаруашылығын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар күшіне енді. Діттелген межені бағындыру жолында «Сыбаға» және «Алтын асық» бағдарламалары жаңартылып, қайта өмірге жолдама алған. Жеңілдетілген несиенің жылдық мөлшерлемесі – 4%. Мерзімі – 15 жыл. Мемлекеттік қолдаудың бұл түріне шаруа қожалықтары иелерінің қызығушылығы да жоқ емес. Ресми деректерді тергіштеп көрелік. Бүгінде Қазақстанда 20 мыңға жуық шаруашылық етті бағыттағы мал шаруашылығына бет бұрған. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында 600-ден астам шаруашылық қаржыландырылды. Оларға ірі қара малдың аналық басын сатып алуға жеңілдетілген несие үлестірілген. Оның арқасында фермерлер 56 мың бас ірі қараны еншілеуі тиіс. ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметовтің сөзіне сүйенсек, елімізге алыс және таяу шет мемлекеттерден 20 мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара жеткізілді. Оның аясында қолдағы ірі қараның генетикалық әлеуетін жақсарту көзделген. Асыл тұқымды мал жерсіндіріліп, одан төл алынуда. Бүгінде оның саны бірнеше есе көбейген. Еліміз бойынша етті асыл тұқымды ірі қараның үлесі 20 пайызға жуықтаған көрінеді.
«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» демекші, бүгінде Шопан ата төлін көбейтуге де бетбұрыс бар. Қой шаруашылығының аяқ алысы көңілге медеу. Есепке көз тіксек, 2018 жылы 170 мыңға жуық аналық қой сатып алынған. Жеңілдетілген несие 468 шаруашылыққа берілді. Оның жалпы құны 5 млрд теңгені құраған.
Әлбетте, қазақтың жері шұрайлы, табиғи жағдайы қолайлы. Қой шаруашылығын еліміздің барлық облыстарында мықтап қолға алуға мүмкіндік бар. Атқамінерлер етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасында аша тұяқтыларды көбейтуге басымдық беріп отыр. Оған сәйкес қойдың санын 30-40 пайызға ұлғайту жоспарланған.
– Негізінен еліміздегі шаруа қожалық- тарындағы отардың өсімі жылына орташа алғанда 12 пайызды құрайды. Асыл тұқымды қойларды өсіруден де кенде емеспіз. Бұл бағытта да фермерлердің қызығушылығы бар екендігі байқалады, – деп жіпке тізді Еркебұлан Ахметов.
Ет экспорты: асығымыз алшысынан түсті ме?
Еттен таршылық көрмейміз. Жыл санап елімізде мал шаруашылығы қанатын кеңге жаюда. Бүгінде экспорттық әлеуетіміз бен қарқынымыз арта түскен. Қазақ- стандық еттің дәмін өзге мемлекеттердің тұрғындары татуда. Бұл бағытта атқамінерлер 2018 жылы жоғары көрсеткіш бағындырылғанын алға тартып отыр. Ресми сандарды сөйлетсек, 30 мың тонна отандық ет және ет өнімдері сыртқы нарыққа жол тартты. Оның 20 мыңға жуық тоннасы сиыр етінің еншісінде. 2017 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 3,6 есе арта түскен. Оның басым бөлігі Ресейге, Өзбекстанға жеткізілген. Енді биылғы жылғы көрсеткіш ұлғайтылмақ. Атқамінерлер 30 мың тонна сиыр етін экспорттауды жоспарлап отыр.
Қой еті бойынша басқаларға қол жаймаймыз. Импортқа да тәуелді емеспіз. Қазіргі таңда отандық қой етімен дастарханымыз 100 пайыз қамтылған. Артылғаны сыртқы нарыққа жол тартады. Демеудің тың тетіктері етті аша тұяқтыларды көбейтіп, шетелдік нарыққа жол тартатын қазақстандық өнімнің үлесін арттыруды көздейді.
«Бұған дейінгі жылдары сыртқы нарыққа шығарылатын қой еті 1 мың тоннаға жетпейтін. 2018 жылы көрсеткіш 3 есе өсіп, 4 мың тоннаға жуықтады. Біздің негізгі мақсатымыз – қой еті бойынша әлемдік экспорттаушылардың үштігіне кіру», – деп межеленген міндеттерге құзырлы министрлік өкілі тоқталды.
Оның айтуынша, қой етін экспорттаушылардың үштігін түйіндеу – сағым емес, бұл – қол жеткізілетін нақты мақсат. Әзірге өткізу нарығын кеңейту нысанаға алынған. Оның нәтижесі де жоқ емес. Ирандықтар қазақтың аша тұяғына көз тігіп отыр. Аталған мемлекеттің өкілдерімен келіссөздер жүргізілді. Қой етін экспорттаудың ветеринарлық талаптары құпталды. Жүйелі жұмыстар арқасында өткен жылы қазақстандық қой еті Иранмен қатар Бахрейн, Өзбекстан елдеріне сатылды.
– Сонымен бірге 2018 жылдың қараша айында алғаш рет аспан асты еліне қой еті экспортталды. Қытайлық тараппен өзара келісім-шарт жасалып, ветеринарлық талаптар сәйкестендірілді. Енді жергілікті өңдеушілерді Қытайға ет экспорттайтын кәсіпорындардың тізіміне енгізу жұмыстары жүргізілуде. 2018 жылдың қараша айында қосымша 5 ет кәсіпорнын инспекциялау жұмыстары жүргізілді», – деп ет экспортындағы ахуалды Еркебұлан Ахметов саралады.
Тексеруден сәтті өткен ет өндіретін отандық шаруа қожалықтары үшін Қытай нарығына жол ашылады. Бірақ өнімнің сыртқа тасымалдануы ішкі нарықтағы бағаға еш әсерін тигізбейді дейді мамандар.
Құс еті: сыртқы нарыққа әлі де тәуелдіміз
Әзірге тек құс еті бойынша өзімізді қарық ете алмай отырмыз. Оның 40 пайызы елімізге сырттан дорбаланады. Атқамінерлер отандық құс еті өндірісіне инвестициялық жобалар тың серпін беретініне үміт артуда. Егер қағаздағы жоспар өмірге жолдама алса, онда үш жыл ішінде импорттың үлесі құлдилауы тиіс.
Құс еті өндірісін 3 есеге ұлғайту көзделіп отыр. Қағаздағы жоспар іске асса, онда көрсеткіш 200 мыңнан 700 мың тоннаға дейін жетеді. Бұл – болашақтың еншісіндегі шаруа. Қазіргі ахуалға тоқталсақ. 2018 жылы еліміз бойынша 191 мың тонна құс еті өндірілген. 2017 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 6% артқан. Саланың дамуына жаңа серпін беретін ауқымды жобалар қолға алынған. Оның бір айғағы – өткен жылы іске қосылған Ақмола облысындағы құс фабрикасы. Бірінші кезекте қуаттылығы 25 мың тоннаны құрап, көрсеткіш біртіндеп 60 мың тоннаға жеткізілмек.
Қыста қияр неге қымбат?
Көптің көкейіндегі сауалдың сырына құзырлы министрлік өкілдері терең үңілді. Әуелі сұраныс пен ұсынысты таразылап көрелік. Бүгінде елімізде жыл сайын жиналатын қияр көлемі 530-540 мың тоннаға тең. Оның 460 мыңы ашық топырақ жағдайында өсірілсе, 70 мың тоннасы жылыжайларда жайқалады. Қазақстандық тұрғындардың көкөністің бұл түріне деген қажеттілігі шамамен 490 мың тоннаны құрайды. Сұраныс өз есебімізден толық өтеледі. Оған Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Ақпар Мәуленов шүбә келтірмейді. Өзін қарапайым тұтынушыға теңеген министрлік өкілі қияр айналасындағы ахуалды және бағаның күрт шарықтауын сараптады. «Тіпті 6,2 тонна қиярды көрші Ресейге экспорттаймыз. Ал импортталатын қиярдың көлемі шамамен 4 мың тоннаны құрайды. Баға көбіне маусымаралық кезеңде көтеріледі. Бұл үрдіс қараша айынан бастап көктемге дейін жалғасады. Себебі ашық топырақта өсірілген өнім сатылып, жылыжайдағы қиярлар нарыққа жол тартады», – деп түсіндірді ол.
Жалпы еліміздегі жылыжайлардың аумағы 1150 га құрайды. Оның ішінде 90 пайызы оңтүстік өңірлерде орналасқан. Күнгейде өсірілетін қиярдың келісі 600 теңгеге сатылады. Ал бүгінде сауда нарығында оның бағасы 1 мың теңгеден түспей тұр. Жылыжайдан сауда сөрелеріне жол тартқан қиярдың құны неліктен 2 есеге жуық қымбаттайды?
– Тауар құнының өсуіне жалпы қызметті не жұмысты құрайтын баға әсер етеді. Электр энергиясының, жылудың қымбаттауы кез келген өнімнің өзіндік құнына әсер ететіні белгілі. Сонымен бірге 1500 шақырымды еңсеріп, қиярды оңтүстік өңірден Астанаға жеткізу қажет. Жаз айларында бұл қиындық туғызбайды. Ал үскірік аязда жүк көліктеріне тиелген қияр үсіп кетуі ықтимал. Сондықтан көкөністің бұл түрін қыста оңтүстіктен тасымалдауға ниет білдіретіндер санаулы. Ал Астанадағы жылыжайларда өсірілетін қияр көлемі жеткізіліксіз болғандықтан, сәйкесінше баға қымбаттайды. Бұл – нарықтың бұлжымайтын заңы. Мәселені шешудің оңтайлы жолы қандай? Біріншіден, көкөніс өсірушілер үшін коммуналдық қызметтердің тарифі төмендетілгені жөн. Екіншіден, жылыжайдың қуаттылығы арттырылса, бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетеді. Бұл бағытта мемлекеттік қолдаудың маңыздылығы зор екендігі даусыз», – деп мәселенің мән- жайын ҚР АШМ Нарықтарды дамыту департаменті директорының орынбасары Шаймерден Ахметов ортаға салды.
Көкөніс бағасының шарықтауына жол бермеудің тағы бір амалы бар. Атқамінерлер көтерме-тарату орталықтарына үлкен үміт артып отыр. Өнімдерді сақтауға мүмкіндік беретін кешендер желісі делдалдардың қитұрқы әрекеттеріне жол бермейді деп күтілуде.
Бүгінде көкөніс өсіруге ден қойғандар мемлекеттік қолдаудан сырт қалмайды. Жылыжайды салуға немесе кеңейтуге 25 пайыз көлемінде инвестициялық субсидия қарастырылған. Сонымен бірге суды жеткізуге, тұқымды, тыңайтқышты сатып алуға беріледі.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 25.02.2019 ж. №3 (197) жарияланды.