Табиғи «тірі» өнімдер сұранысқа ие
«Амиран» белгісі бар өнімдер алматылықтар үшін таңсық емес. Олар қала тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие. Аталған сүт өнімдері көптің көңілінен шыққан. Оны сатып алуға ниет білдіргендердің қатары артты. Сауда сөрелеріде тез арада босап қалады.
Өнімдер ересектермен қатар 6 айдан асқан сәбилерге арналған. Алғашқылары үшін оның 15 түрі ұсынылған. Ал балаларға сүт өнімдерінің 5 түрі қарастырылған. Сүзбе, қаймақ, айран, йогурт, сүт, сүзбе пастасы,түйіршікті ірімшік, ішуге және ботқа дайындауға арналған сүт– оның бір парасы ғана. Сапалы сүт өнімдерінің өндірісін Қазақ тағамтану академиясының«Амиран» зауыты оң жолға қойды. Кәсіпорынның іргетасы 2010 жылы Талғар ауданында қаланған. Зауытта тәулігіне 15 тонна сүт өңделеді. Одан ересектер мен балаларға ар¬нал¬ған дәрумендерге бай, емдік қасиеті бар «тірі» сүт өнімдері дайындалады. Өндіріс барысында сапаға баса назар аударылады. Сәйкесінше табиғи ақты сақтау мерзімі 3-5 күнді құрайды. Бұл оны айлап, жылдап сақталатын өнімдерден ерекше екеніне дәлел.
– «Амиран» – жоғары сапалы тұтас сүттен сәбилердің сүт тағамын дайындап шығаратын Қазақстандағы жалғыз және алғашқы зауыт. Өндірісте қайта қалпына келтірілген сүт қолданылмайды. Ешбір химиялық қоспаларды пайдаланбаймыз. Сауын залынан сүт сол күйінде зауытқа жеткізіледі. Осылайша біз тек «тірі» өнімдер шығарамыз,- деп өндірістің ерекшелігін «Амиран Агро» ЖШС басқарма жетекшісі Жангелді Әбжап¬паров жіпке тізді.
Әзірге «Амиранның» өнімдері тек алматылықтарға қолжетімді. Табиғи өнім тез бұзылатындықтан, оны басқа қалаларға тасымалдау екіталай.
– Біз табиғи сүтті қатты не жұмсақ қағаздарда, тетрапакеттерде нарыққа ұсынбаймыз. Ол шыны бөтелкелерге құйылады. Сақтау мерзімі тек 3-5 күн. Сондықтан біздің өнімді басқа қалаға тасымалдау мүмкіндігі жоқ, – деп түсіндірді ол.
Құнарлы да нәрлі ақты өндіру жолында 100-ден астам адам тер төгеді. Кәдеге жаратылатын құрал-жабдықтар заманауи. «Ақылды» қондырғылардың көмегімен жұмыстың барысы оңтайландырылды және автоматтандырылды. Оның арқасында барлық мәліметті компьютер арқылы бақылауға мүмкіндік бар. Бірінші кезекте таза және сапалы өнімді алуға басымдық берілген. Мәселен, ротациялық қақпалар орнатылған. Олардың бірегейлігі физиологиялық нормасы сәйкес келмейтін, яғни температурасы көтерілген, дене жарақаты бар сиырларды сүт сауу залына автоматты түрде жібермейді. Мұндай белгілері бар ірі қара емдеу аумағына бағытталады.
– Табиғи сүттің жоғары сапасын сақтау үшін 2015 жылдан бастап жаңа технологиялар қолданылады. Сүттің сапасын тексеретін қондырғылар орнатылды. Оның көлемі көбейді ме әлде төмендедіме, майлығы қандай деген секілді көрсеткіштермен қатар құрамындағы ақуыздың мөлшері үнемі назарда. Малдың жалпы күйін, қан айналымын тексеру, селекциялық жұмыстарды жүргізуге де бас қатырудың қажетті жоқ. Арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы қажетті ақпарат кез келген нүктеден қолжетімді. Сиырлардың құлағындағы электрондық есептегіштер арқылы оларда маститтің барын не жоғын мамандар компьютер арқылы анықтайды және бақылайды. Сүт сауылатын орын заманауи,1 мың бас малға арналған. Сиырлар күніне 3 рет сауылады. Оның барысын тек 3 оператор ғана бақылайды. Бізге ұқсас өзге шаруашылықтарда сүт сауу орындарында әлдеқайда көп жұмысшы еңбек етеді, сонымен бірге сүтті саууға көп уақыт жұмсалады, – дейді шаруашылықтың басы-қасындағы Жангелді Әбжаппаров.
Жалпы шаруашылықта 1500 бас ірі қара бар. Оны бағумен және баптаумен бас-аяғы 11 адам ғана айналысады. Оның 3-уі бақташы. Олар ауысым бойынша еңбек етеді. Еңбек өнімділігін арттыру жолында инновацияға ден қойылған.
– Бүгінде бір адам мал дәрігері, екіншісі зоотехник болуы жеткіліксіз. Сауыншының, бақташының жұмысын біліп, алынатын өнімнің сапасын, малдың күйін ажырата білу қажет. Амиран зауытын салуда шетелдік озық тәжірибе зерделенді. Оның іргетасын қалауда Алматыдағы Аграрлық университеттен диплом алған 10 баланың білімін одан әрі жетілдіру үшін Голландия, Германия, Канада секілді елдерге жіберіп, шаруашылыққа маман ретінде қабылдадық. Олар бүгінде бізде еңбек етуде, – дейді шаруашылық өкілі.
Шаруашылықта малға жем-шөп дайындау барысы да оң жолға қойылған. Қажетті дақылдар егіледі. Оның ішінде соя, жүгері, арпа, жоңышқа бар. Жылда 2 мың тонна ірі, 13 мың тонна шырынды, 3 мың тонна құрама жем- шөп дайындалады. Оның құнарлығын арттыруда органикалық тыңайтқыштарды қолдану, дақылдарды дер кезінде себу және суару, оны уақытында жинау аса маңызды. Шаруашылықтың қарамағындағы 2 мың га жер тұздалған аумақ болса да, онда өнімділік 2 есе арттырылған.
– Жем-азықты жеткізуден бастап биологиялық қалдықтарды жинауға дейінгі жұмысты роботталған және автоматтандырылған жүйе атқарады. Бізде биологиялық және жем-шөп қалдықтарынан сиырға арналған төсенішті дайындайтын сүзгіш-кептіргіш қондырғысы бар. Тәулігіне 15-18 текше метрге дейін таза төсеніш алуға мүмкіндік береді. Оның арқасында инфекциялық аурулардың, оның ішінде маститтің ықтималдығын күрт төмендетеді. Ал қайта өңдеуден өткізілген малдың қиын бірден сұйық түрдегі органикалық тыңайтқыш ретінде егіншілікте қолдануға болады. Оның арқасында шаруашылықтағы алқаптардың өнімділігі соңғы жылдары 2 есе артып отыр, – дейді ол.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2017 жылы елімізде жалпы сиыр сүтінің көлемі 5,5 млн тоннаға жуықтаған. Оның бір миллионнан астамы фермерлік шаруашылықтардан алынған. Көш басында жеке аула шаруашылықтары. Бұл малдың басым бөлігі қарапайым тұрғындардың қолында болуымен түсіндіріледі.
Венера Мұстафина