Кондитерлік саладағы жаңа үрдістер қандай?
Бұл сауалға 14 жылдан бері тәттілер өндірісін басқаратын Лейла Сайдашева жауап берді. «ViZaVi Company» ЖШС 2004 жылы бар-жоғы 3 адам тер төксе, бүгінде 170 адам еңбек етеді. Тұтынушылардың сенімін иеленген өнімге сұраныс та көбейген тәрізді. 2016 жылы нарыққа 1486 тонна өнім шығарылса, өткен жылы 1681 тоннаға жеткен. «СҚО үздік азық-түлік тауары» аталымына ие болған серіктестік еңбек өнімділігін арттырып, өнімнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.
– Бизнесте агрессия бар, сондықтан кәсіпкерлік ерлерге тән қасиеттерді талап етеді деген пікір қалыптасқан. Мұнымен келісесіз бе?
– Меніңше, қолға алған кәсібіңнің тасы өрге домалау үшін ерлерге тән қасиет емес, кәсіпкерлік дағдылар бойыңнан табылуы тиіс. Қажетті шешімдерді тез қабылдау, күйзеліске ұшырамау, сабырлық таныту – олардың бір парасы ғана. Бірақ мұның өзі қатып қалған қағида емес. Икемділікке бейім болған абзал. Мәселен, шешім қабылдаған кезде оның 2-3 нұсқасын бағамдайсың. Кез келген уақытта баламалы жолды қарастырған жөн. Шығаратын тауардың даму үрдістерін болжау, тұтынушылардың қажеттілігін және әріптестердің талаптарын алдын- ала сезіне білу, келешектегі басымдықтарды дөп басу керек. Әлбетте, бұл – нағыз кәсіпкерге тән қасиеттер. Олар ерлермен қатар нәзік жандардың бойына дарыса, табысқа жетуге жол ашылады.
Бизнес – әрдайым агрессиялы деп айту әбестік. Оған мейірімділік, әсемдік және ерекше дәмділік де тән. Мұны біз білеміз және көзіміз жетіп отыр. Қазақстандық арулар өз кәсіптерін тек тамақ өнеркәсібінде немесе мейрамхана ісінде ғана дөңгелетіп отырған жоқ. Олар күрделі әрі қиын салаларды да бағындырды: құрылыс, тау-кен, мұнай өңдеу және тағы басқалары. Мен мұндай кәсіпорындардың тізгінін ұстаған нәзік жандармен етене араласамын. Олар үйдегі әрі түздегі шаруаны мінсіз атқарады. Қолға алған кәсіптің табыс кілтін меңгерген арулар – аяулы жар, ана және әже.
– Кондитерлік салада да жаңа үрдістер бар екендігі белгілі. Сіз үшін оларды қаншалықты жетекшілікке алу маңызды?
– Өнімнің дәмділігі мен әдемілігіне әрдайым баса назар аударылатыны хақ. Егер тауар тұтынушылардың көңілінен шығып, сеніміне ие болса, онда сұраныс та төмендемейді. Кез келген адам бірінші кезекте өнімнің сыртқы түріне қарайды. Бірақ бұл ретте оның сапасы да та-лап- қа толық жауап беруі тиіс. Соңғы уақытта өнімді сауда орындарына жеке қаптамада ұсыну үрдісі байқалады. Нарықтың талабы мен заман ағымына ілесу қажет. Тұтынушылардың көбі тоқаштарды өлшеу арқылы сатып алуға құлықты емес. Олар салмағы 200-300 грамм және ішінде кондитерлік өнімнің бірнеше түрі бар қаптаманы таңдайды.
Десек те нарықтағы жаңа үрдістермен қатар қа- лыптасқан дәстүрлер де сақталып отыр. 14 жыл бұрынғыдай біздің қолымыздан шығатын шығыс тәттілері үлкен сұранысқа ие. Бәліштер мен чак-чак – компаниямыздың негізгі өнім түрлері. Оларды тұтынушылар ерекше ықыласпен сатып алады. Сондықтан заманауи үрдістер мен сәнге назар аударған жөн, бірақ мәңгі құндылықтарымызды да жадымыздан шығармауымыз қажет.
– «ViZaVi Company» ЖШС өнімдері несімен ерек? Тәттілерді дайындаудың ерекше әдістері мен сырлары бар ма?
– Сөзіңіздің жаны бар. Бізде барлық өнімдерді дайындаудың өзіндік әдістері мен дәстүрлері қалыптасқан. Әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, барлығы кеспені белгілі өнімдерден дайындайды. Бірақ оның дәмі мен иісі әрбір үйде ерекше болады. Бұл нені білдіреді? Тамақты дайындауға жаныңды салып, салғырттық танытпау керек. Біз де мұны қаперімізге мықтап алып, ұстанымға айналдырдық. Өзіміздің берік ұстанатын қағидамыз бар: «Сүйікті жандарға арналған талай тәтті бастамалар». Тұтынушылар үшін өнімдерді ерекше махаббатпен дайындауға тырысамыз. Шикізаттың сапасына баса назар аударылады. Тәттілерді дайындауға қажеттінің барлығы мұқият түрде таңдалады. Шикізатты қабылдаудан бастап дайын өнімге дейінгі кезең бақылауға және қадағалауға алынған. Өнімнің қауіпсіздігі мен сапасы жіті тексеріледі. Бізге жүктелетін жауапкершілік жүгін сезінеміз және тұтынушылардың сенімінен шығуға талпынамыз.
Біздің өнімнің басты сыры – оларды тұтынатын жандарға деген махаббат.
– Сұраныс еселенсе, шығарылатын өнімнің көлемі мен түрі де көбейген болар?
– Біз нарыққа өнімнің 80-нен астам түрін ұсынамыз.
Олар әртүрлі қамырдан дайындалады: үгілмелі, қатпарлы, қайнатылған, бисквитті. Оның ішіне жаңғақ, бал, мейіз, қара өрік, шоколад және тағы басқалары салынады. Өндірісте кәдеге жаратылатын шикізаттың 80% отандық.
Біз тұрақты түрде тұтынушыларымызды өнімнің жаңа түрлерімен қуантамыз. Тәттілердің кейбірін дайындаудан бас тартып, оларды басқасына алмастырамыз. Осылайша өнімнің түрлері үнемі жаңартылады.
Бүгінде біздің тәттілеріміз солтүстікқазақстандық тұрғындардың ғана дастарханынан табылмайды. Кондитерлік цехта дайындалған өнімдер еліміздің 9 қаласына жол тартады: Астана, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Өскемен.
– Кез келген тауар өндіруші өнімді өткізудің жаңа нарықтарын табуға мүдделі. Көршілес елдердің нарығын бағындыруда тосқауылдар туындамай ма?
– Жылда шығарылатын өнім көлемі көбейіп келеді. Біз шекаралас облыста орналасқанбыз. Сондықтан тәттілерді көршілес Ресейге экспорттаймыз. Өнімді тасымалдауда ешбір қиындықтар туындамайды. Бірінші кезекте оны Омбы, Қорған және Түмен қалаларына жөнелтеміз. Алдағы уақытта сыртқа сатылатын өнімнің көлемін көбейткіміз келеді. Біздің тәттілердің дәмін татқан адамдардың саны артқанын қалаймыз.
– Арулар тек үйдің шаруасымен айналысып, ас үйде тамақ әзірлеуі тиіс деген қасаң пікір қалыптасқан. Бірақ қазіргі ақиқат кәсіпкерлікке бет бұрған нәзік жандардың саны жыл санап артып келетінін көрсетеді. Сіз Кәсіпкерлер палатасы СҚО іскер әйелдер кеңесінің төрағасы ретінде солтүстікқазақстандық арулардың белсенділігін және кәсіпке деген ынтасын қалай бағалайсыз?
Дәл бастыңыз. Шынын айтқанда, бұл тек теріс қағида. Жыл сайын жеке кәсібін ашқан арулардың қатары қалыңдап келеді. 10-20 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда бүгінде ұсынылған мүмкіндіктер көкжиегі кең. Кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіргендер үшін мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Оларға қаржылық және қаржылық емес көмек көрсетуге бағытталған бағдарламалар бір төбе. Сонымен бірге бизнестің әліппесін үйрететін арнайы оқыту семинарлары өткізіледі. Тіпті сервистік қолдау көрсететін әртүрлі институттар да құрылған. Тек ынта мен ұмтылыс қажет.
Ал адам өз ісімді ашамын деген шешім қабылдаса, кәсіби қолдау алуына мүмкіндіктер көп. Оған қажетті кеңес беріледі, таңдаған кәсібі бойынша толық сүйемелдеу жүргізіледі. Мәселен, бизнестің нақты түріне қойылатын талаптар мен нормалар жайлы жан-жақты түсіндіру қарастырылған. Қаржы қат болса, несиені рәсімдеуге көмектесеміз. Барлық жағдай жасалған. Егер 14 жыл бұрын мен өз кәсібімді бастаған кезде дәл осылай болса, өндіріс жедел қарқынмен дамитын еді. Бірақ ол кезде мұның барлығы жоқ болатын. Сондықтан өзіміз талай табылдырықты аттап, қателіктерге бой алдырып, тек өзімізге ғана сендік…
Бүгінде өңірлік филиалдың құрамында әртүрлі салада кәсіппен айналысатын нәзік жандар бар. Барлығымызды өмірлік белсенді ұстаным және басқа нәзік жандарға қол ұшын созу ниеті біріктіреді. Біз ықылас танытқандарға кеңес береміз және көмектесеміз. Кәсібің өрге домаласа, тапқан табысың ұлғайса, тек бір отбасының ғана әл-ауқаты артпайды. Оның есебінен жаңа жұмыс орындары ашылады, жергілікті бюджетке түсетін кіріс ұлғаяды, мұқтаж жандарға әлеуметтік қолдау көрсету мүмкіндігі пайда болады. Бұл – өмір сүрудің басқа деңгейі. Осылайша кәсіпкерлік мемлекеттің дамуына қолғабыс етеді.
Венера Мұстафина
04.06.2018 ж. мақала