Аяқ алысымыз қалай?
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2022 жылға қарай еңбек өнімділігін және өнім экспортының көлемін 2,5 есеге арттыру діттелген. Белгіленген межеге қол жеткізу үшін салалық бағдарламалар қабылданғаны белгілі.
Ата кәсіппен айналысуға ынталандыру
10 жылда елімізде 80 мың ферма құрылмақ. Қағаздағы жоспар іске асса, ет өндірісі жылына 1 млн тоннаға жетуі тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі айқындалған межені мемлекеттік қолдау арқылы бағындыруға мүдделі. «Сыбаға» бағдарламасы етті мал шаруашылығына жаңа серпін береді деп күтілуде. Ниет білдіргендер үшін жеңілдетілген несие беріледі. Жайылымдық жерді жалға алуға мүмкіндік бар.
Сүтті мал шаруашылығына да қан жүгірту жоспарланып отыр. 2018 жылы жалпы қуаттылығы 6 мың басты құрайтын 25 тауарлы сүт фермасы іске қосылған. Соның ішінде 7-уі өндірістік, 18-і отбасылық сүт фермасы болып табылады. Өткен жылы ұйымдастырылған шаруашылықтарда сүт өндірісінің көлемі 1,5 млн тоннаны құраған. 2017 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7,6 пайызға артық. Енді 10 жыл ішінде ақты өндіру көлемін 1 млн тоннаға жеткізу діттеліп отыр. Бұл бағытта 2027 жылға дейін 527 жаңа отбасылық және 139 өндірістік сүт фермасын ашу жоспарланған.
Бақ шаруашылығының жаңа демі
Атқамінерлер импортты алмастыру мақсатында бақ шаруашылығын дамытуға баса назар аударып отыр. Бұл бағытта салалық бағдарлама қабылданғаны белгілі. Оның аясында 10 жыл ішінде 47 мың гектар аумақта қарқынды бақ өсіру жоспарланып отыр.
Қарқынды бақтар негізінен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында өсіріледі деп күтілуде. 2018 жылғы деректерді тергіштеп көрелік. Ресми мәлімет бойынша 862 гектар қарқынды бақ отырғызылды. Оның 162 гектары Алматы облысында, 200 гектары Жамбыл облысында, 500 гектары Түркістан облысында орналасқан.
Осы бағдарлама шеңберінде инвестициялық субсидиялау, несие мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, тұқым шаруашылығы мен минералды тыңайтқыштарды субсидиялау секілді мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.
Кәсіпкерлікке бет бұрғысы келетін ауыл тұрғындары үшін мүмкіндіктер көкжиегі кең. Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы – оның бір айғағы. Оның шеңберінде ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес-жобаларды іске асыруға несие қарастырылған. Жылдық сыйақы мөлшер- лемесі 6%, мерзімі – 7 жыл.
Өткен жылы аталған бағдарлама аясында 12 569 шағын несие берілген. Оның жалпы құны 44,7 млрд теңгені құрайды. Несиенің басым бөлігі мал шаруашылығын дамыту мақсатында рәсімделген.
Биыл 12 000 шағын несие беру жоспарланған. Оған 44,7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 25.03.2019 ж. №5 (199) жарияланды.