Ауылға бетбұрыс: дамуға деген жаңа көзқарас
Елбасы ауылдың лайықты өмір сүруге және қаржы табуға әлеуеті бар екендігін атап өтті. Егер елдімекендерде кәсіпкерлік өркендесе, әлеуметтік ахуал да жақсаратыны мәлім. Бұл бағытта «Ауыл – ел бесігі» деген арнайы жоба жүзеге асырылмақ. Оған 90 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Бүгінде әлеуметтік жауапкершілікті сөзбен емес, іспен дәлелдеген кәсіпкерлер аз емес.
Әлеуметтік жауапкершілік: сөз емес, нақты іс
Тиімділігі жоғары технологиялар ата кәсіп үшін таңсық емес. Мал шаруашылығына бет бұрған қазақстандықтар еңбек өнімділігін арттыру жолында инновацияға иек артуда. Теріскейдегі маңдай алды «Зенченко и К» командиттік серіктестігі – оның бір айғағы.
Новоникольск – Солтүстік Қазақстан облысынындағы үлгілі ауылдардың бірі. Елдімекендегі ахуал «сен де кеттің, ол да кетті ауылдан» дегенге кереғар. Керісінше, көшіп келуге ниет білдіретіндер аз емес. Оларға тұрғын үй беріліп, жұмыс ұсынылады. Әлеуметтік нысандар да тұрғындар үшін қызмет етеді. Ауылда мектеп, балабақша, саябақ бар. Тіпті жабық мұз корты, спорт кешені ашылған. Онда жаттығу үшін жергілікті тұрғындар ақша жұмсамайды. Кіру – тегін.
Баламалы қуат көздері де ауылдықтар үшін жат емес. «Жасыл» энергияны кәдеге жарату оң жолға қойылған. Елдімекен аумағында 6 жел генераторы орнатылған. Оның есебінен «Зенченко и К» КС қажетті электр қуатымен толық қамтамасыз етіліп отыр.
Бүгінде Қызылжар ауданына қарасты ауылда 1 мыңнан астам шаңырақ түтін түтетеді. Тұрғындар «Зенченко и К» КС еңбек етеді. Серіктестік егіншілікке және мал шаруашылығына мықтап бел буған.
– Ата кәсіпке және егіншілікке бет бұрған жандар демалыс пен мереке демей, тәулік бойы тер төгеді. Сәйкесінше ауыл тұрғындарының еңбегі тиісінше бағалануы тиіс. Бүгінде біздің шаруашылықта еңбек ететін жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына баса назар аударамыз. Новоникольск ауылындағы тұрғын үйлердің 70 пайызы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Әрбір шаңыраққа су тартылған. Көшелерде заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылды. Сауда және спорт орталығы жұмыс істейді, – деп ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне «Зенченко и К» командиттік серіктестігі өндіріс бойынша директоры Иван Зенченко тоқталды.
Өнімділік еселенді
Өткен жылы серіктестіктің бағындырған көрсеткіштері көңілге медеу. 22 мың тонна сүт, бір мың тонна ет өндіріліп, сауда нарығына шығарылды. Бүгінде заман талабына сай салынған зауытта тәулігіне 70 тонна сүт өндіріледі. Оның 50 литрі еліміздің бас қаласы Астанаға жол тартады. Сыртқы нарыққа да жол ашық. Ақтың бір бөлігі көрші Ресейге тасымалданады.
– Ауыл шаруашылығы экономиканың драйверіне айналуы тиіс. Бұл бағытта еліміздің әлеуеті жоғары. Солтүстік Қазақ- стан облысы – ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша көшбасшы. Біздің шаруашылықта жылына орташа алғанда бір сиыр 8,5 мың литр сүт береді. Бұл мал шаруашылығы бойынша әлемдегі ең үздік 5 мемлекеттің көрсеткішімен пара- пар. Оның ішінде Израиль, АҚШ, Греция, Жапония, Швеция бар. Бірақ қол жеткен жетістігімізді тоқмейілсімейміз. Өңір бойынша біздің 6 сүт кешеніміз бар. Онда жалпы 9 мыңнан астам ірі қара бар, – дейді серіктестік өкілі.
Цифрландырылған ата кәсіп
2018 жылы серіктестік құлашын кеңге жайды. Рублевка ауылында сүт фермасы іске қосылды. Оның құрылысына 1 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. 600 бас асыл тұқымды ірі қара Бавариядан жеткізілген.
– Рублевка деген ауылда жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтумен қатар мәдениет үйін және ток шаруашылығын қайта қалпына келтірдік. Бүгінде біздің ауылдың және қаланың тұрғындары арасында айырмашылық жоқ десем еш қателеспеймін. Себебі жас мамандар ауылда қалып, нәпақаларын тауып отыр. Оларға үй беріледі, – деп қолға алынған шаруаларды Иван Зенченко жіпке тізді.
Рублевка облыс орталығынан 80 шақырым жерде орналасқан. Бір кездері ауылдағы өмір ата кәсіппен біте қайнасқан. Бірақ мұның барлығы құрдымға кетіп, мал базаларынан тек қаңыраған қабырғалар қалған. Енді тынысы тарылған ауылдың ажары ашыла түскені қуантады. Тұрақты жұмыс орындары, қайта қалпына келтірілген әлеуметтік нысандар. Оның арқасында жастардың елдімекенде еңбек етуге құлшынысы артады. Жұмысы толық автоматтандырылған жаңа ферма ауылды серпілтіп, жергілікті халықтың тұрмысын жақсартуға септігін тигізбек.
Өңдеу кешендері шикізаттан тарықпауы тиіс
Астықты өлкеде мал шаруашылығының бет алысы оң. 2018 жылы өңірде 2200 бас малға арналған 4 сүт-тауарлы кешен қолданысқа тапсырылған. Олардың жұмысы цифрлық жүйеге негізделген. Жаңа технологиялар арқасында өнімділікті арттыру, жұмыстың барысын автоматтандыру көзделіп отыр. Енді биылғы жылдың еншісіндегі шаруа – 1700 бас сиырға арналған 3 тауарлы-сүт фермасын салу. Оған 4,5 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ.
Өндірілген өнім көлемі 146,1 млрд теңгені құраған. Өңір басшысының есебіне көз жүгіртсек, ет өндірісі 93,9 мың тоннаға, сүт 555 мың тоннаға ұлғайды. Оны сауда нарығына тек шикізат түрінде ғана ұсынбау қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу әрі дайын өнім шығару да оң жолға қойылуы тиіс. Өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы 82 өңдеу кәсіпорны 110 млрд теңгенің өнімдерін шығарды. Оның 36% сүттің, 28% астықтың, 14% нан- тоқаш және ұн өнімдерінің, 5% ет өңдеудің, 7% май өндірісінің еншісіне тиесілі. Өңір тізгінін ұстанған Құмар Ақсақаловтың сөзіне сүйенсек, 2018 жылы 56 мың тонна ет өндіріген. Оның 15% қайта өңдеуге жол тартқан. Бұл көрсеткіш мәз емес. Енді етті қайта өңдеуден өткізу жұмыстарын қамшылау көзделіп отыр. Жалпы аймақтағы ет өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығы әзірге толық кәдеге жаратылмай отыр. Бар гәп шикізат тапшылығына тірелетін көрінеді. Мәселені шешу жолдары қарастырылуда. Мәселен, өткен жылы «Тайынша Астық» серіктестігінде 3 мың басқа арналған бордақылау алаңы қолданысқа тапсырылды. Ал «ЕМС-Агро» ЖШС шошқа кешенінің жұмысын қайта жандандырған. Оның жылдық қуаттылығы 5 мың тоннаны құрайды деп жоспарланған. 2 мыңнан астам мал Германиядан және Ресейден жеткізілген. Бүгінде оларды жерсіндіру және көбейту жұмыстары қолға алынып отыр.
– Қытай нарығын көздеген Тайынша ет комбинаты жаңғыртылды. Бұл бағытта 2018 жылы 700 млн теңге, биыл 1,3 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылмақ. Үстіміздегі жылы үш мал бордақылау алаңын салу жоспарланған. Мұндай кәсіпорындар өңіріміздің әр ауданында болуы тиіс деп есептеймін. Бұл жобаның шеңберінде бес жүзден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік аламыз. Облысымызда жүргізіліп жатқан осындай жұмыстардың нәтижесінде сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен 90 пайызға, ал етпен 50 пайызға дейін қамтамасыз ету мүмкіндігі туады, – деп алдағы міндеттерді өңір басшысы жіпке тізді.
2017 жылмен салыстырғанда өңір бойынша ауылшаруашылық өнімдердің экспорты 15 пайызға ұлғайған. Көрсеткіш 652 мың тоннаға тең. Оның 17 мыңнан астам тоннасы сүт өнімдеріне тиесілі. 2263 тонна тағамдық жұмыртқа сыртқы нарыққа жол тартты. Дәнді дақылдар тұқымының экспорты 39% артып, 120 мың тоннаға жуықтаған.
Венера Мұстафина
Мақала «АгроИнфо» газетінің 11.03.2019 ж. №4 (198) жарияланды.