Заманауи мал шаруашылығы: артықшылығы неде?
Заңгер әрі экономист Алмас Әбдрахманов күнделікті ақ жейдесін жұмыс киіміне ауыстырды. Астанада құрылыс саласында еңбек еткен 33 жастағы жігіт бүгінде мал шаруашылымен айналысуда. Әкесінің ісін жалғаған ол 3 жылдан бері ауылда тұрады.
Бастапқыда жаңа кәсіпке бой үйрету оңайға соқпады. Бірақ Алмас қиындықтарға мойымай, барлығына төтеп берген. Бүгінде оның шаруашылығы аяғына нық тұрды. Қарағандылық тұрғын бие саууды да үйреніп алған. Енді талапты жігіт мал шаруашылығын заманауи құралдардың көмегімен дамытуға білек сыбанды.

– 30 жылға уақыт бойы қалада тұрдыңыз. Бірнеше жыл елордада еңбек еттіңіз.Үлкен қаладан елді мекенге қоныс аударғаныңызға өкінбейсіз бе?
– «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деп тектен-текке айтылмайды. Егер алдыңа қойған мақсатқа жетуге талпынсаң, оның нәтижесі ұзақ күттірмейтіні анық. Кез келген істің өзіндік қиындығы бар. Мал шаруашылығы да оңай кәсіп емес. Менің әкем 1986 жылдан бері ата кәсіппен айналысып, күнделікті нәпақасын тапты. Оның денсаулығы сыр бергендіктен, өз ісін жалғастыратын балаларына үміт артты. Мен әкемнің сөзін жерде қалдырмай, Қарағанды қаласынан ауылға қоныс аударуды ұйғардым. Бірақ достарым менің шешімімді құптамады. Олар мал шаруашылығының пайдасы жоқ, қаладан ауылға көшу дұрыс емес деп өз пікірлерін жеткізуге асықты. Дегенмен мен өз айтқанымнан бас тартпадым. Бала кезімде төрт түліктің басы-қасында жүргеніммен, оларды өсірудің өзіндік ерекшеліктері бар екендігі белгілі. Бастапқыда ауылдағы тірлікке бой үйрету, мал шаруашылығын қолға алу оңайға соқпады. Қолдағы ірі қараның санын сақтауда да қиындықтар туындады. Бірақ мұның барлығына мойымай, төтеп бердім. Бірден табысқа жету немесе пайдаға кенелу – екіталай. Оны үйдің кірпіші секілді қалап, іргетасын қалау қажет. шыдамдық танытпасаң, қалт басуың ықтимал.
– Ұттыңыз ба әлде ұтылдыңыз ба?
– 3 жыл Астанада тұрдым. Ірі құрылыс компаниясында еңбек еттім. Қаладағы нысандарды салуға өз үлесімізді қостық. Жұмыс – маусымдық. Құрылысшылар көбіне жазда еңбек етіп, қыста демалады. Себебі тапсырыс болмайды. Мал шаруашылығы да оған пара-пар. Жаз бойы сүт пен майды өткізумен әлектеніп, шегірткедей тер төгесің. Ал қалың қар түскен кезде жұмыс саябырсиды. Орташа алғанда айына 250 мың теңге кіріс түседі. Бұл – қалада алған жалақы көлемімен бірдей. Сондықтан ұтылған жоқпын. Керісінше, ұтқан тұстарым көп. 3 жылдың ішінде мал шаруашылығының тиімді екендігіне көзім жетті. Мен бастаған кез келген істі соңына дейін жеткізбей тынбаймын.
– Еңбек өнімділігін арттырудың бір жолы- заманауи құрал-жабдықтарды кәдеге жарату. Мұны мал шаруашылығына бет бұрған жандар да қаперге алып отыр.
– Сөзіңіздің жаны бар. Ата кәсіпті өркендету заман ағымына сай жаңашылдықты талап етеді. Бұрынғы әдіс-тәсілдермен ғана шектелуге болмайды. Өз басым заманауи мал шаруашылығының қанатын кеңге жайғым келеді. Бұл – құрғақ сөз емес, нақты істің жемісі. Жаз айларында, әсіресе шыбын-шіркей қаптаған кезде үйірді бастайтын жылқыға GPS қондырғысын орнатамын. Үйден шықпай-ақ, смартфон арқылы олардың алған бағытын, қай жерде екендігін бақылаймын. Егер шалғайға ұзап кетсе, онда қайырып аламын. Спутниктік бақылаудың артықшылығын сезіндім. Жылқының тұяғы тиген жерлер анық көрсетіледі әрі sms-хабарлама келіп тұрады. Әлбетте, GPS-терді қолдану тегін емес. Оған айына 5300 теңге төлеймін. Қыс кезінде жылқы осы төңіректен алысқа ұзамайтындықтан, GPS қондырғысын қолданбаймын.

– Шаруашылық қайда орналасқан? Мал басы қаншаға жетті?
– Біздің шаруашылық Қарағанды облысындағы бұрынғы «Насосный» деген стансасында орналасқан. Кеңестік кезеңде әкемді осы жерге басшы ретінде жіберген. Кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік нысандар сатыла бастады. Біз стансадағы нысанды сатып алып, осы жерде қалдық. Кейін әкем мал шаруашылығымен айналыса бастады. Бүгінде үйірде 70 жылқы бар. Ал табындағы ірі қараның саны 80-ге жетіп отыр. Келешекте ірі қараның санын азайтып, жылқы шаруашылығына ден қоюды көздеп отырмын. Бұл бағыттағы алғашқы қадам – қосымша 30 байтал сатып алу. Оның біреуі шамамен 260-270 мың теңге тұрады. Құны қалтаға салмақ салатындықтан, мемлекеттік қолдауға иек артуды ұйғардым. Мал басын көбейтуге арналған «Игілік» бағдарламасы назарыма ілікті. Оған сәйкес несие 6% жылдық үстемеақымен беріледі.Бүгінде оған қатысуға өтінім жолдадым. Алдағы уақытта қаржыландыру көзіне ие боламын деген үмітім бар.
– Мал басын көбейтуге ден қойылғандықтан, кіріске сүтті тапсыру ар- қылы келенелетін боларсыз.
– Дөп бастыңыз. 20-ға жуық сиырды аппаратпен сауамыз. Жазда күнде 120- 150 литр сүтті «Нәтиже» сүт фабрикасына тапсырамыз. Олармен шарт жасасып, бірлескен жұмысты оң жолға қойдық. Сүттің сапасына зауыттың өзіндік талабы бар. Егер оған сәйкес келмесе, онда ақ қабылданбайды. Өткен жылы біздің сүттің майлығы төмен болды. Сондықтан тек қаймақ күйінде ғана өткіздік. Алынатын ақтың сапасын жақсарту үшін табындағы кәрі сиырларды сатып, сауу құрылғысын ретке келтірдік. Қойылған талаптың үдесінен шығу – біз үшін аса маңызды. Өз ісімізге асқан жауапкершілікпен қараймыз. Адал еңбек етсең, оның берекесіне кенелесің.
– Неліктен бие саууды үйренуді ұйғардыңыз?
Жылқы өте таза және сезімтал келеді. Олар өзінен қорыққан адамды бірден аңғарады әрі көңіл-күйін сезеді. Биелерді үркітіп алмау қажет. Оларды өзім байлаймын және сауамын. Бастапқыда қиынға соқты. Қол ұйып қалатын-ды. Себебі салмақ қолдың бұлшық еттеріне түседі. Бүгінде оған бойым үйренді. Биені сауу шапшаңдықты қажет етеді. Себебі сүті ағып кетуі ықтимал. Бір биені саууға 1-2 минут уақыт жұмсалады. Әзірге 8 бие сауамын. Күніне 25-30 литр қымыз дайындалады. Емдік қасиеті бар жылқының сүтіне сұраныс үлкен. Оны сатып алатын тұрақты клиенттеріміз бар. Қарағанды қаласындағы 2-3 мейрамханада біздің қымыз ұсынылады.
Алдағы уақытта еңбек өнімділігін жақсартуды діттеп отырмын. Бұл үшін биелер арнайы аппараттардың көмегімен сауылады. Оның артықшылықтары бар екендігі даусыз: біріншісі – жылдамдығы, екіншісі – қолмен сауғаннан гөрі 10-15 пайыз көбірек сүт алынады. Оны сатып алып, қамданып қойдым. Құны – 260 мың теңге.

– Сіздің заңгерлік біліміңіз бар екен. Бұл құжаттарды толтыруда айтарлықтай көмектесетін болар?
– Менің қос жоғары білімім бар: экономист және заңгер. Бүгінде біліп-түйгенім күнделікті кәсібімді дөңгелетуге септігін тигізіп отыр. Құжаттарды рәсімдеу, шығын мен кірістің есеп-қисабын жасау еш қиындық тудырмайды. Басқа ауыл тұрғындарына да заңгерлік сұрақтар бойынша көмектесуден бас тартпаймын.
Десек те үнемі білімді жетілдіріп, өзіңді дамыту қажет. 2017 жылы «Бастау бизнес» жобасына қатыстым. Дәрістерде кәсіпкерлік пен маркетингтің негіздерін түртіп алдым. Оның қорытындысы бойынша жазған бизнес-жоспарымды сәтті қорғап шықтым. Енді биыл маған жеңілдетілген несие берілмек. Көлемі – 4 миллион теңге. Қаржыны жылқы сатып алуға жұмсаймын.
– Барлық шаруаны бір өзіңіз реттейсіз бе әлде қосымша адамдарды жұмысқа қабылдадыңыз ба?
– 3 адамды жұмысқа қабылдадым. Әрқайсысына ай сайын 40 мың теңге көлемінде жалақы төлеймін. Олар ірі қараны бағады және табындағы малдың күйіне жіті мән береді.
Менің жоспарларым бір төбе. Бір орында тапжылмай отыру – мен үшін жат. Мал шаруашылығымен шектелмей, құс өсіруді де қолға алуды шештім.
– Межелеген мақсат-мұраттарға қол жеткізуіңізге тілектеспін. Риясыз әңгімеңізге рахмет.
Венера Мұстафина
27.08.2018 ж. мақала