Ветеринарлық бақылау: тиімділікті арттырудың жолы қандай?
Ол үшін заманауи технологиялар кәдеге жаратылып, алдын алу жұмыстарын күшейту діттелген. «Электрондық ветеринарлық анықтама» жобасы, «фермадан үстелге дейін»қағидасы – оның бір парасы.
Электрондық ветеринарлық анықтамалар сыннан өткізілмек
Заманауи технологиялар ауыл шаруашылығын да айналып өтпейді. Сауда сөрелеріне қауіпті әрі сапасыз өнімнің жайғасуына, жалған ветеринарлық құжаттардың рәсімделуіне жол бермеу аса маңызды. Бақылаудың тиімділігін арттыру үшін құзырлы ведомство қанатқақты жобаны қолға алуды ұйғарған. Әзірге «Электрондық ветеринарлық анықтама» тек Астана қаласында беріледі. Елорданың 3 ірі базары нысанаға алынады. Өнімнің қауіпсіздігін растайтын электрондық құжат «Еуразия», «Әлем» және «Шапағат» үшін жарамды. Егер еттің электрондық үлгідегі құжаты болмаса, онда аталмыш сауда орындарына жол жабылады.
– Бізде бірыңғай автоматтандырылған жүйе және ауылшаруашылық малды сәйкестендіру жүйесі бар. Ветеринарлық анықтаманы аккредитациядан және аттестациядан өткен және оған құқығы бар мамандар береді. Олар өздерінің логиндері арқылы электрондық жүйеге кіріп, анықтаманы электрондық үлгіде толтырады. Оның нөмірін жүйенің өзі анықтайды. Егер ет нарығына жеткізіліп, электрондық жүйеде анықтамасы болмаса, оны сауда сөрелерінде сатуға жол берілмейді, – деп жобаның ерекшелігін Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Тұрсын Қабдолданов түсіндірді.
Ауыл шаруашылық малды сәйкестендіру жүйесі тексеруші органдар үшін де қолжетімді. Ет өнімдері тасымалданса, оған берілген ветеринарлық анықтаманың заңдылығын ІІМ қызметкерлері электронды түрде көре алады.
– ІІМ органдарына арнайы логин бердік. Олар жүйеге кіріп, берілген анықтаманың заңдылығын көре алады. Егер жоба өзін ақтаса, онда өнім жеткізілетін жерде интернетке шығу мүмкіндігі болуы тиіс. Базарларда интернет бар. Құқығы болса, кез келген ветеринарлық дәрігер жүйеге кіреді және анықтаманы электрондық үлгіде рәсімдейді, – деп атап өтті ол.
Жауапты мамандар электрондық ветеринарлық сертификаттаудың барысын зерделеуге мықтап кіріскен. Биылғы сәуірдің бірінен жаңа жүйе Алматы және Қарағанды облысында қолданысқа енгізіл- мек. Жобаның нәтижесі сезілетініне атқамінерлер дәмелі. Біріншіден, қағаз жүзіндегі «жалған» бланкілердің қолданылуына жол берілмейді. Екіншіден, бір малға анықтаманың бірнеше рет берілуін жоққа шығару көзделіп отыр. Үшіншіден, өнімнің алынуынан бастап оның сауда сөресіне жеткізілуіне дейінгі жолды бақылауға жол ашылмақ.
Екпелердің сапасына назар аударылады
«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, мал ауруларының зардаптарымен күрескеннен гөрі оның алдын алған абзал. Биыл ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында елбойынша 74 миллион диагностикалық зерттеу жүргізілмек. 142 миллион ветеринарлық егу шарасы жоспарланған. Сібір жарасына қарсы екпелер қарастырылған. Олар орталықтандырылған түрде сатып алынады. Бұл ретте екпелерді сақтау талаптарына баса назар аударылады. Олардың сапасын құзырлы ведомство өкілдері тәуелсіз халықаралық зертханаларда тексеретін көреді.
– Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы аусыл індетінен таза аумақ ретінде Халықаралық эпизоотикалық бюроның сертификатына ие. Тоғыз аумақ – аусылдан таза, вакцина егілмейтін аумақ. Шығыс Қазақстандағы және Оңтүстік өңір- лердегі – Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстарындағы аусылға бейім барлық мал 100 пайыз егіледі. Сонымен бірге ірі-қараның арасында туберкулезге тексеру толығымен жүргізіледі, – деп атап өтті ол.
Бүгінде бірінші жартыжылдыққа қа- растырылған 99 миллион дәрі барлық облыстарға үлестірілген. Мамандардың байламынша, бұл қажеттілікті толық қамтамасыз етеді.
Бруцеллезге қарсы қам-қарекет қандай?
Бруцеллезді дер кезінде анықтау үшін қолдағы малды тексеру шаралары жылда жүргізіледі. Биыл қан алу жұмыстары 1-ші наурыздан қолға алынған. Жалпы сауын сиырлар екі рет – күзде және көктемде, ал аталық ірі қара әр тоқсан сайын 4 мәрте тексеріледі. Малдан қан алу кезінде тек бірреттік ине мен шприц ғана қолданылады.
– 18 облыстық, 189 аудандық зертханалар бар. Жылына 7 миллиондай мал тексереміз, 24 миллион қойдың қанын тексереміз. Соның ішінен жылына 20-21 мыңдай мал бруцеллезге ұшырайды. Бруцеллездің диагностикасы бірнеше сатыда жүргізіледі. Сынама оң нәтиже берсе, ол қайта тексеруге жіберіледі. Ал бруцеллезге шалдыққан мал санитарлық союға жіберіледі. Оның 30 пайыз құнын жергілікті атқарушы билік, ал қалған 70 пайызын өңдеуге алған мекеме төлейді, – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі.
Созылмалы індеттің таралу жолдары әрқилы. Бұл ретте Тұрсын Қабдолданов малды бағу мен өсіру талаптары мен тәртіптерін сақтауға шақырады.
Басты қауіпсіздік қағидасы – «Фермадан үстелге дейін»
Дастарханға жол тартатын өнімдердің сапасына баса назар аудару қажет. Мұны еліміздің аграрлық ведомствосы мықтап қаперге алған. Талап үдесінен шықпайтын және техникалық регламентке сәйкес келмейтін азық-түлік сауда сөрелерінен орын алмауы тиіс. Бұл бағытта сапасыз әрі адам денсаулығына қауіп төндіретін өнімдерге бақылауды күшейту қажет. «Фермадан үстелге дейін» қағидасын жетекшілікке алған Ауыл шаруашылығы министрлігі осылайша тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және ветеринарлық бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттыруды көздеп отыр. Бірақ әзірге құзырлы ведомство қос мәселенің соңғысын ғана мойнына алады. Алғашқысына Денсаулық сақтау министрлігі жауапты.
– Ветеринарлық қауіпсіздік пен тамақ қауіпсіздігі бір-бірімен тығыз байланысты. Төл алынғаннан кейін төлдің құлағына салынған сырға, малды егу шаралары, тексеру жұмыстары және тасымалдануы, өсірілуі Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырында болса, өнім алынғаннан кейінгі мәселе Денсаулық сақтау министрлігінің құзырында. Сондықтан оны бір ғана мекеменің құзырына беру қарастырылуда. Өйткені өндірілген өнім тасымалданған кезде кемшіліктер шығатын болса, оның шыққан тегін білу құзыреті Денсаулық сақтау министрлігінде емес, Ауыл шаруашылығы министрлігінде. Барлық атқарылатын жұмыс бір ғана ведомствоның, яғни Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзырында болғаны жөн деп санаймыз, – деп мәселенің мән-жайына Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Тұрсын Қабдолданов кеңінен тоқталды.
Ол үшін заманауи технологиялар кәдеге жаратылып, алдын алу жұмыстарын күшейту діттелген. «Электрондық ветеринарлық анықтама» жобасы, «фермадан үстелге дейін» қағидасы – оның бір парасы.
Венера Мұстафина
19.03.2018 ж. мақала