•  

    Рубрика: Бизнес | Животноводство |  Просмотры - 4 480

    Талпыныс тынысы қалай?

    2018 жылы ет экспорты бойынша ілгерілеу байқалған. Қазақстандық өнімдер жаңа нарықтарды бағындырды.

    Иллюстративное фото: из открытых источников

    Иллюстративное фото: из открытых источников

    Мал баққанға бітеді

    2018 жылы етті және сүтті ірі қара мал шаруашылығын, құс шаруашылығын дамытуға бағытталған ұзақ мерзім­ді салалық бағдарламалар күшіне енді. Діттелген межені бағындыру жолында «Сыбаға» және «Алтын асық» бағдарла­малары жаңартылып, қайта өмірге жол­дама алған. Жеңілдетілген несиенің жыл­дық мөлшерлемесі – 4%. Мерзімі – 15 жыл. Мемлекеттік қолдаудың бұл түріне шаруа қожалықтары иелерінің қызығу­шылығы да жоқ емес. Ресми деректерді тергіштеп көрелік. Бүгінде Қазақстанда 20 мыңға жуық шаруашылық етті бағыт­тағы мал шаруашылығына бет бұрған. Өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында 600-ден астам шаруашылық қар­жыландырылды. Оларға ірі қара малдың аналық басын сатып алуға жеңілдетіл­ген несие үлестірілген. Оның арқасында фермерлер 56 мың бас ірі қараны еншіле­уі тиіс. ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнім­дерін өндіру және қайта өңдеу департа­ментінің директоры Еркебұлан Ахметов­тің сөзіне сүйенсек, елімізге алыс және таяу шет мемлекеттерден 20 мыңға жуық асыл тұқымды ірі қара жеткізілді. Оның аясында қолдағы ірі қараның генети­калық әлеуетін жақсарту көзделген. Асыл тұқымды мал жерсіндіріліп, одан төл алынуда. Бүгінде оның саны бірнеше есе көбейген. Еліміз бойынша етті асыл тұқымды ірі қараның үлесі 20 пайызға жуықтаған көрінеді.

    «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» демекші, бүгінде Шопан ата төлін көбейтуге де бетбұрыс бар. Қой шаруашылығының аяқ алысы көңілге медеу. Есепке көз тіксек, 2018 жылы 170 мыңға жуық аналық қой сатып алынған. Жеңілдетілген несие 468 шаруашылыққа берілді. Оның жалпы құны 5 млрд теңге­ні құраған.

    Әлбетте, қазақтың жері шұрайлы, табиғи жағдайы қолайлы. Қой шару­ашылығын еліміздің барлық облыстарын­да мықтап қолға алуға мүмкіндік бар. Атқамінерлер етті мал шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасында аша тұяқтыларды көбейтуге басымдық беріп отыр. Оған сәйкес қойдың санын 30-40 пайызға ұлғайту жоспарланған.

    - Негізінен еліміздегі шаруа қожалық- тарындағы отардың өсімі жылына орта­ша алғанда 12 пайызды құрайды. Асыл тұқымды қойларды өсіруден де кенде емеспіз. Бұл бағытта да фермерлердің қызығушылығы бар екендігі байқалады, – деп жіпке тізді Еркебұлан Ахметов.

    Ет экспорты: асығымыз алшысынан түсті ме?

    Еттен таршылық көрмейміз. Жыл санап елімізде мал шаруашылығы қанатын кең­ге жаюда. Бүгінде экспорттық әлеуеті­міз бен қарқынымыз арта түскен. Қазақ- стандық еттің дәмін өзге мемлекет­тердің тұрғындары татуда. Бұл бағытта атқамінерлер 2018 жылы жоғары көр­сеткіш бағындырылғанын алға тартып отыр. Ресми сандарды сөйлетсек, 30 мың тонна отандық ет және ет өнімде­рі сыртқы нарыққа жол тартты. Оның 20 мыңға жуық тоннасы сиыр етінің еншісін­де. 2017 жылмен салыстырғанда көрсет­кіш 3,6 есе арта түскен. Оның басым бөлі­гі Ресейге, Өзбекстанға жеткізілген. Енді биылғы жылғы көрсеткіш ұлғайтылмақ. Атқамінерлер 30 мың тонна сиыр етін экспорттауды жоспарлап отыр.

    Қой еті бойынша басқаларға қол жай­маймыз. Импортқа да тәуелді емеспіз. Қазіргі таңда отандық қой етімен дастарханымыз 100 пайыз қамтылған. Артылғаны сыртқы нарыққа жол тар­тады. Демеудің тың тетіктері етті аша тұяқтыларды көбейтіп, шетелдік нарыққа жол тартатын қазақстандық өнімнің үле­сін арттыруды көздейді.

    «Бұған дейінгі жылдары сыртқы нарыққа шығарылатын қой еті 1 мың тоннаға жетпейтін. 2018 жылы көрсеткіш 3 есе өсіп, 4 мың тоннаға жуықтады. Біз­дің негізгі мақсатымыз – қой еті бойын­ша әлемдік экспорттаушылардың үшті­гіне кіру», – деп межеленген міндеттерге құзырлы министрлік өкілі тоқталды.

    Фото: freeimages.com

    Фото: freeimages.com

    Оның айтуынша, қой етін экспортта­ушылардың үштігін түйіндеу – сағым емес, бұл – қол жеткізілетін нақты мақ­сат. Әзірге өткізу нарығын кеңейту ныса­наға алынған. Оның нәтижесі де жоқ емес. Ирандықтар қазақтың аша тұяғына көз тігіп отыр. Аталған мемлекеттің өкіл­дерімен келіссөздер жүргізілді. Қой етін экспорттаудың ветеринарлық талаптары құпталды. Жүйелі жұмыстар арқасында өткен жылы қазақстандық қой еті Иран­мен қатар Бахрейн, Өзбекстан елдеріне сатылды.

    - Сонымен бірге 2018 жылдың қараша айында алғаш рет аспан асты еліне қой еті экспортталды. Қытайлық тараппен өзара келісім-шарт жасалып, ветеринар­лық талаптар сәйкестендірілді. Енді жер­гілікті өңдеушілерді Қытайға ет экспорт­тайтын кәсіпорындардың тізіміне енгі­зу жұмыстары жүргізілуде. 2018 жылдың қараша айында қосымша 5 ет кәсіпор­нын инспекциялау жұмыстары жүргізіл­ді», – деп ет экспортындағы ахуалды Ерке­бұлан Ахметов саралады.

    Тексеруден сәтті өткен ет өндіретін отандық шаруа қожалықтары үшін Қытай нарығына жол ашылады. Бірақ өнімнің сыртқа тасымалдануы ішкі нарықтағы бағаға еш әсерін тигізбейді дейді маман­дар.

    Құс еті: сыртқы нарыққа әлі де тәуелдіміз

    Әзірге тек құс еті бойынша өзіміз­ді қарық ете алмай отырмыз. Оның 40 пайызы елімізге сырттан дорбаланады. Атқамінерлер отандық құс еті өндірісі­не инвестициялық жобалар тың серпін беретініне үміт артуда. Егер қағаздағы жоспар өмірге жолдама алса, онда үш жыл ішінде импорттың үлесі құлдилауы тиіс.

    Иллюстративное фото из открытых источников

    Иллюстративное фото из открытых источников

    Құс еті өндірісін 3 есеге ұлғайту көзде­ліп отыр. Қағаздағы жоспар іске асса, онда көрсеткіш 200 мыңнан 700 мың тоннаға дейін жетеді. Бұл – болашақтың еншісіндегі шаруа. Қазіргі ахуалға тоқтал­сақ. 2018 жылы еліміз бойынша 191 мың тонна құс еті өндірілген. 2017 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 6% артқан. Саланың дамуына жаңа серпін беретін ауқымды жобалар қолға алынған. Оның бір айғағы – өткен жылы іске қосылған Ақмола облысындағы құс фабрикасы. Бірінші кезекте қуаттылығы 25 мың тон­наны құрап, көрсеткіш біртіндеп 60 мың тоннаға жеткізілмек.

    Қыста қияр неге қымбат?

    Көптің көкейіндегі сауалдың сыры­на құзырлы министрлік өкілдері терең үңілді. Әуелі сұраныс пен ұсынысты таразылап көрелік. Бүгінде елімізде жыл сайын жиналатын қияр көлемі 530-540 мың тоннаға тең. Оның 460 мыңы ашық топырақ жағдайында өсірілсе, 70 мың тоннасы жылыжайларда жайқалады. Қазақстандық тұрғындардың көкөністің бұл түріне деген қажеттілігі шамамен 490 мың тоннаны құрайды. Сұраныс өз есебі­мізден толық өтеледі. Оған Өсімдік шару­ашылығы өнімдерін өндіру және қай­та өңдеу департаменті директорының орынбасары Ақпар Мәуленов шүбә кел­тірмейді. Өзін қарапайым тұтынушыға теңеген министрлік өкілі қияр айна­ласындағы ахуалды және бағаның күрт шарықтауын сараптады. «Тіпті 6,2 тонна қиярды көрші Ресейге экспорттаймыз. Ал импортталатын қиярдың көлемі шама­мен 4 мың тоннаны құрайды. Баға көбіне маусымаралық кезеңде көтеріледі. Бұл үрдіс қараша айынан бастап көктемге дейін жалғасады. Себебі ашық топырақта өсірілген өнім сатылып, жылыжайдағы қиярлар нарыққа жол тартады», – деп түсіндірді ол.

    Жалпы еліміздегі жылыжайлардың аумағы 1150 га құрайды. Оның ішінде 90 пайызы оңтүстік өңірлерде орналасқан. Күнгейде өсірілетін қиярдың келісі 600 теңгеге сатылады. Ал бүгінде сауда нарығында оның бағасы 1 мың теңгеден түспей тұр. Жылыжайдан сауда сөрелері­не жол тартқан қиярдың құны неліктен 2 есеге жуық қымбаттайды?

    Фото: ©anaterate / pixabay.com

    Фото: ©anaterate / pixabay.com

    - Тауар құнының өсуіне жалпы қызмет­ті не жұмысты құрайтын баға әсер етеді. Электр энергиясының, жылудың қымбат­тауы кез келген өнімнің өзіндік құнына әсер ететіні белгілі. Сонымен бірге 1500 шақырымды еңсеріп, қиярды оңтүстік өңірден Астанаға жеткізу қажет. Жаз айларында бұл қиындық туғызбайды. Ал үскірік аязда жүк көліктеріне тиелген қияр үсіп кетуі ықтимал. Сондықтан көкө­ністің бұл түрін қыста оңтүстіктен тасы­малдауға ниет білдіретіндер санаулы. Ал Астанадағы жылыжайларда өсірілетін қияр көлемі жеткізіліксіз болғандықтан, сәйкесінше баға қымбаттайды. Бұл – нарықтың бұлжымайтын заңы. Мәселені шешудің оңтайлы жолы қандай? Бірінші­ден, көкөніс өсірушілер үшін коммунал­дық қызметтердің тарифі төмендетілге­ні жөн. Екіншіден, жылыжайдың қуат­тылығы арттырылса, бұл өнімнің өзіндік құнын төмендетеді. Бұл бағытта мем­лекеттік қолдаудың маңыздылығы зор екендігі даусыз», – деп мәселенің мән- жайын ҚР АШМ Нарықтарды дамыту департаменті директорының орынба­сары Шаймерден Ахметов ортаға салды.

    Көкөніс бағасының шарықтауына жол бермеудің тағы бір амалы бар. Атқамі­нерлер көтерме-тарату орталықтарына үлкен үміт артып отыр. Өнімдерді сақта­уға мүмкіндік беретін кешендер желі­сі делдалдардың қитұрқы әрекеттеріне жол бермейді деп күтілуде.

    Бүгінде көкөніс өсіруге ден қойғандар мемлекеттік қолдаудан сырт қалмайды. Жылыжайды салуға немесе кеңейтуге 25 пайыз көлемінде инвестициялық субси­дия қарастырылған. Сонымен бірге суды жеткізуге, тұқымды, тыңайтқышты сатып алуға беріледі.

    Венера Мұстафина

    Мақала «АгроИнфо» газетінің 25.02.2019 ж. №3 (197) жарияланды.

    Опубликовано 15.08.2019

    Поделиться материалом

    Добавить комментарий

    Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

    * Скопируйте этот код *

    * Вставьте этот код здесь *

    Можно использовать следующие HTML-теги и атрибуты: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>

    • Архивы

    • Опрос

      Каких специалистов не хватает на вашем сельхозпредприятии?

      Показать результаты

      Loading ... Loading ...
    • Комментарии

    • Калькулятор валют

      Калькулятор валют НБК

    • Погода

      Костанай
      5°
      6°
      Вт
      5°
      Ср
      7°
      Чт
      5°
      Пт
      5°
      Сб
     
  •   Копирование материалов допускается исключительно с письменного разрешения редакции и при условии ссылки (если это печатные издания), гиперссылки (для интернет-изданий) на agroinfo.kz  
     
    Agronationale Яндекс.Метрика
     
     
      Распространяется на территории Республики Казахстан Размещение рекламы 8 (7142) 39-15-12, 54-39-39