Мөлдірлікті арттыруға жасалған қадам ақтала ма?
«Судың да сұрауы бар» демекші, мемлекеттік қолдаудың «шапағатына» талап үдесінен шығатын тауар өндірушілер ғана бөленуі тиіс. Мұны мықтап қаперге алған атқамінерлер мөлдірлікті арттыруды ұйғарған.
Биыл демеуқаржыландыруға дәмелі бордақылау алаңдарының, құс және шошқа шаруашылықтарының құжаттарын зерделеу жүйесі әдеттегіден ерек. Олардың субсидиялау тәртібіне сәйкестігін әуелі арнайы комиссия жіті тексереді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері енген. Комиссия «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аймақтық өкілдіктері негізінде құрылған.
– Өткен жылдардың тәжірибесін саралап, мөлдірлікті арттыру үшін өзгеріс енгізу ұсынылды. Комиссия аймақтық палатаның мамандарынан, елімізде аккредитацияланған қауымдастықтардың өкілдерінен, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің мамандарынан құралған. Олар бордақылау алаңдарының құс пен шоқша шаруашылықтарының демеуқаржыландыру талаптарына сәйкестігін тексереді. Егер аталған үш саладағы тауар өндірушілер жүгінсе, 5 күн ішінде комиссия өкілдері шығып, ұсынылған құжаттардың шындыққа сәйкестігін бағамдайды. Оның арқасында субъективтілікке жол берілмейді. Комиссия қорытынды шығарып, оны тауар өндірушіге табыстайды. Олқылықтар табылса, оның орны толтырылады. Ал құжаттар шаруашылықтың жағдайына сәйкес келсе, онда технологиялық карта жасалып, демеуқаржыландыруға өтінім жолдауға жол ашылады, – деп түсіндірді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Алмат Әубәкіров.
Егер аталған үш бағыт бойынша өнім өндіретін шаруаларда комиссияның оң қорытындысы болмаса, олар демеуқаржыландыруға өтінім тапсыра алмайды. Бүгінде тиісті комиссиялар барлық өңірлерде тер төгеді. Оларға ауылшаруашылық тауар өндірушілер жыл бойы жүгіне алады. Теріскейде де жаңа жүйе бойынша жұмыс жүргізілуде. 13 ауданда арнайы комиссия құрылған. Тек әзірге солтүстікқазақстандық тауар өндірушілер тарапынан асқан белсенділік байқалмайды. 8 шаруашылық демеуқаржыландыру талаптарына сәйкестік бойынша тексерілген.
– Тауар өндірушілер бізге ескертпе хат жолдап, талап бойынша 5 күн ішінде комиссия өкілдері шаруашылыққа бет алады. Оның құрамында 3 адам бар. Бордақылау алаңдары бойынша 2 өтінім қарастырылып, оның біреуі құпталды, ал екіншісі инфрақұрылымның сәйкес келмеуіне байланысты қосымша пысықтауға жіберілді. Құс шаруашылығы бойынша барлық 6 өтінім бойынша оң қорытынды шығарылды. Оның 4-уі жұмыртқа, 2-уі ет бағытында. Ал шошқа шаруашылығы бойынша ешбір тауар өндіруші жүгінген жоқ, – деп қолға алынған жұмыстарды СҚО Кәсіпкерлер палатасы Агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің басшысы Бауыржан Ахметов жіпке тізді.
Бордақылау алаңдарының, құс пен шошқа шаруашылығының технологиялық және өндірістік жағдайы қағаздағы деректерге сәйкес келуі тиіс. «Қыл аяғы іске қосылмаған кәсіпорындарға демеуқаржы үлестірілген жағдайлар да орын алған. Оған енді жаңашыл жүйе жол бермейді. Өтінімдердің шынайлығын құзыретті және білікті мамандар тексереді. Оның қорытындысы және шешім алқалы түрде қабылданады. Егер кәсіпорын демеуқаржыландыру талаптарының біріне сәйкес келмесе, кемші тұстарды жою бойынша ескерту жасалады. Кейін олқылықтардың орнын толтырған тауар өндіруші бізге тағы жүгіне алады», – деп жүйенің ерекшелігін түсіндірді ол.
Венера Мұстафина
03.07.2017 ж. мақала